Accessibility links

Қырғызстанда парламент сайлауына наразы жұрттың ереуілі жалғасып жатыр


Оппозицияны қолдаушылар алдағы жексенбі күні өтетін парламент сайлауының екінші кезеңінің алдында Қырғызстанның шығысындағы аймақтық әкімшіліктің ғимаратын басып аламыз деген әрекеттері сәрсенбі күні сәтсіздікке ұшырады.

Нарын ауданында шерушілер бірнеше күн бойы жергілікті әкімшіліктің ғимаратын қоршап алған еді, тек сейсенбіде күре жолды жапқан тосқауылдарын уақытша ашты. Олар биліктің жексенбі күні өтетін парламент сайлауының екінші турына оппозициялық үміткер Ишенбай Қадырбековты жібермеу шешімін өзгертуін талап етіп тұр.

Қырғызстанда сайлаудың алдында қалыптасқан жағдай күрделі десе де болады. Сайлаудың бірінші турынан бері жалғасқан бұл елдегі наразылық шерулері толастамай отыр. Сәрсенбі күні кешкісін 33-ші округтің сайлаушылары, өз аймақтарынан осыған дейін соңғы турда екі адам дауысқа түседі деп жоспарлаған болса, енді тек бір адам түсетінінен хабардар болды.

Бішкек соты наурыздың 9-да, жергілікті соттың Ишенбай Қадырбековты сайлаудың екінші турына жібермеу шешімін мақұлдады. Сот өзінің бұл шешімін бейсенбі күні қарау керек еді, бірақ бір күн ерте шешім шығарып, алда болуы мүмкін қарсылықтарды күшейте түсті.

Қадырбеков ұлттық парламентте он жылдан аса депутат болған коммунистік партияның өкілі, ол 27-ші ақпанда болған сайлаудың бірінші турынан өткен болатын. Бірақ, ол сайлаудың екінші кезеңіне дайындық барысында, үгіт-насихат шараларына берілген уақыттан шығып кеткен деп, сот енді оның кандидаттығын сайлаудан алып тастап отыр. Сонымен қоса, Қадырбеков наурыз айының басында Бішкекте болған рұхсат етілмеген ереуілдерге қатысты деп айыпталған.

Соттың бұл шешімінен кейін Нарын қаласындағы аймақтық әкімшілік ғимаратын қоршап алушылар саны көбейді. Нарындағы наразылық танытушылар Қадырбековтың сайлаудан аластатылғанына президент Асқар Ақаев пен оның әкімшілігін кінәлап жатыр. Шерушілер ғимаратты бірнеше күн бойы қоршап алып, президент Ақаевқа қарсы үндеулерін айқайлап жатты. Депутаттықтан үміткер болған Ишенбай Қадырбеков те өзінің сайлаудан аластатылғанын билік тарапынан жасалды дегенді айтады.

- Меніңше, бұл жағдайда жергілікті билік үлкен роль атқарып отыр. Алайда, тағы Нарын басшылығы Қырғыз үкіметінің қолдауынсыз жергілікті халыққа қарсы мұндай әрекетке бара алмас еді. Қазір мыңдаған халық шеруге шығуда, олар қатты ашулы, - дейді И.Қадырбеков.

Наразылық акциясына шығушылар Қырғызстанның жеті ауданында ереуілдерін әлі де жалғастырып жатыр. Кейбір жерлерде ол жиындар әділ және ашық сайлаулар үшін деп алғашқы дауыс берудің алдында басталған. Қазіргі кезде көптеген сайлаушылар сайлау әділ де ашық болмағанын айтады. Енді наразылық білдіруге жаңа бір себептер туындады. Сөйтіп, Нарын аймағындағы ереуілге шыққандарға Қадырбековтың жағдайы үлкен түрткі болды.

Сайлаудың бірінші кезеңінде Қадырбековпен бірге дауысқа түскен Қарғанбек Самақовтың енді жеңіске жетуіне кепілдік жасалып отыр. Ол сот пен жергілікті сайлау комиссиясының Қадырбековтың кандидаттығын сайлаудан алып тастаған шешімін толық қолдайтынын айтып, Нарындағы шерушілердің әрекеті заңсыз деген пікір білдірді:

- №33-ші сайлау округінде болған жағдай дұрыс. Сот округтік сайлау комиссиясының қаулысын қолдады. Бұл шешімді жоққа шығару жөніндегі үндеулердің барлығы заңсыз. Бәрі де соттың қолында, соттың шешуіне мұрсат беру керек.

Қазіргі кезде Нарын облысындағы жағдай қиындап барады. Қырғызстанмен шекарасы шектесетін Қытайға жүк тасып бара жатқан 800 көліктің жолын жауып тастаған наразылық білдірушілер оны тек сейсенбі күні кешкісін ғана ашты. Қадырбеков шерушілерді жолды жаппауға шақырды.

Бірақ олар, егер Бішкек соты өз шешімін өзгертіп, Қадырбековтың кандидаттығын қайтармаса, күре жолды қайтадан жауып тастаймыз дегенді айтты. Қадырбековты қолдаушы жеті адам сейсенбі күні аштық акциясын жариялады. Оларға жергілікті сайлау комиссиясының екі мүшесі де қосылған. Сайлау комиссиясы мүшелерінің бірі Гүлзат Әбдірасулова өздерінің аштық акциясын жариялаған себептерін былай түсіндіреді:

- Мұнда бізге екі жақты қысымдар болып жатыр. Қадырбеков жағының адамдары бізді арыздасуға шақырады, бірақ, біз өз ісімізді олай көрсете алмаймыз ғой. Біз екі кандидатты да бізді көрсін деп шақырдық. Олар келіп біздің жайымызды көргенше, біз аштық акциясын жүргізуге бел шештік.

Нарындағы шерушілер қатары барған сайын өсіп барады. Жергілікті әкімшілік ғимаратының сыртында ереуілдеп жүрген бір әйел Азаттық радиосының Қырғыз қызметіне берген сұхбатында, мемлекеттік телеарналардың хабарына наразылық айтты:

- Мына жерде біз әкімшіліктің ғимараты жанында тұрмыз. Алайда, мемлекеттік телеарналардың бәрі Нарындағы сайлау әділ де ашық өтті деп жатыр. Ал біздің бұл жерде тұрғанымызға үш күн болды. Осылай халықты алдауға тырысады. Менің бүкіл отбасым Қадырбековты қолдайды. Ол өз сайлаушыларына қызмет етеді.

Нарындағы шерушілер өздерінің ереуілдерін оңтүстіктегі Ош пен Жалал-Абад қалаларында жалғастырмақшы.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG