Accessibility links

Қаржы полициясы тікелей президентке бағынатын болды


Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен елдің экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі агенттігі (қаржы полициясы) президентке тікелей бағынышты, есеп беретін мемлекеттік орган болып қайта құрылды.

Сондай-ақ осы жарлықпен аталған агенттіктің төрағасы Сарыбай Қалмырзаев үкімет мүшесі міндетінен босатылды. Қазақстандық саясаттанушылардың бірі мұны президент сайлауы қарсаңындағы шараға теңесе, бірқатар саясаткерлер мен парламент депутаттары бұл өзгерісті оң қадамға балайды.

Президент Назарбаев Қазақстан халқына биылғы жолдауында экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі агенттік мейілінше белсенді жұмыс істеуі керек. Ол дербес әрі тәуелсіз болуға тиіс және атқарушы билік еркінен тәуелсіз болғаны жөн, сондықтан да оны президенттің тікелей бағынысына көшірген дұрыс деген болатын.

Қазақстанның демократиялық партиясының төрағасы, заңгер Мақсұт Нәрікбаевтің пікірінше, экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің президентке бағынышты болғаны дұрыс.

- Ұйымдасқан қылмыстың, үлкен парақорлықтың жоғары деңгейде жасалатыны - бұл атқарушы биліктің, тіпті, заң шығарушы биліктің деңгейіне дейін болып жататын дүние ғой. Сондықтан да болашақта жауапқа тартылатын адамдарға байланысты билік басшыларынан тәуелсіз болу үшін бұл агентіктің президентке тікелей бағынғаны дұрыс, - дейді Мақсұт Нәрікбаев.

Ал, аталған агенттіктің үкімет құрамынын шығарылып, президентке бағынышты болуын Ұлттық зерттеулер институтының директоры, саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов президент сайлауы қарсаңында жасалып жатқан шараның бірі деп есептейді. Сонымен бірге аталған агенттік жұмысы күшейеді деген ойда.

- Біріншіден, президент сайлау алдында бірнеше органды тікелей өзіне бағындырмақшы. Екіншіден, сол органдар арқылы коррупциямен күресетіндігін көрсетпекші, - дейді Бөріхан Нұрмұхамедов.

Ал, «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресетін агенттіктің үкімет құрамынан шығарылғанын құптағанымен, оны парламентке бағынышты еткен дұрыс деп есептейді.

- Бұл - жартыкеш шара. Түбінде мұндай ұйым парламенттің бақылауында болуы керек және парламенттің басшылығымен жұмыс істеуі, сайлануы қажет. Өкінішке орай, бізде әлжуаз парламент болғандықтан оған бергеннен де ешнәрсе ұтпайды. Болашақта әділ сайлау өткеннен кейін, жақсы, дәйекті парламент қалыптасқаннан соң коррупцияға қарсы күресетін, жалпы адам құқығын қорғауға қатысты мекемелердің барлығы парламенттің қол астында болғаны дұрыс деп ойлаймын, - деді Алтынбек Сәрсенбаев Азаттық радиосына.

Екінші шақырылымдағы парламент мәжілісінің депутаты болған Серікбай Әлібаев аталған агенттік үкімет құрамынын шығарылған күнде де оның жұмысы бұрынғысынша болады деген пікірде.

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресетін агенттік өз деңгейінде жұмыс атқарды. Өйткені, республикалық бюджетке түсіп жатқан көп қаржы осы агенттіктің тексеруі арқасында жетіп отыр. Дегенмен, есеп комитеті мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресетін агенттік түбінде бірігіп жұмыс істеуі керек. Ал, аталған агенттіктің президентке бағынышты болып құрылуы өте қажет, - дейді мәжіліс депутаты, «Отан» партиясының мүшесі Уәлихан Қалижан.

Сонымен бірге сарапшылар Қазақстан тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің арасында бірінші болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң қабылдаған ел екенін атап көрсетеді.
XS
SM
MD
LG