Accessibility links

Қазақстан дипломаттарына мемлекеттік тілді білу міндеті қойылды


Қазақстан сыртқы істер министрлігінде қағаз-құжат айналымының 60 пайызы мемлекеттік тіл – қазақ тіліне көшірілген. Сонымен бірге министрлік қызметкерлерінің қазақша білетіндері шет елдердегі дипломатиялық қызметтерге бірінші кезекте жіберілетін болып шешіліпті.

Бір айта кетерлігі, Ерлан Ыдырысов Қазақстанның сыртқы істер министрі болып тұрған кезде «Дипломатиялық қызмет туралы» заңға дипломатиялық қызметте мемлекеттік тіл қажет емес деген бап енгізілген болатын. Енді ол заңға мемлекеттік тілді білуді міндеттейтін өзгеріс енгізу мәселесі қаралып жатыр.

Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметкері Мұхтар Кәрібайдың айтуынша, министрлікте мемлекеттік тілден алты айда бір рет сынақ өткізіліп тұрады. Аттестациялаудың қорытындысы әрбір қызметкердің іс қағаздарына түсіріледі. Мұның өзі қызметкердің лауазымының өсуіне әсер етпек.

Сондай-ақ, шетелдерге дипломатиялық қызметке қазақ тілін білетін мамандар бірінші кезекте жіберіледі. Сыртқы істер министрлігінің ішкі құжаттары мен ресми қатынас қағаздарының 60 пайызы мемлекеттік тілде жүргізілсе көптеген министрліктерде сең әлі қозғала қойған жоқ..

Қазақстан әділет министрлігінің мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы Өтепберген Ақыпбекұлының айтуынша, елдегі министрліктер мен үкіметтік құрылымдарда мемлекеттік тілдің іс қағаздарындағы қолданысқа енгізілуі әлі жүзеге асырыла қойған жоқ. Ал, республикалық тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омарұлы ел аумағындағы ресми іс қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілуіне кедергі келтіріп отырған үкіметтік құрылымдар екендігін тексерулер көрсеткенін айтады:

- Өйткені, оңтүстік облыстардағы іс-қағаздары қазақ тіліне көшірілгенімен, оларға орталықтан баратын құжаттар тек орыс тілінде жіберіліп келеді. Соған сәйкес салалық бағыныстағы мекемелерге жоғарыдан құжаттар қай тілде түссе сол тілде жауап беріледі.

Азаттық радиосына осы мәселеге байланысты берген жауабында Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметкері Мұхтар Кәрібай министрлікте іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізетін мамандарға үстеме ақы төленетінін айтады. Бұдан үш жыл бұрын «Дипломатиялық қызмет туралы» заң қабылданғанда дипломатиялық қызметке мемлекеттік тілді білу міндет емес деген бап енгізілген болатын.

- Министрліктің бастамашылығымен енді ол заңға дипломаттарға мемлекеттік тілді білуді міндеттейтін бап енгізілмекші, - деді Мұхтар Кәрібай мырза.

Әділет министрлігінің мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы Өтепберген Ақыпбекұлы парламент мәжілісінің депутаты Мұхтар Шахановтың Қазақстанның барлық мекемелері мен кәсіпорындарында мемлекеттік тіл туралы заңның талаптары мүлтіксіз орындалуы үшін тіл полициясын құру қажет деген ұсынысын қолдайтынын айтып отыр.

Ал сыртқы істер министрлігінің өкілі Мұхтар Кәрібай мемлекеттік тілді жетік меңгерген мамандарға кәсіпорынның немесе мекеменің еңбекақы қорынан үнемделген қаржы есебінен үстеме төленуі дұрыс, ол бюджет есебінен бөлек қаржыландырылуы тиіс деп санайды.
XS
SM
MD
LG