Accessibility links

«Келкел» - қырғыздың саяси белсенді жастар ұйымы


Бірнеше апта бойы Қырғызстанда болған көтеріліс кезінде көпшілік, «Келкел» жастар ұйымы - Сербия, Грузия, Украинадағы сияқты, елдегі саяси өзгеріске жетекші болады деп сенді. Бірақ, наурыздың 24-күні елде саяси төңкеріс болғанда, «Келкел» жастар ұйымы қаншалықты жауапкершілікті өздеріне ала алғаны белгісіз. Дегенмен, Қырғызстанның жаңа жетекшілеріне Бішкектегі билікті иеленуге көмектескен. Орта Азия елдеріндегі өмір осылайша ақырындап өзгере бастады. Қырғызстандағы «Келкел» жастар ұйымының жетекшілері енді Асқар Ақаевтан кейін билікке келген уақытша үкіметті өздері бақылауға алатындықтарын айтады.

Бірнеше апта бойы Қырғызстанда болған толқулар кезінде көпшілік, «Келкел» жастар ұйымы - Сербия, Грузия, Украинадағы сияқты, елдегі саяси өзгеріске жетекші болады деп сенді. Бірақ, наурыздың 24-күні елде саяси төңкеріс болғанда, «Келкел» жастар ұйымы қаншалықты жауапкершілікті өздеріне ала алғаны белгісіз.

Дегенмен, Қырғызстанның жаңа жетекшілеріне Бішкектегі билікті иеленуге көмектескен. Орта Азия елдеріндегі өмір осылайша ақырындап өзгере бастады. Қырғызстандағы «Келкел» жастар ұйымының жетекшілері енді Асқар Ақаевтан кейін билікке келген уақытша үкіметті өздері бақылауға алатындықтарын айтады.

Наурыздың 24-інде Бішкектегі Алатау алаңына жиналған жүздеген көтерілісшілер Асқар Ақаев пен оның үкіметінің биліктен кетуін талап етті. Бірер сәттен кейін алаңдағы шерушілер мен биліктің жіберген үгітшілері арасында қақтығыс шығып, Ішкі істер министрлігінің жасақтары мен полиция күштері Ақ үйдің маңына шоғырлана бастағанда, шиеленіс күшейіп кетті.

Жарты сағаттан кейін, кезінде Ақаев пен оның министрлерінің ордасы болған Ақ үй көшедегі наразы топтардың бақылауына өтті. Сөйтіп, ол топтың адамдары ғимаратты тонап, терезеден жиһаздарды шығарып әкете бастады. Бұндай жайтты күтпеген оппозиция белсенділерінің бірі Шолпон Бакиева өзінің қандай күйге болғанын былай түсіндіреді:

- Бәрі көзді ашып-жұмғанша болды. Сондай тез болғаны соншалық, мен ештеңе сезбей, бірер сәт есімнен танып қалдым. Шамамен жарты сағаттай ес-түссіз күйде тұрдым. Сосын адамдар өз-өздеріне келіп, не болғанын түсіне бастады. Содан кейін мен қуандым. Басыма келген ең үлкен ой - билік халыққа келді. Одан соң миыма айқын ойлар келе бастады. Енді не болады? Билікке кім келеді? Бұдан кейін не істеуіміз қажет?

20 жастағы Шолпон Қырғызстанның «Келкел» жастар ұйымының мүшесі. Ол ондаған басқа да белсенді топтармен бірігіп, наурыздың 24-інде Алатау алаңындағы көтеріліске қатысқан әрі сол жердегі жағдайды бақылаған. «Келкелдің» ұлттық үйлестірушісі Әлішер Мамасалиев те ашулы халық өкілдері қауіпсіздік күштерімен текетіресіп жатқанда алаңда болған. Азаттық радиосына берген сұхбатында ол оппозиция жетекшілерінің тез қарқын алған бейберекет әрекеттерді тоқтатуға дәрменсіз болып қалғанын айтады.

- Тонау әрекеттері басталғанда оппозиция жетекшілері бізге жұртты тәртіпке шақыруға және барлық жайтты бақылауға алуға тапсырма береді деп күткен едік. Бірақ, біз күткендей болмады, сосын біраз заттарды жинай бастадық. Содан кейін біз, тапсырма күтудің енді керек емес екенін түсіндік - дейді «Келкелдің» мүшесі Әлішер Мамасалиев.

Оның айтуынша, «Келкелдің» мүшелері жағдайды бақылауға алуды өздері шешіп, Ақ үйді тонап-қиратып жатқан адамдарға тоқтау айта бастаған. «Келкелдің» 30-жастағы үйлестірушісі, сонымен қатар, оқиға барысында ашулы көтерілісшілерден полиция мен сарбаздарды қорғағанын айтады.

- Менің түсінгенімдей, онда біздің жақтан да жанжал іздеген арандатушылар болды. Бізге көтерілісшілер мен жас әскери сарбаздардың арасына түсуімізге тура келді. Олар - жасы 18-дер шамасындағы, көздеріне қорқыныш ұялаған жас балалар еді. Олар әлгіндей жағдайда не істерін білмеді. Олардың командирлері де не істеу қажеттігін білген жоқ. Сондықтан, біз оларға осы жерден кеткендерің жөн деп айттық, - дейді Әлішер Мамасалиев.

Ал содан кейін Бішкекте түні бойы қарақшылық әрекеттер жалғасты. «Келкелдің» тағы бір белсенді өкілі Дамира Ұлықбаева, Ақ үйді басып алғанда «Келкел» жастар ұйымының аздаған өкілдері болды, онда көбінесе Қырғызстанның әр аймағынан келген қарапайым халық болды дегенді айтты.

- Барлық қалаларда - Ош, Жалалабад, Талас, Қошқор, Ақсу қалаларында біздің өкілдіктер бар, онда біраз жұмыстар жасадық. Сол өкілдеріміз Бішкектегі наразылық шеруіне қатысып, Ақ үйді басып алуға қатысты, - дейді «Келкелдің» мүшесі Дамира Ұлықбаева.

Негізі қаңтар айында құрылған «Келкел» жастар ұйымы қырғыз жастарын саяси белсенді болуға шақырды. Ақпанның 27-сі мен наурыздың 13-інде болған парламент сайлауларында олар биліктің басқару жүйесі мен жемқорлық әрекеттерін айыптап, елдегі жастарды билікке қарсы дауыс беруге үндеген еді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG