Accessibility links

Қазақстанда неке бұзудан алдыңғы боп Астана тұр


Қазақстанда 2004 жылдан бері қарай некеге тұру саны көбейіп, ажырасу азайған. Алайда, басқа облыстармен салыстырғанда, Астана қаласында керісінше, ажырасу саны өсіп отыр екен.

Сонымен қатар некеге тұру жасы да 1998-2000 жылдармен салыстырғанда ұлғайғаны байқалған. Астана қалалық әділет департаментінің мәліметі бойынша, 1998-2000 жылдары 18 жас пен 22 жас аралығындағы жастар некеге отырса, соңғы жылдары 22 жас пен 32 жас аралығындағы азаматтар отбасын құрған.

Ал ажырасудың негізгі себептерін сарапшылар әлеуметтік жағдаймен байланыстырса, Астана жастары мінездің сәйкес келмеуінен деп түсіндіреді. Астана қалалық әділет департаменті азаматтық хал-актілерін тіркеу және ұйымдастыру бөлімінің бастығы Жанар Хамзинаның айтуынша, өткен 2004 жылы Астана бойынша 3303 жас неке құрған. Ал биылғы жылдың бірінші тоқсанында некеге тұрушылардың саны күрт өсіпті.

- Биыл алғашқы тоқсанда 714 неке қиылды. Оның ішінде 18 қазақстандық азамат шетел азаматтарымен некеге отырған. 2004 жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда неке саны 103-ке өскен, - дейді Жанар Хамзина.

Жанар Ғалымжанқызының келтірген деректеріне қарағанда, некеге тұру жасы жылдан-жылға ұлғайып келеді екен. Өткен жылы ажырасқандардың саны 1134 болса, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 293 азамат некесін бұзыпты.

Бұл көрсеткіш өткен жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда көбейген. Алайда, Азаматтық хал-әктілерін тіркеу ұйымының бастығы Жанар Хамзинаның сөзіне қарағанда, жалпы Қазақстан бойынша ажырасу саны жылдан жылға төмендеп келеді.

- Бірақ, Астана қаласында ажырасу көрсеткіші көптеу, - дейді Жанар Ғалымжанқызы.

Оның айтуынша, көбінесе орта жастағы азаматтар ажырасып жатыр екен. Ал оның негізгі себептерін маман былайша түсіндіреді:

- Ажырасудың негізгі себептерінің бірі - әлеуметтік жағдайдың төмендігінен. Бірақ, қазіргі уақытта сараптама жүргізудің нәтижесінде, 2003 жылмен салыстырғанда ажырасу саны азайып отырғанын байқаймыз.

Қазақстан телеарнасындағы қыз-келіншектерге арналған «Ақжүніс» бағдарламасының жүргізушісі Сәуле Әбелдинова өз жұмысы барысында қыз-келіншектердің алуан-түрлі тағдырларымен танысқанын айтады. Соларды сараптай келе, ажырасуға себеп болатын басты жәйт - әлеуметтік жағдайдың төмендігі деп қорытады Сәуле:

- Баспана жоқ, жұмыс жоқ дейді. Отбасындағы жанжалдың бәрі ажырасуға әкеп соғады. Әсіресе, ер азаматтардың отбасының алдындағы жауапкершілігі жоқтығынан қыдыру, әйелінің көзіне шөп салу сияқты себептердің түбі ажырасуға апарады.

Кезінде «Қыз сыны» байқауында жүлделі орын алған, қазір тележүргізуші болып жүрген Сәуле Әбелдинова да екі баланы өсіріп отырған жалғыз басты ана. Ол өзінің жолдасымен жұлдызы жараспағанын айтады. Сәуле оның себептерін мынадан іздейді:

- Жасыратын несі бар, арамызда үшінші адам - басқа әйел пайда болды. Бірақ, мен неге көзіме шөп салдың деп оның бетіне басқан да емеспін. Ол менен он жас үлкен болды. Мен оны сіз деп сыйлап келдім, - дейді.

Азаттық радиосы жастар арасындағы ажырасудың себептері жөнінде астаналық жастар арасында шағын сауал жүргізіп, пікірін білген еді:

- Себебі отбасында түсінбеушілік көп болады. Ерте тұрмыс құру дұрыс деп ойламаймын. Неге десеңіз, олар әлі өмірді түсінбейді.

- Қазіргі заманда ажырасу әлеуметтік - экономикалық жағдайға тікелей байланысты деп ойлаймын.

- Бір-бірлерін сыйламағандықтан шығар деп ойлаймын.
XS
SM
MD
LG