Accessibility links

Иранда зілзаладан көптеген адам қаза болды


Тілшіміз Есфандиярдың хабарлауынша, сейсенбі күні таңертең Иранда болған күші 6,4 баллдық жер сілкінісінен 300-дей адам қаза тауып, мыңдаған адам жараланған.

Зілзала Иранның оңтүстік-шығысындағы Керман уалаятында бірнеше қала-қыстақты қамтыған. Иран ресми орындарының хабарлауынша, кісі шығыны 300 адаммен шектелмеуі мүмкін. Себебі, алыс аймақтағы ауыл, аудандардан жер сілкінісінің зардабы жөніндегі дерек-мәліметтер енді-енді келіп түсе бастаған.

Мысалы, Ирандағы халықаралық Қызыл крест ұйымынан құтқарушылар тобының жетекшісі Бижан Дафтаридің Азаттық радиосының тілшісіне айтуынша, бұл апатың салдары, шығыны аз болмайтын сыңайы бар.

- Жалпы алғанда зілзала аумағы онша үлкен де емес. Дегенмен, ол арада кемінде 25 мыңдай адам тұрады. Міне, солардан зілзала қырғынынан қаза тапқаны қазіргі есеп бойынша 300-ге жақындады. Бірақ, алдағы хабарларда бұл өзгеруі мүмкін, - дейді топ жетекшісі.

Зілзала ерте таңда, жұрттың көбі ұйқыда, не үй ішінде болған кезде, жергілікті уақытпен сағат 5-тен 55 минут өткенде болған. Алдымен ауылдардағы саманнан тұрғызылған ескі үйлер қираған. Ал ресми орындардың хабарына қарағанда, қалалардағы ғимараттар онша көп зардап шекпеген.

Заранд қаласының әкімі Жауад Рашидидің Иран студент жаңалықтар агенттігіне хабарлауынша, ол аймақтың 6 қыстағындағы үйлердің 90 пайызы қираған. Қызыл крест ұйымы осы араға көмекке асыққан.

- Заранд және Керманнан ол апатты аудандарға 40 шақты көмек тобы жөнетілді. Енді ол аймаққа көмек жөнелту мақсатында 3 ұшақты әзірлеудеміз, - дейді ұйым жетекшісі Дафтари.

Дафтаридің айтуынша, мәселенің үлкені - алыс аудандарға жететін жолдардың нашарлығы, лай көшкіні кесірінен жедел жету қиынға соқпақ.

Соңғы сәтте алынған хабарға қарағанда, таңертеңгі алғашқы сілкіністен кейін артынша тағы да, барлық жиыны 15-17 рет жер дүмпуі байқалған.

Иранда осыдан 14 ай бұрын – 2003 жылғы желтоқсанның 26-сы күні болған 6,7 баллдың күшті жер сілкінісінен көне қала - Бам қирап, сол жолғы апаттан 30 мың адам қаза тапқан болатын. Бүгінгі зілзала да сол уалаятқа тура келіп тұр.

Жалпы, мамандардың пікірінше, Иран сейсмикалық аймақ есептеліп, ол елде жер сілкінісі жиі болады. Бірақ соған қарамастан тұрғын үй, ғимараттардың көбі әлі күнге дейін зілзала апатына төтеп бере алатындай етіп салынбай келеді екен.

Енді міне табиғаттың мұндай күтпеген сынына ондай әлсіз ғимараттар шыдай алмай жүздеген адамның өмірі қиылып отыр. Иранға кезінде зілзаладан үлкен зардап шеккен мемлекеттердің бірі Түркия алдымен болып көмек қолын ұсынған, бірақ неге екені белгісіз, Иран ол жәрдемнен бас тартып отыр екен.
XS
SM
MD
LG