Accessibility links

«Ақ жол» партиясы кезекті съезін наурыздың 13-інде өткізеді


Наурыздың 10-ы күні «Ақ жол» партиясы Орталық кеңесінің бірқатар мүшелері партияның кезекті съезін өткізу мерзімінің белгіленгендігін мәлімдеді.

«Ақ жол» партиясының кезекті V съезі наурыздың 13-не белгіленіп отырғаны туралы партияның орталық кеңесінің кейбір мүшелері мәлімдеді. Олар ақпанның 16-сы күні таратқан хабарламада партияда 5 бірдей тең төрағаның қалу-қалмау мәселесі кезекті съез кезінде қаралатынын айтқан еді.

Съезді ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары Серғазы Сәдуовтың айтуынша, съез барысында партияның қазіргі ішкі жағдайымен қоса, төрағалардың тағдыры да шешілмек:

- Бұл мәселе көтеріледі. Өйткені, әр облыстың өткізген конференцияларының қабылдаған резолюциялары бар, оның ішінде барлық тең төрағаларға сенімсіздік көрсету туралы пікірлер айтылған. Бұл туралы жұмысшы топтары құрылған болатын, олар өз шешімдерін қабылдап, съез қарауына ұсынатын болады.

«Ақ жол» партиясы Орталық кеңесінің мүшесі Арсений Дүйсенов партияның төралқа мүшелері Болат Әбілов, Ораз Жандосов, Алтынбек Сәрсенбайұлы партияның 5-ші съезін өткізбеу үшін әрекеттеніп жатқанын жеткізді:

- Тең төрағалар да, президиум мүшелері де әртүрлі қисынсыз пікірлер айтып, съезді өткізбеу туралы мәселе көтеріп жүр.

Серғазы Сәдуов бүгінде тең төрағалардың тарапынан съезді өткізуге кедергілердің болып жатқанын растады. Алайда, конференция делегаттары съезге қатысу жөнінде шешім қабылдап отыр дейді.

- Бірнеше облыстарда, әсіресе Маңғыстау, Ақтөбе, Атырауда тең төрағалар конференцияларға барып қатысып, «съезге бармаңдар, қатыспаңдар» деп үгіттеді. Оған қарамастан мәселе оң шешілді.

Осы мәселеге байланысты Азаттық радиосына «Ақ жол» партиясы тең төрағаларының бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы бұл съезге қатысуды жөн деп санамайтындарын жеткізді:

- Біріншіден, Алматы қаласы, Алматы облысы, Жамбыл облысы, Қостанай, Маңғыстау сияқты үлкен филиалдар съезге делегат сайламау туралы шешім қабылдады. Олардың заңды хаттамалы, қол қойған шешімдері бізде бар. Екіншіден, біз съездің өтуіне қарсымыз, себебі, съез партияны бұзып, талқандайды. Және съез делегаттары көпшілік аймақтарда заңсыз негізде сайланып жатыр. Сондықтан біз бұл съезге қатыспаймыз деп мәлімдейміз.

Ал саясаткер Жұмабай Доспанов болса, партия жетекшілерінің арасындағы жікшілдік биліктің ықпалынан пайда болып отыр деп есептейді. Оның айтуынша, «Ақ жол» партиясы кезекті съезін ертерек өткізудің өзіндік астары бар.

- Олар съез барысында 3 тең төрағадан құтылу мәселесін ойластырып отыр, - дейді Жұмабай Доспанов.

«Ақ жол» партиясы Орталық кеңесінің мүшелері арасынан осы съездің өтуін қолдайтындар съез барысында партияның ішкі мәселесіне қатысты тоқетер бір шешімге келеді деген сенімде отыр.
XS
SM
MD
LG