Accessibility links

Қазақстан РR-мамандарына мұқтаж


Қазақстандық кәсіпқой РR клубтары студенттік РR жобаларға үшінші республикалық байқау жариялады. «Пиаршы» қауымдастығының өкілдері жоғарғы оқу орындарында пи-ар туралы мағлұмат беретін сабақтардың қысқаруы Қазақстан компанияларының дамуына кесірін тигізетінін айтып отыр.

«Пиаршы» клубының президенті Майраш Тайкенованың айтуынша, бұл байқау үшінші рет өткізіліп отыр. Бірінші байқауда жүлдеге ақшалай сыйлықтар тігілген. Өткен жылғы байқауда пи-ар мамандарына қажет арнайы кітаптар берілді.

- Ал, үшінші байқауда кітаптармен қатар жас мамандарға сертификат және дайын жоба бойынша жұмыс ұсынылады, - дейді Майраш Тайкенова.

Қазақстан баспасөз клубының қызметкері, пи-ар маманы Сәкен Балбаевтың айтуынша, Қазақстанда пи-ар мамандары журналистерге жатқызылған.

- Ал, шын мәнісінде олар басқарушыларға көбірек тән жұмыс атқарады. Сондықтан, экономикалық мамандықтарда бұл сабақ кестесінен алынған екен. Ал, бұл күні ертең Қазақстан экономикасының дамуына кесірін тигізуі мүмін, - дейді Сәкен Балбаев. - Бұл мамандық дамып келе жатқан соң жастарды үйрету керек. Бірақ, биыл бұл мамандықты тізімнен сызып тастаған. Ал, ертең бұл Қазақстан компанияларына керек болады. Әсіресе құнды қағаздар нарығы дамыған кезде.

«Пиаршы» қауымдастығының мүшесі, Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаевтың айтуынша, пи-ар мамандарын дайындауды көбейтудің орнына азайтып жатқаны дұрыс емес.

- Кіші балам пи-ар мамандығында оқып жатыр. Естідім осы жылдан бастап пи-ар болмайды деп. Ол мамандық керек. Саясатқа болмаса да бизнеске керек. Бұрынғыдай Мәскеуге қарап отырамыз ба? Өз мамандарымыз керек. Парламент сайлауы болған кезде, бізге кім келмеді, Мәскеуден, тіпті Украниадан келді, оларға көп ақша кетті.

Жоғарғы оқу орнын жуырда тәмамдаған жас пи-ар маманы Есен Аманжоловтың айтуынша, Қазақстандағы көптеген кәсіпорындарда жұмыс істеп жатқан пи-ар мамандарының кәсіби білімі жоқ. Ал, білетіндерін басшылары тек қысқа уақытқа жететін имидж жасауға мүдделі етеді, дейді Есен Аманжолов:

- Олардың бәрі жеңіл жолмен келгендер. Бірақ, пи-ар ісін меңгермеген. Жалақысынан айырылмау үшін барын салады. Нарық заңдары бойынша, қай жерден ақша аласың сол жердің сойылын соғасың. Жеке мүдде, азаматтық пікір бәрі қалып қояды. Мен өзім жеке басымнан айта алам, ұлттық компанияда істеген кезде ол ұлттық деп аталғанымен ол ұлтқа қызмет етпейді. Басқа біреуге етеді. Біз сол үшін жұмыс істедік.

Мамандардың пікірінше, қазір Қазақстанда пи-ар мамандары әсіресе сайлау технологиялары саласында қажет. Пи-ар мамандары ежелгі Мысырдағы мифтер сияқты жақсы әңгіме айта білуі шарт. Өйткені, қазіргі замандағы компаниялар нағыз тауардан гөрі сол өнім немесе қызмет жайлы ақпаратты сатады, деген пікір бар.

Пи-ар маманы Сәкен Балбаевтың айтуынша, сабын көбігі сияқты көпіртілген имидж бәрібір көпке шыдамайды. Сондықтан, ұлттық компаниялардағы бұқарамен байланыс басқармаларының мамандары жасанды имидж жасаймын деп, керісінше нәтиже алуы мүмкін.

- Жаманды да, жақсыны да жасырмай әлеуметке, қоғамға айту нағыз пи-ар. Егер, бір рет жасанды пи-ар жасасаңыз, кейін ел бәрібір біледі.

Жас пи-ар маманы Есен Аманжоловтың айтуынша, саяси технологиялардың ішінде пи-арға мүлде жатпайтын, бірақ, бұқарада «қара пи-ар» аталып кеткен лас технологиялар қолданылады. Бірақ, ақ пен қара сияқты бұл құбылыстың жартысын алып тастау мүмкін емес дейді Есен Аманжолов:

- Бәрібір бізге саяси технологиялар заманы келді. Соның экспансиясының астында қалдық. Кез келген саяси оқиға сол технологияның жемісі. Саяси сайқалдық уақыты келді. Біз одан қаша алмаймыз.

«Пиаршы» клубының президенті Майраш Тайкенованың айтуынша, қазір пи-арды дамытуға кедергі болып отырған негізгі мәселе компания немесе мекеме басшыларының пи-ардың не екендігін түсінбеуінде жатыр. Көбісі оны толық түсінбейді немесе оны лас саяси технологиялармен байланыстырады, дейді Майраш Тайкенова.

Ал, байқау жеңімпаздарына бірнеше аталым бойынша, атап айтқанда, коммерциялық салаға, әлеуметтік даму жөнінде, шоу-бизнес жобасы мен дағдарысты жағдайдан шығу жолдарына арналған PR-жобаларға жүлде тапсырылады.
XS
SM
MD
LG