Accessibility links

Алматы тұрғыны бірқатар телеарналарды "тіл заңын бұзды" деп сотқа берді


Алматыда тұратын Кенесары Қаптағаев есімді азамат «Тіл туралы» заңды бұзды деп, республикалық «31-арна», НТК, КТК сияқты бірқатар жеке меншік телеарналарды сотқа беріп отыр.

Арызданушы бұл телеарналар Қазақстанның 1997 жылы қабылданған «Тіл туралы» заңының 18-бабын бұзды, яғни, мемлекеттік тілдегі хабарлардың бұқаралық ақпарат құралдарында беру ережесі сақталмай жатыр дейді. Алматының Бостандық аудандық сотының №1 және №2 соттарына шағымданған кәсіпкер телеарна иелерінің әрқайсысынан 33 миллион 600 мың теңге моральдық-материалдық шығынын өтеп беруін сұрайды. Ал, Азаттық радиосына сұхбат берген «31-ші арна» медиа-холдингінің басшысы Арманжан Байтасов бұл істен мүлдем бейхабар болып шықты.

Сотқа арыз беруші кәсіпкер Кенесары Қаптағаевтың айтуынша, республиканың ауқымды бөлігінде хабарларын таратып отырған «31-арна», «НТК», «КТК» телеарналары Қазақстан республикасы «Тіл туралы» заңының 18-бабын өрескел бұзып отыр. Осыдан 7 жарым жыл бұрын қабылданған ол заңға сәйкес, баспасөз құралдарындағы хабар таратуда мемлекеттік тіл - қазақ тілінде берілетін хабарлардың көлемі өзге тілдерде берілетін бағдарламалардан жиынтық көлемінен кем болмауы тиіс. Осы заңның орындалауын қадағалайтын Қазақстанның мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің БАҚ департаментінің бастығы Қайсар Жанахановтың берген мәліметі бойынша, бұл мәселеден ол құлағдар екен. Дегенмен, қандай да бір телеарналар заңды бұзды деген ақпаратты растай алмаймыз деген уәж айтады шенеунік.

- Мұндай мәлімет бізге келіп түсті. Қазір істің жайын анықтап, телеарналар бойынша, 50/50 ережесі қаншалықты орындалып жатқаны жайлы сараптама жүргізіп жатырмыз, - дейді Қайсар Жанаханов.

Сотқа арызданушы Кенесары Қаптағаев қазақстандық бірқатар телеарналардан мемлекеттік тілдегі хабарлардың ел ұйқыда жатқан бейуақ мезгілде берілуін қазақ тілін кемсітуге балайды. Ол теледидардан берілетін қазақ тілді хабарлардың апталық кестесіне өз бетінше жасаған сараптамасы құзырлы мекеменің дайындаған дерегімен сәйкес боп шықпауы да мүмкін дейді.

Қазақстанның бұрынғы ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлының пікірінше, заңды орындамай отырған телеарналар жалғыз бұлар емес. Заңның орындалу барысы жайлы нақ ақпаратты білу үшін, «Хабар» телеарнасынан бастап, аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарын тегіс тексеру керектігін айтады экс-министр.

- Жыл сайын үкімет қазынасынан 250 миллион теңге бөлінеді. Бұл қаржы қазақ тілді бағдарламалар санын арттыру үшін берілетін қомақты сома. Егер заң бұзылса, хабарлар сол күйі шықпаса, ол ақшаның қайда кеткенін анықтау керек, - дейді Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Қазақстандағы жеке меншік «З1-арна» медиахолдинг басшысы Арманжан Байтасов өз телеарнасының үстінен сотқа шағым беріліп жатқанынан бейхабар болып шықты. Бұл мәселеге байланысты Азаттық радиосына пікір білдірген осы арнаның қазақ тілді хабарлар дайындау бөлімінің жетекшісі Фатима Бегенбаева министрлік тарапынан жүктеген міндеттерді бүкпесіз орындап жатқандарын алға тартты.

- Ол кісі жағдайдың анық-қанығын білмей, қалайша сотқа береді? Бізде қазақша шығатын хабарлар саны жеткілікті, - деді Фатима Бегенбаева.

Кенесары Қаптағаев болса Алматының Бостандық аудандық сотына шағымданғанына 9 күннің жүзі болғанын айтады. Алайда, «НТК», «КТК» телеарналарының басшылары атына түсірген арызды №1 аудандық соты дәйексіз құжат деп тауып, кері қайырып жібергенін айтады.

- «31-арнаға» қатысты істі қарап жатқан сот телефон шалып, наурыздың 4-і күні шағымның қаралу мерзімін дәл айтамын деді. Ал, «НТК» мен «КТК» телеарналарының мәселесін қараған судья Жақыпова "дәйексіз мағлұмат келтірдің" деп хат жазып жіберіпті. Мен керек болса, оның өзін сотқа беремін, - деді Кенесары Қаптағаев.

«31-телеарна» атына түскен шағымды қарап жатқан Бостандық ауданының №2 сотының судьясы Гүлманат Андосовадан істің жай-жапсары жайлы мағлұмат алу үшін хабарласқанымызда өз орында болмай шықты.

Азамат Кенесары Қаптағаевтың талабы - үш телеарнадан ұзын-ырғасы 100 миллион 800 мың теңге өндіріп алу. Ақшаның шығу есеп-қисабын арыз беруші былайша жасап отыр. Соңғы жеті жарым жылда заң дұрыс орындалмай келеді. Яғни, жыл он екі ай ішіндегі 365 күнді 7 жылға еселеп, ақыр соңы үйде көретін 300 АҚШ доллар тұратын телевизор құнына көбейту. Кенесары Қаптағаев ақиқат өз жағында екеніне сенімді. Егер сот істі мұның пайдасына шешіп, ол талап еткен ақшаны телеарналардан өндіріп берсе, Кенесары Қаптағаев ол қаржыға "қазақ тілі мен ұлт мүддесін қорғайтын ұйым құрмақ ойы барын" айтады.
XS
SM
MD
LG