Accessibility links

Аслан Масхадовтың тұлғасы туралы қарама-қайшы пікірлер


Шешен сепаратистерінің көсемі Аслан Масхадовтың Ресейдің арнайы қызметі жауынгерлерінің қолынан қаза табуы - соғыстан әбден азып-тозған осы республикада көптен бері күн тәртібінде тұрған бір дауды тағы да бірінші кезекке шығарды.

Аслан Масхадов кім? Ол - ресми Мәскеу мәлімдеп отырғанындай, халықаралық лаңкес пе, жоқ әлде шешен халқының нағыз көсемі ме?

Аслан Масхадовтың өлімі Шешенстанның жаңа заман тарихындағы оның рөлі туралы қарама-қайшы көзқарастарды аныққа шығарды. Масхадовтың Ұлыбританиядан саяси баспана тапқан Лондондағы өкілі Ахмед Зақаев, шешен халқының басым бөлігі үшін сейсенбі күні Ресей күштерінің қолынан қаза болған бұл адам – олардың заңды президенті болатын дейді:

- Дәл осы сағатта мен шешендердің Ичкерия республикасының президенті Аслан Масхадовтың қаза болғанын растай аламын. Оның қаза болуына соқтырған оқиғаның жай-жапсарына түсінік бере алмаймын. Бірақ оның қаза болғаны - факт.

Екінші жағынан, Кремль үшін де, Мәскеудегі саяси қайраткерлер үшін де А.Масхадов көзін жоюды талап ететін қауіпті халықаралық лаңкес болып табылатын. Мысалы, сәрсенбі күні Ресей мемлекеттік думасының спикері Борис Грызлов:

- Халықаралық ауқымдағы террористің жойылуын кімде-кім болса дәл осындай мағынада қабылдауға тиіс: оның өлімімен зұлымдық та азая түседі, - деп мәлімдеді.

А.Масхадовтың ғұмыр жолы – жауынгердің саясаткерге айналуының жақсы көрінісі болды. Мұндай пікір ол жақсы жауынгер, бірақ, нашар саясаткер болды деген мағынада айтылып отыр.

Ол – екінші дүниежүзілік соғыстың аяғына таман Иосиф Сталин бүкіл шешен халқын жер аударған Қазақстанда 1951 жылы дүниеге келді. Жас күнінде ол Ленинградтың артиллерия академиясын тәмамдап, кейінірек Совет армиясында полковник шеніне дейін өсті. 1990 жылдардың басында Литва астанасы - Вильнюсте қызмет етіп жүрген кезінде Аслан Масхадов Балтық теңізі елдерінің қалай тәуелсіздік алғанына куә болды.

Совет одағының ыдырауы нәтижесінде Шешенстанға оралған бойда ол шешендердің бірінші президенті генерал Жохар Дудаевтың жақын үзеңгілесіне айналды. Шешен армиясының бас қолбасшысы ретінде ол 1994-1996 жылдардағы бірінші шешен соғысында Ресей армиясына қарсы партизан соғысының сәтті аяқталуына зор үлес қосты.

1996 жылы Жохар Дудаев Ресей күштерінің соққысынан қаза болған соң Шешенстандағы жетекшілік рөл Аслан Масхадовтың қолына өтті. “Еркін де демократиялық сайлау” деп бағаланған 1997 жылғы сайлауда ол Шешенстан президенті болып сайланды. Іле-шала ол Ресеймен арада бітімге келді.

Азаттық радиосының Солтүстік Кавказдан хабар беріп тұрған тілшісі Андрей Бабицкийдің айтуынша, 1997-1999 жылдары Аслан Масхадовтың қолында зор мүмкіндік болды. Бірақ, деп ескертті тілшіміз, Масхадов сол мүмкіндікті уысынан шығарып алды және саяси қайраткер ретінде, ол осы күнге дейін жалғасып келе жатқан екінші шешен соғысының шығуына жартылай жауапты.

- Саясаткер ретінде ол өте әлсіз, тым күдікшіл еді және өзінің айналасындағы кісілердің қулық-сұмдығына көп алданды. Ресейге қарсы екі соғыстың аралығындағы ахуалды түбегейлі өзгертуге оның күш-жігері жетпеді. Іс жүзінде ол республиканы қылмыстық қарақшы топтар мен діни фанатиктердің билігіне беріп қойды, - деді журналист Андрей Бабицикий.

1999 жылдың жазында шешендердің әсірешіл қолбасшысы Шәміл Басаев көрші Дағыстанға басып кірді де Кремль Шешенстанға қарсы екінші соғысын бастады. Дегенмен, жіберген қателігіне қарамастан, шешен халқының көзі алдында ол сейсенбі күнгі қазасына дейін президент болып қала берді деп атап көрсетеді Андрей Бабицкий:

- Оны Мәскеу биліктен күштеп аластатты. Міне, сондықтан да оның президенттік құзыры қаза болған сәтке дейін заңдық күшінде қала берді.

Журналист Андрей Бабицкий Аслан Масхадовты “террорист” деп қаралауға болмайды деп санайды. Оның айтуынша, Масхадовты террорист ретінде көрсететіндей Кремльдің ешқандай дәлелі жоқ:

- Масхадовтың террористік қастандықтарды жоспарлауға атсалысқанын айғақтайтындай Мәскеудің бұлтартпайтын дәлелдері жоқ. Масхадовтың Шәміл Басаев сынды адаммен ауыз жаласқаны туралы да ешбір дерек жоқ. Федералдық орталық Масхадовтың “террорист” екенін айғақтайтын ешқандай мәлімет ұсынған жоқ.

Аслан Масхадов көбіне терроризмге қарсы болды. Андрей Бабицкий те Масхадовты Батыстың саясаткерлеріне түсінікті бейбітшілік пен келіссөздің тілін пайдалануға тырысып баққан батысшыл саясаткер деп сипаттайды. Наурыз айының басында Азаттық радиосының Солтүстік Кавказ редакциясының жолдаған жазбаша сауалдарына қайтарған жауабында Аслан Масхадов Шешенстандағы соғысты шешен лидерлері мен Кремльдің арасында тікелей келіссөз жүргізу арқылы тоқтатуға болар еді деген ойын ортаға салған болатын:

- Осы соғысты тоқтатуға және Ресей Федерациясының президентіне шешен халқының нені аңсайтынын түсіндіруге 30 минуттық әділ де бетпе-бет диалогтің жететінін біз ұсынып келдік, әлі де ұсынып отырмыз және өзіміз де солай деп санаймыз. Бірақ президент оны да білмейді деп ойлаймыз. ...Және президенттің өз аузынан оның нені көздейтінін, Ресейдің Шешенстанда нені мақсат ететінін есту үшін...”

Алайда Кремль Аслан Масхадовтың бұл үндеуі мен ұсынысына ләм-мим деп тіл қатпады. Ендігі мәселе - Масхадовтың қазасын Кремль өзінің “жеңісі” деп қарастыра ма? Өйткені, кейбіреулердің есептеуінше, ол шешендермен бітімге келу туралы мәселеде жападан-жалғыз беделді көсем болатын.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG