Accessibility links

Қазақстандықтардың орташа табысы бір жылда 8,8 пайызға өсті


Қазақстан тұрғындарының жан басына шаққандағы орташа табысы бір жыл ішінде 8,8 пайызға көтерілді. Қазақстанның статистика агенттігі республика бойынша 12 мың отбасында зерттеу жүргізіп, осындай тұжырым шығарған.

Әсіресе Павлодар, Атырау, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы тұрғындардың табысы көтерілген. Ал, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарындағы тұрғындар табысы орташа республикалық көрсеткіштен әлдеқайда төмен болып шықты.

Қазақстанның бас еңбек инспекторы Серікқали Бисеқаевтің айтуынша, Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігіндегі тұрғындардың еңбекақысы кішкентай:

- Батыс өңірінде еңбекақы жоғары, онда мұнай. Шығыс өңірінде өнеркәісіп шоғырланған. Ал, оңтүстікпен солтүстік бір шамада, өйткені, солтүстік бидай ексе, оңтүстік көкөніс егеді.

Астананың статистика басқармасының бастығы Әнуарбек Дәуренбектің айтуынша, қалалықтардың табысы әр түрлі көрсеткіштерден есептеледі:

- Астана халқының ақшалай табысы республикалық көрсеткіштен екі есе жоғары. Ол құрылысқа байланысты, сосын ұлттық компаниялардың әсері тиген. Табысқа шәкіртақы, зейнеткерлердің ақшасы кіреді.

Зейнеткер Жұмәділ Жайламысовтың айтуынша, соңғы кезде Қазақстан тұрғындарының жағдайы жақсарған сыңайлы:

- Халық бұрыңғыдай емес, жақсы. Мен шалдарменен сөйлесем, сол сөздердің бәрі дұрыс. Бағада көтереді, еңбекақыныда қосып жатыр.

Астанадағы экономикалық колледж шәкірті 18 жасар Әсел Құрманғалиеваның айтуынша, шәкіртақы ештеңеге жетпейді:

- Шәкіртақымыз жол жүруге ғана жетеді. Әке-шешемізден ұялсақ та тамаққа ақшаны солардан аламыз. Біз киім кигіміз келеді, бірақ ақша жетпейді. Оқулыққа, интернет-кафеге де жетпейді.

Астананың статистика басқармасының бастығы Әнуарбек Дәуренбектің айтуынша, соңғы кезде Астаналықтар азық-түлікке кететін қаржыдан үнемделген ақшаға тұрмыстық техника көп алатын болған:

- Бұрын азық-түлікке халық табысының 50 пайызын жұмсаса, қазір Астанада 40 пайызға азайған. Яғни, қазір тұрғындар тоңазытқыштар, шаң сорғыштар алатын болған.

Астанадағы ұлттық компаниялардың бірінде жұмыс істейтін 28 жасар Айнұр Исабекованың айтуынша, соңғы бірнеше жылда оның еңбекақысы едәуір көтерілген. Бірақ, үйдегі заттар бәрібір көбеймеді, дейді ол:

- Қазір, мың долларға дейін көтерілді. Бірақ, ақшаның құны төмендеп кетті, сосын азық- түлік, киім, тұрмыстық техника қымбаттады. Ештеңе ала алмаймыз тамағымыздан, коммуналдық төлемнен ақша артылмайды.

Астанадағы ұлттық компаниялардың бірінде жұмыс істейтін 28 жасар Айнұр Исабекованың айтуынша, коммуналдық қызметтерде бағаларын оқсын-оқсын көтеріп тұрады:

- Бұрын телефонды екі-үш жылда бір көтеруші еді. Қазір, жарты жылда бір көтереді. Жылу үшін бір қыста екі есеге көтереді.

Қазақстанның бас еңбек инспекторы Серікқали Бисеқаевтің айтуынша, коммуналды қызметтер көрсететін кәсіпорындардағы тарифтің көтерілуі орынды:

- Коммуналдық қызметтерде еңбекақысын көтеруді талап етеді. Ондада қарапайым адамдар жұмыс істейді. Құбырлар ескірген, олардың бәрін жөндемесе тағы болмайды.

Қосымша айтарымыз Қазақстан президенті соңғы жолдауында бюджеттік мекеме қызметкерлерінің еңбекақысын осы жылдың жаз айларынан бастап, 32 пайызға көтеруге уәде берген.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG