Accessibility links

Алматыда Қазақстан жастар парламенті құрылды


Ақпанның 18-і күні Алматыда Қазақстан жастар парламентінің алғашқы мәжілісі өтті. Қазақстанның менеджмент, экономика және болжау институтының жанынан құрылып отырған жастар парламенті Қазақстан парламентімен қоян-қолтық жұмыс істеп, елдің заңнамалық жүйесін жетілдіруді алдарына мақсат етіп қойып отыр.


Қазақстан жастар парламентін құрушы Қазақстанның менеджмент, экономика және болжау институтының бір топ студенттері өздеріне бұл жөніндегі ұсынысты ел парламентінде тәжірибеден өту барысында сенат депутаттары білдіргендігін айтады. Ал бұл бастаманы аталған оқу орнының басшылығы қолдаған соң, олар басқа да оқу орындарының студенттерімен біріге отырып, барлығы 800-ге жуық үміткерлер арасында сайлау өткізген.

Сөйтіп екі палатадан тұратын Қазақстан жастар парламентінің мәжілісіне 30 депутат, сенатына 20 депутат сайланған. Сайлау электрондық жүйемен жүргізіліп, оның нәтижелеріне көпшілік сайлаушылар сенімділіктерін білдірді дейді аталған шараны ұйымдастырушылар. Жастар парламентінің бұл қадамына қолдау білдірген Қазақстан парламентінің депутаттары бүгінде өздері талқылап жатқан, қарама-қайшы көзқарастарға тап болған “Жылжитын және жылжымайтын мүліктерді заңдастыру туралы” заң жобасын жас парламентшілердің назарына алғашқы біріккен жоба ретінде ұсыныпты.

Мұндай ел парламенті депутаттарымен тығыз байланыста басталған істерінің жемісті болатындығына Қазақстан жастар парламенті мәжілісінің төрайымы Әсел Мұсабекова сенімді екенін айтады. Ал өздері қазірде алғашқы жұмыстарының бірі ретінде талқылап жатқан “Жылжитын және жылжымайтын мүліктерді заңдастыру туралы” заң жобасына ел парламенті депутаттарының қарсылығы қисынсыз дейді Қазақстан жастар парламенті мәжілісінің депутаты Берік Ерғалиев.

Алайда бұрында дәл осындай бастаманың жүзеге аспай қалуына орай білім және ғылым министрлігі жастар саясаты департаментінің бөлім бастығы Нұрсұлтан Кәрімбаев бұл Қазақстан жастар парламентінің болашағына да күман білдіреді.

Дегенмен Қазақстан жастар парламенті сенатының депутаты Алмагүл Қалымжанова өздерінің ел жастарымен республика парламенті арасындағы дәнекерге айналатындықтарына сенімді екендіктерін айтады.
XS
SM
MD
LG