Accessibility links

Қазақстанда жұбайлардың 15 пайызында ұрпақ өрбіту мүмкіндігі жоқ


Мұның себебін олардың арасында бедеулік пен белсіздіктің көп кездесетіндігімен түсіндіретін мамандар, үрдіске айналып бара жатқан бұл құбылыстың соңы халықты демографиялық тұрғыдан қартайтып жіберуі мүмкін екендігін ескертеді.

Медициналық зерттеулер көрсеткендей, бедеулік пен белсіздіктің негізгі себептері ерлер мен әйелдердің денсаулығына байланысты болып шыққан. Мәскеудің медицина институтын бітіріп, Германияда 4 жыл жұмыс істеген гинеколог дәрігер – экстрасенс, Гүлбану Құсманқызының айтуынша, соңғы кезде бедеу әйел, белсіз еркек көбейген:

- 30-40 адам келеді күніне. Осы соңғы екі жылда тіпті көбейіп кетті. Қазір мысалға тұрмысқа шығады, бір жылдан кейін бала көтере алмай қалады. Жастарда бар. Ауруханаға барғанда олар 20 мыңға тек анализін тапсырады. Оны тек УЗИ-мен қарап, сол жерде емдеуге болады.

Астанадағы темір жол ауруханасының акушері Вера Моисеенконың айтуынша, бұған дәрігерлердің қатысы жоқ, аурулардың өздері дер кезінде емделмейді. Әр түрлі адамдармен жыныстық қатынастарға жиі түседі. Сосын індеттер үсті үстіне қосылып кетеді, дейді ол.

Қазір емделіп жүрген Сәбира Ниязқызының айтуынша, дәрігерлер өте көп қаражат сұрайды:

- Күніне 5-7 мыңдап ақша төлеген күндерім болды. Емханаларда көп ақша талап етеді, бірақ, қалай емдеу керек екендігін білмейді. Бір қан тапсырғаныма мен 6500 теңге төледім.

Кезінде белсіздік ауруынан емделгеннен кейін бала сүйіп отырған Талғат Нәліппаевтің айтуынша, ол дәрігерлерге сенуден қалған:

- Дәрігерлерге барып емделгенде солар айтты. 3 жыл емделдім, еш пайда болмады. Олар сен сәулеленгенсің деді. Мен дәрігерлердің оны қайдан тапқанын білмеймін. Мен ешқашан сәулеленген емеспін.

Қазір бедеуліктен емделіп жүрген Сәбира Ниязқының айтуынша, дәрігерлер ауруларға дұрыс көңіл бөлмейді:

- Дұрыс сөйлеспейді бізбен. Ақшаны жақсы төлесең жақсы қарайды, ақша дұрыс төлемесең кезекте күттіртіп қояды. Жазып жазып береді де қолыңа ұстатаса салады. Не жазуын түсінбейсің, не қай жерің ауырғанын білмейсің.

- Осы күні гинекология дегенің қып-қызыл ақша болып кетті. Қазір ауруды толық емдемей-ақ, бала көтере алмайсың деп, қолдан ұрықтандыру әдісіне жібере салады, - дейді гинеколог Гүлбану Құсманқызы.

Кейбір мамандар қолдан ұрықтандыру әдісі арқылы дүниеге келген нәрестелер басқаларға қарағанда ақылды әрі шымыр болады дейді. Өйткені, табиғи жағдайда клеткалар ешбір сараптаудан өтпей қосылса, дәрігерлер эмбрионның ішінен мықтысын іріктеп алады, деген пікір бар.

Бірақ, бұл операция отбастары үшін шамамен 2 мың доллар тұрады. Онда да бұл жұптардың тек 25 пайызы сәби сүюі мүмкін, ал, егер олай болмай шықса сіз қайтадан дәрігерлерге қаражат төлеуге мәжбүр боласыз. Мұндай тәсілмен арнайы маманданған бірді-екілі ғылыми орталық қана айналысуы керек. Ал, Қазақстанда қолдан ұрықтандыру қызметін қатардағы емханалар ашып алған. Бұл дұрыс емес, дейді Гүлбану Құсманқызы:

- Біздің дәрігерлер әйелдерге түсіндіріп айтпайды. Сосын қолдан ұрықтандыруға бар десе, соған жүгіріп бара салмау керек. Жалпы, оған тек түтігі жоқ әйелдерге бару керек. Өйткені, ол қымбат 300-400 мың теңге. Бізде мысалы олар 16 пункт бойынша мынаған жауап бермейміз деп жаздырып алады екен. Германияда олай емес, егер, бірінше рет болмай қалса, екінші рет олар жартысын тегін істейді.

Астанадағы темір жол ауруханасының акушері Вера Моисеенконың айтуынша, дәрігерлер алдымен ауру әйелді емдейді, тек содан соң ғана ұрықтандырады, ал емдеу жүргізбей бұл шараға ешкім бармайды, дейді ол.

Алматыда 1995 жылы аталық және аналық жасушаларды пробиркада дамыту жолымен алғашқы нәресте дүниеге келген болатын. Бүгінде Қазақстанда мұндай балалардың саны 500-ге жетті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG