Accessibility links

Алматы мектептерінің өз интернет басылымдары болады


“Алматы мектептерінің электронды балалар газеті жүйесін құру” деп аталатын жобаның басты мақсаты – Алматы мектептерінде он-лайн жүйесінде шығатын интернет басылымдар шығару, сол арқылы оқушыларды ашық ақпараттық қоғамның ақпарат құралының бейнесімен таныстыру болып табылады.

Осы жобаны жүзеге асырушы “Ақпараттық бастама” корпоративті қорының атқарушы директоры Михаил Тюнин Азаттық радиосына берген сұхбатында бұл шара қазақстандық интернетте қалыптасқан басқа мәселелерді де шешуге көмектесуі тиіс деген ойын білдірді:

- Біздің жоспарымызда тек Алматы қаласы бойынша 3-4 онлайн жүйесінде жарияланатын мектеп басылымын шығару бар. Осы арқылы біз қазақстандық интернетте мазмұн жағынан қалыптасқан бос кеңістікті толтырғымыз келеді.

Егер қаржы жағы шешілсе, ұйымдастырушылар жобаны бүкіл Қазақстан мектептері бойынша іске асырғылары келеді. Алайда бұған жобаны қаржылай демеп отырған “Сорос-Қазақстан” қорының бөліп отырған қаржысы жетпейді. Ал мемлекет қолдауы әзірге осы жоба туралы жылы лебізден әрі аспай тұр.

Сәуірдің 1-інен бастап, Қазақстандағы телекоммуникация саласындағы монополист кәсіпорын - “Қазақтелеком” ұлттық операторы Қазақстандық интернет көздерін пайдалану үшін төлемақысын 50 пайызға, ал барлық Қазақстан мектептері үшін интернет аймағы қызметінің бағасын 30 пайызға арзандататыны туралы жариялады.

Әйтсе де «Ақпараттық бастама» корпоративті қорының атқарушы директоры Михаил Тюнин бұл жеңілдіктерден қарапайым тұтынушылардың қазақстандық интерентке деген қызығушылығы арта түсетініне күмән келтіреді:

- Қазақстандық интернет үшін тариф бағаларын арзандату - ең алдымен қазақстандық интернетті дамыту үшін жасалып отырған іс. Алайда, бұл істен кейін пайдаланушылардың қатары өспейді. Өйткені қазақстандық интернет мазмұны жағынан кедей, ол әлі де болса интеренттің бар мүмкіндігін пайдалана алмай отыр.

Алматы қаласы мектептерінде интернет басылымдар жүйесін құру ісін, бұл жобаны ұйымдастырушылар, Алматы қаласының 11-ші сынып оқушысы Анастасия Цымбалдың мектеп оқушыларына арналған интернет-газетін жасау туралы ұсынысынан кейін бастапты.

“Звонок” («Қоңырау») деп аталатын ақпаратты-сауықтық жастар газетінің сайтында мектеп бітірушілер үшін Қазақстандағы жалпы ұлттық тестінің шарттары мен сұрақтары, түрлі мамандықтар туралы мәліметтер тәрізді оқушыларға керекті ақпараттармен қатар, мектеп оқушыларына қызықты жаңалықтар жарияланып тұрады. Сайт редакторы, 11-ші сынып оқушысы Анастасия Азаттық радиосына өзінің болашақта веб-журналист болғысы келетінін айтады:

- Қазір қазақстандық интернет кеңістікте жастарға арналған сайттар мен порталдар өте аз. Ал интернет журналистика Қазақстанда тіпті артта қалған деуге болады.

“Ақпараттық бастама” корпоративті қорының атқарушы директоры Михаил Тюниннің айтуынша, 3 кезеңнен тұратын бұл жобаның негізінде мектеп оқушылары мен ұстаздарына веб-сайтттар жасау мен электронды журналисткиа бойынша жаттығулар өткізу көзделген екен.

- Жалпы, әрқайсысы 3 сағаттан тұратын 17 сабақ өтетін болады. Оның 13-і журналистика негіздеріне, ал 4 сабақ веб-дизайн жасауға арналады.

Бұл жобаға қатысуға Алматы қаласының 11 мектебі тілек білдіріпті. Солардың бірі, №68 лингвистикалық гимназияның информатика пәні бойынша мұғалімі Елена Благодатская бұл іс мектептер арасында түрлі тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді деп санайды:

- Бізде жақында мектеп газеті шыға бастады. Онда біз мектеп ұстаздары мен оқушыларға қажетті мәліметтер жариялап отырамыз. Егер біз оны интернетке шығарсақ, өзге мектептер біздің ұстаздардың білім беру ісіндегі бастамаларымен, ал оқушылар өздеріне керекті мәліметтермен таныса алар еді.

Мамандардың есебі бойынша, қазіргі уақытта қазақстандық сайттардың саны 3 мыңға таяу. Олардың көпшілігін шаруашылық компаниялардың ресми сайты мен жеке адамдардың веб-беттері құрайды. Ал толыққанды қазақстандық ақпаратты-танымдық сайттардың саны өте аз. “Алматы мектептерінің электронды балалар газеті жүйесін құру” жобасын ұйымдастырушылар қолға алып отырған шара осы олқылықтардың орнын толтырады деп үміттенеді.
XS
SM
MD
LG