Accessibility links

Баспасөзге шолу. 16 наурыз 2005 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдарда Қазақстандағы оппозицияның іс-әрекетіне байланысты түрлі сарапталамар жасалыныпты. Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы елшісі ақын Олжас Сүлейменов президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсарып келе жатқандығын айтса, Ұбайдулла Жаулыбаев деген зейнеткер Нұрсұлтан Назарбаев басқарған жылдың ішінде Қазақстанда тұратын халықтың әл-ауқатының күрт төмендеп, елде коррупцияның белең алғандығын баяндапты.

Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы елшісі ақын Олжас Сүлейменов “Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасына берген сұхбатында Қазақстандағы оппозицияға байланысты өз көзқарасын білдіріп өтіпті. Олжас Сүлейменовтың айтуынша, бүгінгі таңдағы оппозицияның басты ерекшелігі - оның қаржысы бар. Сол себептен де Олжас Сүлейменов бүгінгі таңда билікпен қарапайым халық емес, өз иелігінде бұқаралық ақпарат құралдары бар белгілі топтар күрес жүргізіп жатыр деп есептейді. Олжас Сүлейменовтың пікірінше өтпелі кезеңде билікті абайлап ауыстырған абзал.

- Тәуелсіз мемлекеттердің тарихы өтпелі кезеңде биліктің басында тәжірибелі басшылардың болуы қажеттілігін дәлелдеп отыр. Алаңдағы бейбастақ көсемдердің әрекетінің халықты үлкен апатқа әкелетіндігін өмір көрсетіп берді. Әсіресе бұл шығыс елдеріне көбірек тән сипат, - дейді ақын Олжас Сүлейменов.

Ақынның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында Қазақстан Орта Азия мемлекеттері басынан кешірген соғыс дертіне шалдыққан жоқ.

“Азат” газеті арқылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жолдаған Ұбайдулла Жаулыбаев деген зейнеткер Нұрсұлтан Назарбаев басқарған жылдың ішінде Қазақстанда тұратын халықтың әл-ауқатының күрт төмендеп кеткендігі баяндапты.

Автор өз мақаласында елдің арасында 1986 жылы желтоқсанда қыршындардың қыршыннан қиылуына бір себеп ретінде Нұрсұлтан Назарбаев есімінің аталып жүргендігіне тоқтала келіп, күндердің-күнінде желтоқсан оқиғасы туралы шындықтың ашылатындығына сенімді екендігін білдіріпті. Мақала авторының айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев басқарған жылдың ішінде Қазақстанда бірде-бір рет әділ сайлау өтпеген,

"Бірде телевизордан: "Мен президенттік сайлауға түсемін, сайланатыныма сенімім мол дедіңіз". Май шелпекке әбден үйреніп алған екенсіз. Өткен 13 жылыңыздың сықпыты анау, ендігі мақсатыңыз халықтық қырып, жоқ ету ме? Халықты осынша зәбірлегеніңіздің аяқталатын кезі келді. Енді адамгершілікпен, абыроймен кеткеніңіз жөн болар" дейді “Азат” газеті арқылы Ұбайдулла Жаулыбаев.

“Литер” басылымында жарық көрген Равиль Усмановтың мақаласында Қазақстандағы оппозицияның іс-әрекеттері сынға алыныпты. Мақала авторының сараптамасына сүйенсек, оппозиция өкілдерінің алдағы өтетін президент сайлауда үміткер ретінде кімді ұсынатындығын әйгілей алмауы олардың қатарының ыдырай бастауына әкеліп соқтырып отыр.

Сондай-ақ мақалада экс-премьер Әкежан Қажыгелдин де сынға алыныпты. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, бүгінгі уақытта экс-премьер Әкежан Қажыгелдин тағы да президенттік сайлауға түсуге күш салуы ықтимал. Сонымен қатар мақала авторы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауындағы уәделердің орындала бастауы оппозицияның жеңіске жетуіне ешқандай да үміт қалдырмай отыр деген қорытынды жасапты.

“Экспресс К” басылымында жарық көрген саясаттанушы Александр Нарижныйдың мақаласында Қазақстан мен Тәжікістандағы жағдай салыстырылыпты. Мақалада сондай-ақ Қазақстандағы оппозицияның елдегі әлеуметтік жағдайдың төмендеп кеткен кезінде пайда болғандығы айтылып, кейіннен бұл ахуал түзеле бастағанда қарапайым халықтың оппозициялық көңіл-күйінің бәсеңсіп кеткендігі де тілге тиек етіліпті.

Мақала авторының айтуынша, бүгінгі таңда оппозициялық партиялар әділет министрлігінен ресми тіркеуден өткен және олардың қолында бұқаралық ақпарат құралдары бар. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, қазіргі кезде Қазақстандағы оппозиция өркениетті елдердегідей, биліктің шешім қабылауына ықпал етіп, кейбір мәселелерге байланысты өз ұсынысын жасай алады.

“Жас Алаш” басылымының соңғы санында жарық көрген Серік Ерғалидың “Билік Алматыдан қорқа ма?” атты мақаласында билік тарапынан Алматы қаласының беделін түсіру мақсатында түрлі айла-шарғылардың жасалып жатқандығы туралы болжам жасалыныпты.

Газет тілшісінің айтуынша бұған дейін ресми биліктің әрбір саяси әрекетінің шырқын бұзып келген оппозицияның отаны Алматы қаласының саяси имиджін түсіріп, ол мәртебені Астанаға таңу арқылы билік саяси бәсекелестерінің алаңын тарылтып, еңсесін езу мақсаты көзделіп отыр. Осы сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы Астананың имиджін көтеруге оншақты жобаның жасалғандығын атап өтіпті.

Мақала авторының айтуынша, келешекте Алматы қаласы қаржы орталығына айналып, оған шектен тыс тәртіп сақтау міндеті жүктеледі. “Астанаға көшуге оппозиция қай жағынан да дайын емес” деген мақала авторы президент сайлауының алдында оппозицияға ошақ болар орынның қалмайтындығын тілге тиек етіпті.
XS
SM
MD
LG