Accessibility links

Нью-Йоркте Қазақстан өнерпаздарының концерті өтті


Көктемнің алғашқы айының басында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Лидеркранц клубының залында қазақстандық пианиношы Әлия Алхан және күйші-домбырашы Жанна Қасенованың концерті өтті.

Осыдан 131 жыл бұрын негізі қаланған Лидеркранц клубына АҚШ президенті Теодор Рузвельт және өзге де бірқатар әйгілі адамдар, мәдениет, өнер саласындағы белгілі тұлғалар мүше болған. Бұл клубтың грант сыйлықтарын иеленгендер Нью-Йорк және Метрополитан Опера театрларында, сондай-ақ, әлемнің өзге де әйгілі театр сахналарында өнер көрсеткен.

Міне, осындай атағы дардай клубта енді қазақстандық дарындар да өнер көрсету құрметіне ие болды. Әлия Алхан бұл кеште композиторлар Гайдн, Шуман, Дебюси, Скрябин, Прокофьевтің классикалық шығармаларымен бірге қазақстандық сазгерлер Бахтияр Аманжол және Әділ Бестібаевтың туындыларын да орындады.

Концертке американдықтардың өтінішімен Алматыдан арнайы шақырылған жас күйші-домбырашы Жанна Қасенова да қатысып, Құрманғазының «Сарыарқа», «Адай», Тәттімбеттің «Көңіл ашар» және Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйлерін тартып берді.

Американдық өнертанушы Труди Честных Әлия Алханның орындаушылық шеберлігіне «Тамаша!» деп өте жоғары деңгейде баға берген. Әлия - қазақстандық белгілі скрипкашы, қазіргі кезде Ұлыбританияда тұратын сазгер өнерпаз Марат Бисенғалиевпен бірге Нью-Йорктың әйгілі Карнеги залында қайырымдылық концертін беріп, одан түскен қаржыны былтырғы жылдың соңында Оңтүстік Азияда болған цунами апатынан зардап шеккен қауымға аударған.

Әлия Алхан АҚШ-тың шығыс аймағындағы 8 мыңдай қазақстандықты, дәстүрлі мейрам кездерінде басын қосып, өнер мерекелерін ұйымдастыруда көптен бері белсенділік танытып жүрген жан.

Сондай-ақ, Әлия жақында ғана АҚШ-тың Техас штатында қылмыстық іспен сотталған Қазақстан азаматшасы Әсел Әбдіғаппарованың басына іс түскен кезде АҚШ пен Канадада тұрып жатқан жерлестерінің назарын Әселдің ауыр тағдырына аударып, қолынан келгенше оны жеңілдететіндей шараны іске асыру жолында әрекеттеніп, өз отандастарын көмекке шақырды.
XS
SM
MD
LG