Accessibility links

Қазақстан президенті халыққа жолдауын оқып жатқанда парламент үйінде жарық сөніп қалды


Ақпанның 18 күні Қазақстан парламенті палаталарының біріккен отырысында ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі жолдауын оқыды. Жеделдетілген экономикалық, әлеуметтік және саяси түрлендіру туралы сөйлеген Назарбаев шикізаттан тыс салаларды дамыту қажеттігін айтты.

Президент Назарбаев өз жолдауында Қазақстан тәуелсіздік алғалы ел экономикасына 30 миллиард доллар шетел инвестициясы тартылғандығы туралы айтып, ұлттық қордағы қаржыны қоса есептегенде Қазақстанның алтын валюта қоры 14 миллиард долларға жеткенін хабарлады.

- Мұның барлығын тізбектеп жатқаным, 10 жыл бұрын бұл жетістіктер болмаған, ал қазір бізге осылай болғандай көрінеді. Мұның барлығы президенттік биліктің үйлесімімен жүргізілген саясаттың арқасы, - деді , деді Қазақстан президенті.

Болашақтағы жоспар ретінде президент шикізаттан тыс салаларды дамыту қажеттігіне тоқталды. Сонымен бірге Назарбаев бұған дейін өзі мәлімдегендей, елде 5-7 кластер қалыптастыру керектігін қайталап, мегахолдингтердің салалық емес активтерін орта және шағын бизнеске беру қажеттігін айтты. Білім беру саласын сөз еткенде Қазақстан президенті елде тек екі жоғары оқу орны халықаралық білім беру стандарттарына жақын деп мәлімдеді. Және бюджеттен берілетін білім беру гранттарының саны биыл 50 пайызға көбейтілетіндігін хабарлады.

Ал баяндамашы елдегі тұрғын үй мәселесіне келгенде президент жолдау оқып жатқан парламент мәжілісі ғимаратында шам сөніп қалды. Тек 40-50 минуттан кейін ғимаратқа қайта жарық берілді. Қазақстан президенті бұл оқысты: "Осы жолғы жолдау ұзақ уақыт бойы жадымызда сақталсын деген ниетпен Алланың жасағаны шығар" деп өзінше жорыды.

Жолдауының екінші бөлігінде Қазақстан президенті Еуропа одағы іспеттес Орта Азия мемлекеттерінің одағын құруды ұсынды.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG