Accessibility links

Баспасөзге шолу. 8 сәуір 2005 жыл


Жұма күнгі жарық көрген басылымдарда алдағы президенттік сайлаудың қашан өтуі мүмкін екендігі туралы сарапшылар өз ойларын ортаға салыпты. Оппозиция Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы өтетін президенттік сайлауға қатысуға заңдық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да құқысы жоқ деп санайды.

“Республика” басылымында жарық көрген Денис Дашковтың мақаласында мемлекет басшысының президент сайлауының алдындағы науқанды бастап кеткендігі туралы болжам жасалыныпты. Осы сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы редакцияда Қазақстан Республикасының премьер-министрі Даниал Ахметовтың “Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауын түсіндіру және жүзеге асыру жөнінде ақпараттық-насихаттық топ құру туралы” қабылдаған қаулысының көшірмесінің бар екендігіне тоқталыпты.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, бұл науқандық жұмысты жасауға көптеген лауазымы жоғары шенеуніктер жұмылдырылған және оның аяқталу мерзімі тамыздың 1-не белгіленіп отыр. Осыған орай мақала авторы ақпараттық-насихат жұмысының тамыздың 1-нде аяқталуы алдағы президент сайлауы 2005 жылдың желтоқсан айында өтетіндігін аңғартып отыр деп пайымдайды.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Жас қазақ” басылымында “Президент сайлауы қай жылы өтеді” деген тақырыппен мақалалар топтамасы ұйымдастырылыпты. “Жас қазақ” газетінің тілшісі Берік Тұрғанбекұлының айтуынша Президент сайлауы 2006 жылы өтеді. Сарапшының пікіріне сүйенсек, оның ең басты себебі, бір жарым жылдың ішінде әлеуметтік бағдарлама өз жемісін бере бастайды.

Осы мәселеге қатысты өз ой-пікірін білдірген қоғам қайраткері Болатхан Тайжанның айтуынша, 1999 жылы жеңіске жеткен президенттің уақыты 2006 жылдың қаңтар айында бітетіндіктен, егер сайлау 2006 жылдың желтоқсан айында өтетін болса, қазіргі президент бұл орында 11 ай заңсыз отырған болып саналады. Сол себептен де Болатхан Тайжан ендігі президент сайлауы Конституцияға сәйкес 2005 жылдың желтоқсан айында өтуі тиіс деп пайымдайды.

Мәжіліс депутаттары Амалбек Тшан мен Серік Әбдірахманов та президент сайлауының өз уақытында, яғни 2005 жылдың желтоқсанында өткенін қалайтындығын білдіріпті. Республикалық тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің мүшесі, Алматыдағы Хельсинки комитетінің заңгері Жанғазы Күнсеркин “Сөз” газетіне берген сұхбатында “Сайлау” туралы заңға енгізілген өзгертулердің алдағы өтетін президент сайлауымен тікелей байланысы бар екендігін айта келіп, оның кейбір тұстарының Конституцияға қайшы келетіндігін атап өтіпті.

Жанғазы Күнсеркин “Сайлау” туралы заңға Орталық Сайлау Комиссиясы сайлаудың қорытындысын шығарғанға дейін халықтың наразылық шеруін өткізуіне тиым салу туралы баптың енгізілуін адам құқығының бұзылуы деп санайды екен. Жанғазы Күнсеркиннің айтуынша, билік алдағы уақытта азаматтардың наразылығын туғызатын қадамдарға өзі итермелеп отыр.

“Жұма таймс/Дата недели” апталығы болса “Назарбаевтың алдағы сайлауға түсуге құқы бар ма?” деген сауал қойып, осыған қатысты заңгер Евгений Жовтис, белгілі оппозиционер Заманбек Нұрқаділов және парламенттің экс-депутаты Төлен Тоқтасынов өз пікірлерін беріпті. Заңгер Евгений Жовтистің айтуынша, Конституция бойынша Президенттің екі мерзім ғана сайлану құқы болғандықтан, Конституцияның өзгертіліп, Нұрсұлтан Назарбаевтың қайтадан сайлауға түсуі заңға қайшы келеді.

Белгілі оппозиционер Заманбек Нұрқаділов болса Нұрсұлтан Назарбаевқа осы сайлауға түсуге болатыны туралы заңдық негіздердің бәрі де қолдан жасалған деп есептейді екен. Нұрқаділовтың айтуынша, егер Н.Назарбаевтың 1984 жылы Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқара бастаған кезінен бастап есептесек, оның билік басында отырғанына 21 жыл толады. Экс-депутат Төлен Тоқтасынов та мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлауға түсуге моральдық та, заңдық құқы да жоқ деп есептейді екен.

“Сайлау” туралы заңға енгізілгелі жатқан өзгертулерге байланысты “Свобода слова” басылымында жарық көрген саясаттанушы Андрей Чеботаревтың сараптама мақаласында бұл заңның тез арада қаралып, тез қабылдануы алдағы президент сайлауының үстіміздегі жылы өтетіндігін аңғартады деген қорытынды жасапты.

Сарапшының пайымдауынша, “Сайлау” туралы заңға өзгертулер енгізу арқылы билік Грузиядағы, Украиндағы және Қырғызстандағы оқиғалардың Қазақстанда қайталануына жол бергізбеуді көздеп отыр. Андрей Чеботаревтың пікірінше, алдағы Президент сайлауының әділ өтпейтіндігі қазіргі кезден-ақ аңғарылып отыр.

«Егер де шенеуніктер, алдағы сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың әділ жолмен жеңіске жететіндігіне сенімді болса, онда олар оппозиция тарапынан болатын толқулардан сескенбей, “Сайлау” туралы заңға өзгертулер енгізбес еді» дейді саясаттанушы Андрей Чеботарев.

“Central Asia Monitor” басылымында жарық көрген Вероника Лимнің мақаласында саясаткер Әлихан Бәйменовтің де алдағы өтетін президент сайлауына қатысуы мүмкін екені айтылыпты.
XS
SM
MD
LG