Accessibility links

Баспасөзге шолу. 2 наурыз 2005 жыл


Сәрсенбі күнгі жарық көрген басылымдарда төтенше жағдайлар жөніндегі Алматы қалалық департаментінің интернет-парақшасында үстіміздегі жылы қалада күшті жер сілкінісінің орын алуы мүмкін екендігі туралы болжам жарияланғаны қала тұрғындарының алаңдаушылығын туғызып отырғандығы баяндалыпты.

“Город” басылымы төтенше жағдайлар жөніндегі Алматы қалалық департаментінің интернет-парақшасында үстіміздегі жылы қалада күшті жер сілкінісінің орын алуы мүмкін екендігі туралы болжам жарияланғаны қала тұрғындарының алаңдаушылығын туғызып отырғандығын хабарлапты.

Мақала авторының айтуынша, мемлекеттік ұйым өзінің ресми бұлақ көзі арқылы осындай мағынадағы ақпарат таратып отырғандықтан, кейбір алматылықтар расында да қалада күшті жер сілкінісі болады деген соңғы кездері жиі айтылып жүрген әңгімелердің жаны бар деген қорытындыға келген. Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, Алматыда күшті жер сілкінісі орын алуы мүмкін деген болжамды, осы салада жұмыс істеген зейнеткер Олег Савельев жасапты. Оның айтуынша, алты балдан жоғары жер сілкінісі оңтүстік астанада Ай мен Жердің арасы тым жақындап қалған мезгілде, яғни, шілденің 21 мен 22-сі немесе тамыздың 19 мен 20 күні орын алуы тиіс.

Олег Алексеевичтің пікірінше оның тәжірибесін кез-келген алматылық жер сілкінісі болатын күні тексеріп көре алады. Оның айтуынша, жер сілкінісіне бес минут уақыт қалған кезде механикалық сағаттар бір немесе екі минутқа қала бастайды екен. Сондай-ақ, Олег Савелев жер сілкінісі болатын кезде адамдардың бас ауруы жиілей түседі деген қорытынды жасапты.

Осыған орай мақала авторы ресми ұйымның интернет-парақшасында жарық көрген мұндай ақпараттың алматылықтардың арасында үрей туғызып жатқандығын айта келіп, төтенше жағдайлар жөніндегі агенттікпен байланысқандығын хабарлапты. Аталмыш агенттіктің қызметкері Сергей Комаров негізі жоқ ақпаратты не себептен жариялағандығын анықтайтындығын мәлімдепті.

“Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасында Сейсмология Институты, Сейсмология зерттеу орталығының басшысы Әбдірахман Күрсекеев Алматы қаласында жер сілкінісі болуы мүмкін бе деген сауалға қатысты түсініктеме беріпті. Оның айтуынша, алдағы жарты жылдың ішінде Алматы қаласында ешқандай күшті жер сілкінісі болмайды. Сондай-ақ ол, егер де жер сілкінісінің орын алатындығы анықталса, барлық алматылықтардың бұл жөнінде алдын-ала құлақтандырылатынын тілге тиек етіпті.

Ал бірқатар басылымдарда дүйсенбі күні Кино үйінде бұған дейін үш рет шақырылып болмай қалған Қазақстан кинематографистер одағының кезектен тыс құрылтайының қалай өткендігі хабарланыпты. “Егемен Қазақстан” газетінің хабарлауынша, айғаймен басталған съезде туған тартыс түн ортасына дейін жалғасқан. Мақала авторының айтуынша, күн тәртібі бойынша тексеру комиссиясының есебі тыңдалып, 2003 жылдың 1 қарашасы мен 2005 жылдың қаңтарына дейінгі жасалынған жұмыстардың қаржылай хаттамаларын тексергенде толып жатқан келеңсіздіктердің беті ашылған.

Газет тілшісінің хабарлауынша, Тимур Арғыншиев одақтың бас бухгалтерінің қолын қойып банктен есеп шот ашқан, Мәскеуден алған одақтың қаржысын басқарма мүшелерінің келісімінсіз басқа мақсаттарға жұмсаған, ешкіммен келіспей қаланың батыс бөлігінен жанар-жағар май бекетін сатып алған. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, сьезд барысында ол бекеттің қожайыны нақты кім екендігі анықталмай қалған. Сонымен қатар осы уақытқа дейін не одақтың басқармасына, не бухгалтериясына бір де бір құжат, не анықтама қағаз көрсетілмеген.

“Айқын” басылымы болса “Бізге қандай киногерлер одағы қажет?” деген сауал қойып, бірқатар сарапшылардың пікірін беріпті. Актер Сәбит Оразбаев, киногерлер одағының әуелден бай, әжептеуір орын екендігін айтып, бәрін таратып, қожыратып жіберілгендігін тілге тиек етіпті. Оның пікірінше ең бастысы Одақ басшысы кино дегенде жарғақ құлағы жастыққа тимейтін, осы саланың бүгіні мен болашағына шынымен жаны күйетін адам болуы тиіс.

Сыншы Әшірбек Сығай Қазақстанның көркем фильмдерінің болашағын ойлайтын Киногерлер одағы керек деп есептейді екен. “Бұрынғыдай “өкімет өлтірмейді, жоғарыдағылар бәрін жасап береді” дейтін өредегі басшылар бүгінде өрге баспайды. Қазір мына нарық заманына ыңғайланған, менеджерлікке жаны жақын, аузын ашып қарап отырған киногерлердің бос жүрмеуін қадағалайтын, қадағалап қана қоймай соларға жол көрсететін, бағыт сілтейтін басшы қажет” дейді сыншы Әшірбек Сығай.

Өнертанушы Құдайберген Болатбаев болса кинодан бизнес жасаймыз деп жүріп, оның өнерлік негізінен айырылып қаламыз ба деген қорқынышын білдіріпті. Құдайберген Болатбаевтың пікірінше өнердің эстетикалық талғамын сақтап, болашаққа қазық қаққандай етіп, мұра қылып қалдыру үшін, кино өнерінің ұлттық нақышын, идеологиясын сақтау қажет.

“Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасында қазақ кино өнерінің негізін қалаған режиссер Шәкен Айманов туралы Людмила Варшавскаяның мақаласы жарық көріпті.
XS
SM
MD
LG