Accessibility links

Көкектің 1-і – күлкі күні


Көкектің 1-інде туған күнін атап өтетін Бердуақас Қабыл осы күнге арнап достарын алдау үшін, бірнеше әзіл үйреніп алыпты.

Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген Бердуақас Қабыл биыл 43 жасқа толып отыр. Өзім күлкі күні дүниеге келгендіктен, осы уақытқа дейін жұрт мені көрген кезде әзілдесіп, қалжыңдасқысы келеді дейді Бердуақас. Шыр етіп жарық дүниеге келген кездегі өмірінің бірінші мезеттерін Бердуақасқа анасы айтып беріпті:

- Мен туған кезде күліп келе жатқан акушер мені анама беріпті. Бірақ, сол күні бәрінен көп әкем күлген екен. Ол бәрінен көп күліп, өзінің тізесінен қағып, түу, әбден күлдірдіңдер деп бір қарық болып қалған.

Жұрт көкектің 1-ін неліктен күлкі күні деп атайтынын қазір ешкім нақты айта алмайды. Біреулер ежелгі Римде аңқаулар күні ақпан айының ортасында аталып өтілетін, сол кезден қалған дәстүр деседі. Келесілері ежелгі Үндістанда қалжың күні наурыздың 31-інде аталатын дейді. Тарихшылардың айтуынша ежелгі ирландықтар көкектің 1-інде әзілдейді екен. Ал, әзіл мен қалжыңды жиі естіп жүрген Бердуақас бізге де өз әзілдерінің бірін айтып берді:

- Шкафтың үстіне түбі жоқ қорап қоясыз. Ал, оның ішіне түрлі-түсті қағаз қиындыларын саласыз. Белгілі бір уақыттан кейін сол қорапты алмақшы болған адамның үстіне қағаз шашылуға тиіс.

Тарихшылардың кейбіреуі әзіл күні тарихын былайша суреттейді: баяғыда бір патша балықтан жасалған тағамды ұнатып қалып, келесі жолы тура сондай балықтан тамақ әзірлеуді тапсырады. Бірақ, аспазшылар ондай балықты таппай орнына басқасын салады. Патша алданып қалғанын сезген соң мұны әзіл түсініп, аспазшыларды жазаламайды. Сол уақыттан бері көкек айының алғашқы күні бір-бірін алдау дәстүрі қалыптасқан деседі. Бердуақас Қабылдың айтуынша, қиыншылықтары көп нарық заманында да бір-біріңді күлдіріп, шер тарқатқанның пайдасы көп:

- Сырты мөлдір емес бір ыдысқа толтырып су құясыз. Сосын, оның бетіне қағаз жабасыз да, қағазды басқан қалпы ыдысыңызды ақырындап аударып, столға төңкеріп қоясыз. Кейін сол қағазды ақырындап суырып аласыз. Сонда ыдыстың ішіндегі су төгілмейді. Мұны сезбеген адам столдың ортасында текке шашылып тұрған ыдысты көріп, жинап алмақшы болады. Ыдысты көтеріп қалған кезде үстіне су төгіледі.

Қазақстанда жүргізілген шағын сауалнама мәліметі бойынша, көкектің 1-күні тұрғындардың 70 пайызына жуығы таныстарын алдаймыз деп отыр. Әсіресе, бұл күні студенттер мен кәсіпкерлер әзілқой келеді екен. Бірақ, кәсіпкерлер бұл күнгі әзілдерінен пайда іздемейді. Біздің әңгімеміздің кейіпкері Бердуақас Қабыл болса, әзіл күні өз туған күнімен бірге болғандықтан, кейде осы күнді қонақсыз өткізуге мәжбүр боламын дейді. Студент болып жүргенде жаңадан әскерден оралған Бердуақас жатақханадағы құрбы құрдастарын туған күніне шақырмақшы болған:

- Кешкі ас кезі болған, шақырсақ ешкім келмейді. Әзілдеп отырсыңдар дейді. Қыздарға барсақ, ей, кетші әзілдеп отырсың, дейді. Сосын төлқұжатымды алып көрсеттім, міне, туған күнім деп, сөйтсем бәрі күледі.

Әйтседе, көкектің 1-інде туған Бердуақас бұл күнде туғаным маған қайсарлық сыйлады дейді. Астанадағы ауыл шаруашылық институтына оқуға тапсырғысы келген жылы ол оқуға түсе алмапты:

- Алғашқы жылы оқуға түсе алмадым. Менің құрбыларым жиналып, еліне кетіп жатқанда мені арым жібермеді. Мен барсам, бәрі күлетін сияқты. Бір жыл дайындалып, түсіп кеттім.

Қазір 2 баласы бар Бердуақас Астанадағы көгалдандыру жұмыстарымен айналысатын «Жасыл аймақ» кәсіпорнында баспасөз хатшысы болып жұмыс істейді.
XS
SM
MD
LG