Accessibility links

Атырауда Қазақстанға заңсыз келіп жұмыс істеген 37 түрік азаматы анықталған


Атырау облыстық көші-қон полициясының қызметкерлері Атырау мұнай өңдеу зауытында құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Гате Иншаат» түрік компаниясында істейтін 37 түрік жұмысшысының визаларының мерзімі өтіп кеткендігін анықтап отыр.

Атырау облыстық көші-қон полициясы бастығының орынбасары Айжан Қалимқызының айтуынша, виза тәртібін бұзған түрік жұмысшылары қамауға алынып, сот оларды Қазақстаннан шығару туралы шешім шығарған. Аталған заң бұзу оқиғасы ақпанның 22-сі күні «Гате Иншаат» компаниясында қазақ және түрік жұмысшыларының арасында болған төбелестің себеп-салдарын тергеу барысында әшкереленген.

Атырау мұнай өңдеу зауытында құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Гате Иншаат» түрік компаниясының шетелдік жұмысшыларының құжаттарын тексеру барысында олардың бірқатарының визаларының мерзімі өтіп кеткендігін анықталғаны туралы хабарды наурыздың 3-күні Азаттық радиосына берген сұхбатында Атырау облыстық көші-қон полициясының қызметкері Төлеужан Санбаев растады:

- Мерзімі біткен визаларын әрі қарай ұзартпағандықтан біз олардың ісін сотқа жібердік.

Атырау облыстық көші-қон полициясы бастығының орынбасары Айжан Қалимқызы визалық тәртіпті бұзған деп айып тағылған түрік жұмысшыларына тиісті шара қолданылғанын айтады:

- “Гате” түрік компаниясының 37 түрік жұмысшысы визаларының мерзімін уақытында созбағандықтан, біз оларға әкімшілік шара қолдандық. Соттың шешімімен олар 7 күнге қамауға алынған, қамаудан шыққан соң олар Қазақстаннан шығарылулары керек.

Аталған заң бұзу жайты Атырау мұнай өңдеу зауытында құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Гате Иншаат» түрік компаниясындағы қазақ және түрік жұмысшыларының арасында ақпанның 22-сі күні болған жанжалды тергеу барысында анықталып отыр. Ақпарат құралдары «ГАТЕ» фирмасында болған төбелеске 3 түрік жұмысшысының 1 қазақ жұмысшысын соққыға жығуы себеп болған деген ақпар таратқан еді.

Алайда, наурыздың 3-күні Азаттық радиосына берген түсініктемесінде Атырау облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Жанболат Құсманұлы оқиға басқаша өрбігенін айтады:

- Түрік бригадир қазақ жұмысшысын бір жерге жұмсағанда екеуі сөзге келіп қалған. Келесі күні қазақтар мен түріктердің арасында келіспеушіліктер туындайды. Қазір бұл іс қаралып жатыр. Төбелескен адамдар тергелуде. Ал 37 адам лицензиясыз жұмыс істегендері үшін сотқа тартылды.

Атырау облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Жанболат Құсманұлы ақпарат құралдарында жарияланған төбелеске 450-ге дейін адам қатысқаны туралы ақпарды да жоққа шығарып отыр.

- Төбелес болады дегенді естіген соң біз онда барып жанжалдың алдын алдық. 400-500 адам қатысса, онда қаншама адам ауруханаға түсер еді, - дейді ол.

Аталған мәселеге қатысты түріктің «ГАТЕ» компаниясының өкілдерінің пікірін білу мүмкін болмады. Компанияның аты-жөнін атамаған қызметкері компания басшыларынан ешкім жоқ деп жауап берді.

- Олар қалаға жиналысқа шығып кеткен. Қазір тілдесу мүмкін емес, ертең қай уақытта хабарласуға болатындығын да білмеймін.

Сот шешімі бойынша республика аумағында заңсыз жүргені анықталған түрік жұмысшылары Қазақстан аумағынан кетуі тиіс. Ал олардың қандай заң бұзғандығы жөнінде полиция мекемесі мен көші-қон полициясы өкілдерінің Азаттық радиосына берген жауаптарында екі түрлі пікір айтылып отыр.

Атырау облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Жанболат Құсманұлы Атырау мұнай өңдеу зауытында құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «ГАТЕ» түрік компаниясының жұмысшылары лицениясыз жұмыс істеп, заң бұзды десе, Атырау облыстық көші-қон полициясы бастығының орынбасары Айжан Қалимқызы түрік жұмысшылары визалық тәртіпті бұзды деп отыр.
XS
SM
MD
LG