Accessibility links

БҰҰ Дарфурдегі күдіктілердің тізімін халықаралық сотқа берді


БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннан Судан елінің Дарфур аймағында жаппай кісі өлтіріп, зұлымдық және тонаушылық жасады деген күдіктілердің тізімін халықаралық қылмыстық істер сотына берді.

Бұл шара соғыс қылмыстарына қатысты айыптаулардың алғашқы қадамы болмақ. Ал, Суданның астанасы Хартумде ондаған мың адам БҰҰ-ның бұл қарарына наразылық білдіріп, шерулер өткізді.

БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннан күдікті деп танылып отырған 51 адамның тізімін Халықаралық Қылмыстық істер сотындағы алғашқы прокурор Луис Морено Окампоға тапсырды. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі өткен жылы адам құқықтары туралы ақпарат жинау үшін тәуелсіз комиссияны Дарфурге жіберген болатын. Сол комиссия аталған тізімді жасаған еді. Ол тізімде үкімет өкілдерінің, үкіметке жақын Джанджауид атты Араб милициясы өкілдерінің және сол кездегі көтерілісшілердің есімдері де бар.

Бұдан бұрын Гаага соты жоғарыдағы комиссияның қорытындыларын алған болатын. БҰҰ комиссиясының қорытындыларына сілтеме жасап, прокурор Морено Окампо былай дейді:

- Дарфурде бейкүнә адамдар жаппай өлтірілген, қыз-келіншектер жиі зорлық-зомбылық көрген және бүкіл отбасы мүшелерімен өртеп жіберілген делінген комиссияның баяндамасында. Осы Дарфурдегі жазасыздықты тоқтату үшін және адамдардың өмірін сақтау мақсатында халықаралық қауымдастық бірікті.

Соңғы 2 жылда Дарфурде 2 миллионға жуық адам үйлерін тастап қашып, босып кетуге мәжбүр болған және ондаған мың адам өлтірілген. Оны Америка Құрама Штаты және басқа елдер “геноцид” деп атап, бұған Суданның үкіметке жақын милициясын айыптады.

Өткен аптада БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Дарфурдегі соғыс қылмыстарына қатысты деген күдіктілердің тізімін Халықаралық сотқа жіберу мәселесі бойынша дауыс берді. Бұл Қауіпсіздік кеңестің Гаага сотына ұсынған алғашқы қарары.

Аталған сот геноцид, соғыс қылмыстық істері және жаппай адам құқығын бұзу сияқты қылмыстық әрекеттер жасағандардың ісін қарау үшін құрылған болатын. Гаага трибуналы Дарфурде қылмыстық іс жасады деп күдіктелгендерге тұтқындау ордерін қашан беретінін нақты айтуға әлі ертерек. Мұндай сот айыптаулары қалай шешілетіні әлі анық емес. Ал, Судан үкіметі өзінің азаматтарын басқа елдің сотына беруден бас тартып отыр.

Ибрахим Ахмед Омар - Ұлттық конгресс партиясының бас хатшысы. Омардың айтуынша, Судан елі қылмыскер деп күдіктелгендердің ісін өзі қарайды.

- Ондаған мың адам БҰҰ мен Қауіпсіздік кеңесіне қарсы наразылық білдіріп жатыр. Олар әлемге Суданды мұндай жолмен ала алмайды деп айтуда. Судандықтардың намысы күшті, олар Суданнан тыс жерде сот істерін қаратқысы келмейді. Біздің сот жүйеміз әділетті және өз ісін атқара алады, - деді Омар, Суданның астанасы Хартумде өткен шеруде.

Мұндағы наразылық білдірушілердің көбі жастар. Олар АҚШ елшілігінің алдына жиналып, Америкаға қарсы үндеулер айқайлап айтып жатыр және БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннанды қорқақ деп атап, Американың агенті деп айыптауда.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG