Accessibility links

Алматыдағы жұмыссыздардың 33 пайызын жастар құрап отыр


Қазақстанда сәуірдің 1-нен басталатын “Қазақстанның жаңа ресурстары - 2005" деп аталатын республикалық акция ел жастары арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуге арналған.

Бұл шараны ұйымдастырушы «Қазіргі заманғы білім» қоғамдық қоры алдағы жарты жылдың ішінде елде бір мыңдай адамды жұмыспен қамтамасыз етуді жоспарлап, елдегі жұмыссыз жүрген жастарға қатысты ақпараттар банкін қалыптастырып, бұл істе Интернет мүмкіндігін де пайдалануды мақсат тұтып отыр. Қоғамдық қордың вице-президенті Сағын-Герей Бәйменов бұл жоба ұзақ мерзімге созылуы да ықтимал деген ойын айтады:

- Алғашқы бес айда біз жоспарымыздың бірінші жартысын іске асырамыз. Бізбен бірге жұмыс істейтін мамандарды әзірлейміз, интернет жүйесі бойынша жұмыс істейміз. Негізінен бұл жоба бір ғасыр бойы жұмыс істейді деп ойлаймын. Біз кетсек, басқалары келеді.

Қазақстан жастарын жұмыспен қамтамасыз етуді көздеген қор өкілдері жарты жылда бір мыңдай адамды жұмыспен қамтамасыз етуді көксеп отыр. Осы мақсатта олар «Staff.kz» интернет жүйесін пайдаланбақшы. Бұл жүйеде жұмыс іздеп жүрген, жоғарғы немесе орта кәсіби оқу орындарының түлектері туралы ақпарат қоры болады.

Сонымен бірге осы жүйедегі сұраныс арқылы «Қазіргі заманғы білім» қорының мамандары Қазақстандағы оқу орындарының рейтінгін анықтауды көздеп отыр. Әзірге бұл жүйедегі ақпарат тек ресми тілде ғана жароияланған. Алайда, болашақта бұл кемшілік реттеледі деп сендіруге тырысады қоғамдық қордың вице-президенті Сағын-Герей Бәйменов.

Жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге құлшынып отырған қор әзірге бүгінгі таңда елде жұмыссыз жүрген жастардың нақты санын білмейді. Олар тиісті ақпаратты енді ғана жинап жатқанын айтып отыр. Ал, Алматы қалалық еңбек және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің қызметкері Айгүл Маратованың айтуынша, Алматы бойынша жұмыссыз отырған азаматтардың 33 пайызын жастар құрайды екен.

- Өткен жылдың соңғы тоқсанының қорытындысы бойынша, біздегі өкілетті органға 6173 адам тіркелген, соның 794 адамы 16-24 жас арасындағы жас азаматтар. Бүгінде жұмыс іздеп, арнайы органға тіркелген азаматтардың 13 пайызы – жастар, бұл бізде бар ақпарат. Ал Алматы статистикасына жүгінсек, қазіргі кезде Алматыда 53 мыңдай адам жұмыссыз болса, оның 33 пайызын жастар құрайды, - дейді Айгүл Маратова.

«Қазіргі заманғы білім» қоғамдық қоры жастарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін қолға алып отырған жобаны демеушілердің қаржысына іске асырмақшы.
XS
SM
MD
LG