Accessibility links

Мамандар елде шағын және орта бизнесті дамыту үшін салықты азайту керектігін айтады


Қазақстан кәсіпкерлер форумынң мәліметі бойынша, елде шағын және орта бизнеспен шұғылданатын 400 мыңға жуық кәсіпорын бар. Алайда қазірде олардың 100 мыңға жуығының жұмысы жүрмей, кедейлікке ұшыраған. Кәсіпкерлер сауда-саттықтан өзге бизнес түрін дамыту үшін салық мөлшерін азайтуды ұсынады.

Отандық кәсіпкерлердің тың бизнесіне қолдау көрсету үшін қазақстандық банктер үстеме пайызы арзан несиелер берудің жаңа амалдарын жасап жатыр. Қазір Қазақстан банктері беретін қарызына жыл ішінде 11 пайызға жуық үстеме ақы қосып, табыс тауып отыр.

Қазақстан Ұлттық банкінің бұрынғы басшысы Григорий Марченко басқаратын «Халық банкі» кәсіпкерлерге несие берудің әуресі аз жолын жасағандарын жария етті. Алматы қала әкімшілігіне қарайтын шағын бизнес бөлімінің қызметкерлері жасаған сараптама бойынша, қаладағы шағын және орта бизнес өкілдерінің басым бөлігі қазір құрылыс саласы мен күнделікті сауда-саттықты кәсіп етеді.

- Бір жарым миллионға жуық халқы бар Алматы қаласы үшін шағын кәсіппен шұғылданатын 51 мыңнан астам адам бәрібір аз, - дейді кәсіпкерлер қауымдастығының өкілі Виктор Янбаев.

«Қазақстан кәсіпкерлер форумы» ұйымының Алматы өкілдігін басқаратын Тимур Назыханов Қазақстандағы шағын кәсіпорындардың бүгінгі нақ саны 300 мыңға жетті дейді. Құжат бойынша, тіркелгені 400 мың, ал қалған 100 мыңы - түрлі себептермен жабылуға мәжбүр болғандар. Ұйым басшысының айтуынша, шағын кәсіпкерліктің дамуына кедергі болып отырған бірқатар себептер бар. Соның бірі - әр қызмет түріне берілетін рұқсат қағаздардың (лицензия) көптігі екен:

- Құрлыс жүргізуе қажетті лицензиялар көп. Оның сыртында қызметіңді жалғастыру үшін жыл сайын растап отыруға міндеттісің.

Алматы қаласы әкімшілігінің шағын бизнес бөлімінің қызметкері Рашид Аманжолов арыз-шағыммен келетін кәсіпкерлердің саны азаймай отырғандығын мойындайды. Дау-дамайдың көбі кәсіпкердің есеп-қисап құжаттарын тексеруге келетін құзырлы мекемелердің көптігінен туындап отыр дейді маман:

- Шағын және орта бизнес өкілдерін тексеретін қадағалу ұйымдары тым көп. Қазір олардың ұзын ырғасы 57-ге жетті. Оның сыртында заң нормаларын қайта қарау керек.

Қазақстан президентінің экономика жөніндегі кеңесшісі болған банкир Григорий Марченко кәсіпкерлерге салмақ салып отырған басты дүние - салық мөлшерінің көптігі дейді. Мәселен, Батыс Европа елдері мен Ресей салықты арзандату ісін пысықтап жатыр. Сондықтан, салық кодексіндегі кейбір салық төлемдерін азайту мәселесін қарастыратын уақыт туды дейді:

- Біз кәсіпкерлермен жиі әңгімелесеміз. Олар салық көптігіне қынжылады. Қазір ел ішінде салық төлету саясаты жақсы деп айтушылар көп. Өкінішке орай, ол сөздің шикілігі ісімізден көрініп жатыр.

Алматы сауда-өнеркәсіп палатасы бастығының орынбасары Мұхтархан Бияровтың айтуынша, Қазақстанда шағын және орта бизнестің даму барысы көп-көрім. Оған арқау болған себепті былай әңгімелейді:

- Кәсіпкерлердің қызметін тексеруге тиым салынған жылы бизнес өкілдері біраз дәулет жинап үлгерді.

Шағын және орта бизнес өкілдерінің кейбірі, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуды мақсат тұтқан Қазақстан үкіметінің бастамасын асығыстыққа бағалап, мақұлдап отырған жоқ. Олардың айтуынша, бұғанасы қатып үлгермеген кәсіпкерлер үшін шетелдік әріптестерімен бәсекелестікке төтеп беру қиынға соғуы әбден мүмкін.
XS
SM
MD
LG