Accessibility links

Баспасөзге шолу. 25 ақпан 2005 жыл.


Жұма күнгі басылымдарда Қазақстан президентінің биылғы ел халқына жариялаған дәстүрлі жолдауы талқыға салыныпты.

Оппозициялық газеттер президент жолдауындағы “азаматтардың құқықтық кепілдігін күшейту” туралы айтылған әңгімелердің бәрін де іш жүзінде жүзеге аспайтын қызыл сөз деп бағалапты. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі жолдауындағы Орта Азиядағы мемлекеттердің одағын құру туралы ұсынысы да кейбір басылымдардың баса назар аударған тақырыбына айналыпты.

“Республика” басылымында жарық көрген мақаласында Мұхаметжан Әділов Астанада Қазақстан президенті халыққа арнаған жолдауын оқитындығы белгілі болғанда, саясаттану саласындағы кейбір сарапшылардың мемлекет басшысынан саяси реформаларды жариялайтындығы туралы бастама күткендігін айта келіп, тек Нұрсұлтан Назарбаевты жақсы білетін адамдардың ғана ел басшысынан мұндай қадамды күтпегендігін тілге тиек етіпті. Мақала авторының айтуынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі жолдауының брежневтік тоқырау кезеңіндегі елдегі әлеуметтік-экономикалық жетістікті айтып көлгірситін баяндамалардан еш айырмашылығы жоқ.

Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, мемлекет басшысының айтқысы келген ойын дәл сол қалпында қағазға түсіріп берген, бұл жолдауды жазғандарды кінәлауға болмайды. Сондай-ақ, мақала авторы президент жолдауындағы “азаматтардың құқықтық кепілдігін күшейту” туралы айтылған әңгімелердің бәрін де іш жүзінде жүзеге аспайтын қызыл сөз деп бағалапты. Осы сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы қоғамдық-саяси бірлестіктердің мүшелеріне билік тарапынан әр түрлі қысым көрсету оқиғаларының жиілеп кеткендігін, қазақстандықтардың құқықтарының қорғалмайтындығын айта келіп, мемлекет басшысының жолдауын халыққа емес, өз жақтастарына арнап жасаған жолдауы деп есептеу қажет деген пікір білдіріпті.

“Республика” басылымының қосымшасы ретінде жарық көре бастаған “Сөз” газеті де бұл тақырыпқа айрықша назар аударыпты. Атап айтқанда “Сөз” қосымшасы арқылы президенттің жолдауына байланысты саяси партиялардың басшылары өз ойларын білдіріпті. Ал, “Сөз” қосымшасында жарық көрген Айзек Әзімбаевтың мақаласында мемлекет басшысының Қазақстандағы әлеуметтік жағдай түзеліп келе жатыр деген сөздерінің шындыққа үйлеспейтіндігіне қатысты талдау жасалыныпты. Мақала авторының айтуынша, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауынан кейін Қазақстанда байлардың байыған үстіне байып, кедейлердің онан сайын кедейлене түсетіндігі аңғарылады. Сондай-ақ, мақала авторы мемлекет басшысының Қазақстанда саяси тұтқындар жоқ деген сөздерінің жалған екендігіне өз тұрғысынан дәлелдер келтіріпті.

“Жұма-таймс/Дата недели” апталығына берген сұхбатында Қазақстан коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин президент жолдауын оқитын кезде Астанаға арнайы шақырылғанын, алайда оған бармағандығын тілге тиек етіпті. Оның себебін Серікболсын Әбділдин президент жолдауын оқып шыққаннан кейін, жиналғандардың бәрінің де ду қол шапалақтап, оған ешкімнің де сұрақ қоя алмайтындығымен байланыстырыпты. Әбділдиннің айтуынша, президент жасап жатқан реформалардың қай-қайсысы да халықты әбден титықтатып жіберді. Серікболсын Әбділдиннің пікірінше, мемлекет басшысының зейнетақаны көбейтіп, соғыс және еңбек ардагерлеріне қосымша берем деген төлемі қайыршыға қайыр бергенмен бірдей. Сондай-ақ, Әбділдин елдің әлеуметтік жағдайы әбден ауыр күйге түскенде, он жылдың ішінде өзіне арнап үш резиденция салған Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жаны ашитындығына күмән келтіріпті.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі жолдауындағы Орта Азиядағы мемлекеттердің одағын құру туралы ұсынысы да кейбір басылымдардың баса назар аударған тақырыбына айналыпты. “Жас қазақ” басылымында осы мәселеге қатысты өз ойын білдірген академик Асқар Жұмаділдаев бұл идеяның саяси мәнінің тереңірек екендігін айта келіп, Қазақстанның аймақтық державаға айналу нышаны бар екендігін, бұл идеяны уақытында Мұстафа Шоқайдың да айтқандығына тоқталыпты.

Ал саясаттанушы Әзімбай Ғали “Айқын” басылымына берген сұхбатында Орталық Азия одағын құру идеясын болашаққа жасалған батыл қадам ретінде бағалапты. Дегенмен ол дәл қазіргі жағдайда одақ құру мүмкін емес деп санайды екен. Оның пікірінше, Орталық Азия елдерінің дамуы әр түрлі деңгейде тұрғандықтан одақ құрудың өзіндік қиыншылықтары бар. Әзімбай Ғалидың айтуынша, реформалар жүргізілмей жатқан Өзбекстан сияқты мемлекеттермен одақтасу оңайға соқпайды. Қырғызстандағы жағдай да Қазақстанмен салыстыруға келмейді. “Егер Қырғызстанда төңкеріс болса, қазаққа саясаттың салқыны қатты тиюі мүмкін” дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали.

“Экспресс К” басылымында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Орталық Азия одағын құру туралы идеясы Қазақстанмен көршілес елдердің де қызығушылығын туғызып отырғаны баяндалыпты. Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, 23 ақпан күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовпен және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмоновпен телефон арқылы сөйлескен кезде, осы мәселені де талқылапты. Қазақстан президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан мен Өзбекстан мемлекетінің құқық қорғау орындарының қызметкерлері алдағы уақытта халықаралық терроризм мен діни экстремизмге қарсы күреске байланысты кездесу және келіссөз жүргізуді жоспарлап отыр.
XS
SM
MD
LG