Accessibility links

Алматы әкімшілігі кәсіби-техникалық жұмысшылар дайындау ісін қолға алмақшы


Қазіргі кезде жұмыссыздар саны көбейген сайын Алматыдағы ірілі-ұсақты өндіріс орындарында білікті жұмысшы мамандарына деген сұраныс та арта түсті. Алматы әкімшілігі кәсіби-техникалық жұмысшы мамандарын дайындау ісін үйлестіріп, қаржыландыратын арнайы қор құру қажет деген шешімге келді.

Алматы қалалық білім департаментінің кәсіптік білім беру бөлімінің бастығы Райхан Сазанбаева: “Алматы қаласындағы кәсіптік мектептерде мамандар даярлау ісі өткен жылдармен салыстырғанда 28 пайызға артып отыр. Болашақта 2008 жылы бізде даярланбайтын токарь, машина құрастыру саласы бойынша маман даярлайтын мектеп ашуды жоспарлап отырмыз” дейді.

Бүгінде көшеде жұмыссыз жүрген жастар егер мемлекет тарапынан жұмыссыздар санын азайтып, кәсіби-техникалық жұмысшы мамандарын даярлау кең көлемде жолға қойылатын болса, білім алуға ынталы екендерін айтады.

Жамбыл облысында туып-өскен Рүстем Айнабеков 2004 жылы орта мектепті бітіріп, кәмелетік аттестатын қолына алғаннан кейін жұмыс іздеп, Алматы қаласына келген. Қалтасында дипломы бар азаматтарға жұмыс табу оңайға соқпайтын Алматыда жасы 18-ге жаңа толған Рүстемге де жұмыс табыла қоймапты:

- Тұрақты жұмыс табылмаған соң, осы Сейфуллин көшесі бойына шығуға тура келді. Енді үйде отыра бермейміз ғой. Қазір 2 ай болып қалды. Көше бойында алдап, еңбегімізді жеп кететіндер де көптеп табылады. Ешқайда шағымдана алмаймыз. Тіркеуіміз жоқ. Тегін оқытатын болса, дәнекерлеуші болар едім.

Бес жылдан бері Сейфуллин көшесін тұрақты жұмыс орнына айналдырған өз аты-жөнін атамаған ер азамат “көше бойында 10 мың азамат тұрады, соның 75 пайызы жастар” дейді.

- Өрімдей жастардың жұмыссыздар қатарын толықтыруы мен жоғары білім алған жастардың жұмыс таба алмауы, кәсіптік білім беретін мектептердің еңбек нарығында қандай мамандықтарға сұраныс жоғары деген мәселеге зерттеу жүргізбеу салдарынан орын алып отыр, - дейді Қазақстан кәсіпкерлер форумының Алматы бөлімшесінің жетекшісі Тимур Назханов.

Көше бойында тұрған әр бес адамның үшеуі 18-25 жас аралығындағы жастар. Бүгінде жұмыссыздар саны артқан сайын, Алматыдағы ірілі-ұсақты өндіріс орындарында білікті жұмысшы мамандығы жетіспей жатады екен. Алматы әкімшілігі осындай тапшылықты азайтып, кәсіби-техникалық жұмысшы мамандарын дайындау ісін үйлестіріп, қаржыландыратын арнайы қор құру қажет деген шешімге келіпті.

Бұл мәселеге байланысты Азаттық радиосына берген сұхбатында Алматы қалалық білім департаментінің кәсіптік білім беру бөлімінің бастығы Райхан Сазанбаева айтып отыр. Нақты мәлімет бойынша, бүгінде бір ғана Алматы қаласында кәсіптік-техникалық білім беретін мемлекеттік 10 лицей, 8 колледж және мемлекеттік емес 57 кәсіптік мектеп бар екен.

- Өткен жылы жеке кәсіптік мектептерді бітірген түлектерді қоспағанда тек мемлекеттік тапсырыс бойынша дайындалған 2600-ге жуық маман даярланып шықты. Бұл көрсеткіш 2003 жылмен салыстырғанда 28 пайызға артқан. Кәсіптік мектептерде барлық маман иелері дайындала бермейді. Бізде қазірше токарь, машина құрастыру саласының мамандары дайындалмайды. Осы сала мамандары үшін 2008 жылы бір мектеп ашуды көздеп отырмыз. Кәсіптік білім алған мектептердегі мамандардың жұмысқа орналасуы да жан-жақты қарастырылған, - дейді Р.Сансызбаева.

Алматы қаласының кәсіптік мектептерінде аспаздық мамандығын игерген бойжеткен: “Мамандығым бойынша жұмыс болғанымен, тұра алмадым. Мен жұмыс іздеп барған мекемелердің барлығы 3 жылдық тәжірибе сұрайды. Сонан кейін қалалық тіркеуің болғанын талап етеді, онсыз медициналық тексеруден өте алмадым” дейді.

Ал, шаштараз болып істейтін Айым есімді қыз: “Кәсіптік мамандық таңдағанда қателескен жоқпын. Мамандықты таңдай білу керек” дейді:

- Әрине, шаштараздық менің болашағымды шеше алады деп айта алмаймын. Өзіме жететін ақшам бар. Кейін сырттай оқып білім алсам, бұл менің екінші мамандығым болып қалады деп ойлаймын.
XS
SM
MD
LG