Accessibility links

Астанадағы құрылыс нысандарына тонаушылар маза бермейді


Астанада құрылыс нысандарын тонап, пайда табуды кәсіпке айналдырған деген күдікпен 15 жас азаматтан тұратын топ қолға түсті деп хабарлады полиция. Олардың қарақшылық шабуылдарға да қатысы болуы мүмкін дейді заң орындары.

Соңғы уақыттағы жастар арасындағы қылмыстың өршіп кетуін сарапшылар әрқалай түсіндіреді. Астана қалалық ішкі істер бас басқармасының баспасөз қызметкері Элмира Шәуленованың хабарлауынша, криминалды полиция мен «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімше қызметкерлері бірігіп ондаған құрылыс нысандарын тонаған ұйымдасқан топты қолға түсірді.

Қазақстанның ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметкері Даниэл Шайынғазиннің айтуынша, соңғы кездері жастар арасында қылмыскерліктің, оның ішінде қылмыстың ауыр түрлерінің жиілеп кеткені байқалады. Бұған жұмыссыздық пен тұрмыстық ахуалдың ауырлығы себеп болып отыр дейді Даниэл Шайынғазин.

Астана қалалық ішкі істер бас басқармасының баспасөз хатшысы Элмира Шәуленова болса, 15 адамнан тұратын қылмыстық топтың соңғы үш түнгі жортуылында қала құрылыс компанияларына 4 миллион теңгенің шығынын келтіргенін айтып отыр.

- Осы топтағылардың 15-і де еш жерге тіркелмеген жұмыссыз жастар, - дейді ол.

Қазақстан бас прокуратурасының құқықтық статистика және талдау комитетінің Астана қалалық басқармасының бастығы Еркін Молдабаев болса, жастар арасында қылмыстық әрекеттердің көбеюіне ата-аналар, мектеп жалпы қоғамның тәрбиелік жұмыстарды ақсатып алуынан болып отыр деген ойда.

Астана қалалық ішкі істер бас басқармасының баспасөз қызметкері Элмира Шәуленованың айтуынша, тергеу барысында 15 адамнан тұратын ұйымдасқан топты техникамен және өзге де керек жарақпен қамтып отырған азаматтар да анықталған.

Астана қалалық криминалды полициясының хабарына қарағанда, сөз болып отырған ұйымдасқан топтың бір түннің үшінде құрылыс нысандарынан 50 тоннаға дейін жабдықтар мен техникаларды алып шыққан кездері болған. ҚР ҚК-нің 179-шы және 235-ші баптары бойынша қарақшылық шабуылға қатысқандардың мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін сотталуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG