Accessibility links

Алматыда «Алтын қалам» баспасынан шыққан кітаптардың тұсаукесері өтті


Наурыздың 3-күні Алматыдағы Ғалымдар үйінде «Алтын қалам» баспасынан жарық көрген теология ғылымының докторы Мұхитдин Исаұлының «Құран кімнің сөзі», дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының «Ақиқат шуағы», теология ғылымының докторы Алау Әділбаевтың «Саңлақ сахабалар» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Оған көптеген дінтанушы ғалымдар, жазушылар, журналистер, сондай-ақ жастар өкілдері қатысты.

Кітап тұсаукесерін ашқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі исламды зерттеудің Қазақстанда енді басталғанын, оған әсіресе Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Мысыр, Түркия секілді елдердің университеттерінің діни факультетін бітіріп, сол жақта дін саласында ғылыми атақ-дәреже алып қайтқан жастардың еңбектері үлкен үлес болатындығын атады.

Бас мүфтидің айтуынша, кітап тұсаукесерін өткізуші, «Құран кімнің сөзі» атты кітаптың авторы Мұхитдин Исаұлы Түркияның Анкара университетін бітіріп, докторлығын сонда қорғаған. Оның диссертациясы «Құран кімнің сөзі» деген тақырып бойынша зерттеу жұмысы болған екен. Енді міне, ол еңбек қазақ тілінде кітап болып басылып шығып отыр.

Ал «Ақиқат шуағы» кітабының авторы Қайрат Жолдыбайұлы Мысырдың әйгілі Кайр университетінде дін факультетінде ұзақ жылдары оқып, араб, түрік тілдерін еркін меңгерген азамат. Сол секілді «Саңлақ сахабалар» атты кітаптың авторы Алау Әділбаев та Түркияның Анкара университетін бітіріп, сонда дін саласында докторлық қорғапты.

М.Исаұлы мен Қ.Жолдыбайұлының бұдан бұрын бірлесіп жазған «Ислам ғылымхалы» атты кітап оқырмандар тарапынан жылы қабылданғандықтан, осымен екінші рет баспадан жарық көріп отыр. «Алтын қалам» баспасы аталған кітаптардың әрқайсысын 3000 данамен басып шығарған.
XS
SM
MD
LG