Accessibility links

АҚШ Каспийде жұмыс істейтін компанияларының жұмысын кеңейткісі келеді


АҚШ Қазақстанның Каспий аймағында жұмыс істеп жатқан компанияларының жұмысын кеңейтуге қызығушылық білдірді. Бұл туралы Вашингтонда Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Қанат Саудабаевпен кездесу барысында, АҚШ-тың энергетика министрі Сэмуил Бодман хабарлаған.

АҚШ-тың энергетика министрлігі Каспийде 200 миллиард баррель мұнай бар деген жорамал жасаған. Мұнай көлемі бойынша Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің ішінде Ресейден кейін екінші орында тұр. Сондықтан, мұнайды әлемдегі басқа елдермен салыстырғанда ең көп тұтынатын АҚШ Каспийге көп көңіл бөліп отыр дейді бақылаушылар. Саясаттанушы Берік Әбдіғалиевтің айтуынша, АҚШ Қазақстанмен де, басқа мемлекеттермен де екі түрлі саясат жүргізіп келеді:

- Саясатта ешқашан шын әрекет тіке айтылмайды. «Қазақгейт» деген іс бар, оны АҚШ әдейі қолдануы мүмкін. Керек кезінде олар ол үрдісті дамытады.

Қазір АҚШ Қазақстандағы ең үлкен инвестор. АҚШ компаниялары Қазақстан тәуелсіздік алғалы бұл елге 10 миллиард доллар инвестиция құйыпты. Яғни, бұл республикаға енгізілген жалпы инвестицияның үштен бір бөлігі.

Қазақстанда жұмыс істеп жатқан АҚШ-тың ірі мұнай компаниялары болашақта да осы елге инвестиция салуға уәде берген. Саясаттанушы Сәбит Жүсіпов «Қазақстанға Каспийдегі кен орындарын игеру үшін шамамен 50 миллиард доллар қажет. Бұл ақша Қазақстанда болған жағдайда мәселе мүлде туындамас еді» деген пікір айтады.

Ядролық қаруы жоқ Қазақстан жағы Батыстың демократиялық саясатты ұстанатын елінің осындай көлемді инвестиция құйып отырғанын, елдегі қауіпсіздіктің кепілдігі ретінде де қарастырады, өйткені, АҚШ өз компаниялары істеп жатқан мемлекеттердің қауіпсіздігін әрдайым қадағалап отыратыны белгілі дейді кейбір сарапшылар.

Саясаткер Дос Көшімнің айтуынша, Қазақстанда теңізден мұнай алатын технология жоқтың қасы болғандықтан, Қазақстан шетелдік инвесторларға әзірге тәуелді:

- Бізде теңізден мұнай алатын жалғыз қондырғы итальяндықтардың қолында, сондықтан, ондай технологияға өз шамамыз жетпеген соң, озық технологиясы бар елдердің фирмаларына Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат беру керек.

Қазақстандағы мұнайдың басым бөлігі Атырау облысында жатыр. Онда, қазір 75 кен орны бар. Бірақ, облыс тұрғындары әрдайым әлеуметтік проблемаларға шағымданып келеді. Саясаттанушы Берік Әбдіғалиев Атырау өңіріндегі тұрғындар мұнайдың үстінде отырса да, жанар майды Қазақстандағы ең қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр екендігін былайша түсіндіреді:

- Біздің «Қазақойл», «Қазтрансойл» компанияларына мұнайды шетелге әлемдік бағамен сату ыңғайлы болған соң, олар өз азаматтарының жағдайын ойламайды.

Саясаттанушы Сәбит Жүсіповтың айтуынша, Қазақстан өз мұнайының тек азғантай бөлігін пайдаланып, қалғанын шетелдік инвесторларға беріп келеді. Сондықтан, бұған дейін Қазақстан үкіметі Ұлыбританияның «British Gas Group» компаниясы «Қашаған» кен орнындағы өз құнды қағаздарының 16 пайызын саудаға салған кезде, оны сатып алуға ниет білдірген. Бұл саудаға тағы бірнеше шетелдік компания қатысқаны белгілі.

Қазақстан жағы мұнай келісімдерін үйлестіріп отыратын мемлекет болғандықтан, бұл саудаға қатысуға басымды құқымыз бар деген болатын. Кейбір сарапшылар Қазақстан одақтас ретінде тек АҚШ-қа қадалып қалмай басқа да бағыттарды іздестіргені жөн дейді. Бұл орайда саясаттанушы Сәбит Жүсіпов «әлбетте, Қазақстан үшін инвестиция тартудың бірнеше бағытын пайдаланған тиімді, өйткені бұл жағдайда Қазақстан таңдау мүмкіншілігін алады» дейді.

Жорамал бойынша, «British Gas Group» компаниясының үлесін «Қазмұнайгаз» сатып алса, оның Қазақстан мұнайына деген ықпалы өсе түспек. Қазір «Қазмұнайгаз» компаниясы елдегі барлық мұнайдың небәрі 20 пайызын игеруге құқылы.
XS
SM
MD
LG