Accessibility links

Өзбек билігі «Интерньюс» ұйымына қарсы іс қозғады


Бұрынғы совет одағында болған елдердегі бұқаралық ақпарат құралдарына қолдау танытатын АҚШ-тың халықаралық «Интерньюс» тобының Өзбекстандағы бөлімшесінің үстінен осы елдің заң орындары қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.

Өзбекстан бас прокуратурасының өкілі Светлана Артықованың Азаттық тілшісіне айтуынша, өзбек билігі «Интерньюс» тобының осы елдегі бөлімшесі қызметін заңсыз жүргізген деген айып тағып отыр.

- Өзбекстанда кей салада жұмыс жүргізу үшін әдетте лицензия талап етіледі. Бірақ, АҚШ-тың «Интерньюс Нетуорк» тобы әлгіндей лицензиясыз қызмет атқарғандықтан, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүріп жатыр, - деді Светлана Артықова.

Жалпы, «Интерньюс» тобы Өзбекстан әкімшілігінен 2004 жылдан бастап қысым көре бастаған. Ақырында, өткен күзде ол топтың жұмысы тоқтап тынған. Өзбекстан әділет министрлігінің хабарлауынша, «Интерньюс» дер кезінде тіркелмеген, сонымен қатар, Тәшкенттен сырттағы жұмыстары жөнінде, қызметкерлерінің саны және топтың жаңа мекенжайы туралы әкімшілікке хабарламаған. Міне, енді Өзбекстан прокуратурасы «Интерньюстың» қаржылық операцияларын тексеруде.

«Интерньюстың» Өзбекстандағы бөлімшесінің жетекшісі Катерина Елдридждің Азаттық радиосының тілшісіне айтуынша, ұйымға қылмыстық істің қозғалғандығы жөнінде оларға ресми түрде хабарланбапты.

- Біз өте қиын ахуалда қалдық. Бізге қарсы қозғалған ол қылмыстық іс жөнінде өзімізге ресми түрде хабарланбады. Сондықтан, әзірше, ешнәрсе айта алмаймыз, - деді топ жетекшісі.

Кейбір бақылаушылардың айтуынша, Өзбекстандағы «Интерньюс» тобына қарсы сот ісінің түпкі мақсаты - батыстық демеушілікпен келген ұйымдарды елден шығарып жіберу тәрізді.

Мәскеудегі экстремалды жағдайдағы журналистер орталығының директоры Олег Панфилов бұл мәселеге қатысты мынадай пікір айтады:

- Өзбекстандағы «Интерньюс» ұйымына байланысты істің саяси астары бар. Қаржылық заң бұзу жөніндегі айыптар күлкілі, әрине. Ресейдегі «Интерньюстің» негізін қалаушы ретінде мен ол ұйымның ТМД елдеріндегі қызметін жақсы білемін. Олардың қаржы саласындағы жұмысы өте тиянақты.

Интерньюс, әдетте, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын дамытатын жобаларға қолдау көрсетеді.

- Бұл ұйымның мұрат-мақсаты өте тамаша. Олар маман журналистерді жаттықтырады. Ұйым Өзбекстандағы бір топ журналисті дайындықтан өткізіп, халықтың көзін ашуға қызмет етіп келеді. Олардың қылмыстық істерге қатысы жоқ. Егер Өзбек әкімшілігі күшті журналистерді дайындайтын ұйымнан қорықса, бұл олар және қоғам алдындағы үлкен мәселе, - дейді журналист Ғалима Бухарбаева.

«Интерньюс» Өзбекстандағы тәуелсіз ақпараттың бір бұлағы есептеледі. Бірақ, соңғы кезде Грузияда болған саяси төңкеріс енді Өзбекстанда жалғасып, осындай халықтық қозғалыстың арқасында президент Кәрімовтің режимі құлатылуы да мүмкін деген үрей пайда болғандай. Билік орындары елдегі шетелдік ұйымдарға, бейүкіметтік топтарға қысымды күшейте бастады. Оның үстіне, көршілес Қырғызстанда да үлкен саяси толқулар болып өтті.

Қырғызстандағы бейүкіметтік ұйымдардың жергілікті режимді құлатудағы рөлі де аз емес, әрине. Міне сондықтан, Грузия, Украина және Қырғызстандағы халықтың ресми үкіметке, президенттерге қарсы қозғалыстары Өзбек әкімшілігін қатты алаңдатып отыр деп санайды Олег Панфилов:

- Әлбетте, «Интерньюске» қарсы бұл сот ісінің саяси астары бар. Жалпы, Орта Азиядағы жағдай Қырғыз еліндегі оқиғалардан кейін өте күрделеніп кетті. Сондықтан, Өзбекстан әкімшілігі тағы бір ақпарат бұлағын елден қуып шықпақ.

Дегенмен, «Интерньюс» бөлімінің жетекшісі Катерина Елдридж ұйымның елдегі қызметіне байланысты үмітін үзбейді:

- Біз Өзбекстанда 10 жылдан бері жұмыс істеп келеміз, сондықтан мұндағы ақпарат құралдарына қолдау саласындағы жұмысымыз одан әрі жалғасатын болар деген үміттеміз.
XS
SM
MD
LG