Accessibility links

Өскеменде “Ертіс-транс» кәсіпорнының 15 жұмысшысы аштық жариялады


Өскемендегі «Ертіс-транс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 15 жұмысшысы аштық жариялап жатыр. Олар бес жыл бұрын өздері жекешелендірген, жалпы мүлкінің құны 58 миллион теңге тұратын кәсіпорынды өзге біреудің 4 миллион теңгеге сатып алмақ ниетіне наразылық білдіріп жатыр.

Шығыс Қазақстан облысындағы «Ертіс-транс» кәсіпорнының ұжымы осыдан бес жыл бұрын жұмысы тоқырауға ұшыраған өзен-кеме шаруашылығынан акционерлік қоғам ретінде 58 миллион теңге мүлкімен жекешелендіріп алады. Кәсіпорынның заңгері Виктория Голенконың айтуынша, оның қалған жартысын «ВКТЭК» деген фирма алады. Жұмысы жақсы жолға қойылған кәсіпорынға қолында қаржысы барлар қызыға бастайды.

- «ВКТЭК» фирмасын қолына түсірген, Алматыда тіркелген «Ақсу» ЖШС-нің президенті Евгений Суров осы жылғы наурыз айында Шығыс Қазақстан облыстық соты арқылы «Ертіс-транс» кәсіпорынын 4 миллион теңгеге сатып алуға әрекет етеді. Бірақ, оған жұмысшылар түбегейлі қарсы шықты. Өйткені, жұмысшылар «Ақсу» ЖШС-нің делдалдық қызметпен ғана шектеліп отырғанын көріп отыр, - дейді кәсіпорын заңгері.

Қазақстанның республикалық қазынашылық су көлігі кәсіпорнының Шығыс Қазақстандағы басқарма бастығы Галина Петренко болса, жұма күні «Азаттық» радиосына осы мәселеге байланысты берген жауабында, «Ертіс-транстың» негізгі міндеті - жүк және жолаушыларды тасымалдау болса, оны кәсіпорын жұмысшылары өз дәрежесінде орындап отыр деген пікір айтты. Ал, облыстық әкімшіліктегілер бұл істен бойларын аулақ салып отыр.

- Біздің ешқандай қатысымыз жоқ..Жеке иеліктердегі кәсіпорындардың ісіне араласуға құқымыз жоқ, - деді «Азаттық» радиосы тілшісінің қойған сауалына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Эдуард Огай.

Осы мәселе жөнінде Қазақстанның көлік және коммуникация министрлігінің су көлігі департаменті директорының орынбасары Аманкелді Асатовпен хабарласқанымызда, департамент директоры Берік Құсмановтың Шығыс Қазақстанға шұғыл іссапарға аттанып кеткендігін айтты.

Заңгер Виктория Голенко кәсіпорында орын алған жайсыздықтар туралы облыс басшылары ғана емес, тексеру орындарының республика үкіметіне, Парламентке осы облыстан сайланған депутаттарға, Президент Назарбаевтың атына да хат түсіргендерін айтады.

Осы жайтқа байланысты Азаттық радиосына берген сұхбатында, Парламент Мәжілісіне Шығыс Қазақстан облысынан сайланған депутат Вера Сухорукова аталмыш мәселе жөнінде өскемендік үш депутат республиканың Бас прокуроры Рашид Түсіпбековтың, Қаржы полициясы агенттігінің төрағасы Сарыбай Қалмырзаевтың атына хат түсіргендерін, содан бүгін жауап алып отырғанын баяндады.

Депутат Вера Сухорукованың айтуынша, наурыз айында шығарылған облыстық соттың шешімі «Ертіс-транс» кәсіпорны жұмысшыларының талап етуімен қайта қаралған. Тексеру нәтижесінде «ВКТЭК» фирмасы мен Өзен-кеме шаруашылығы арасындағы келісім-шартты толтыру кезінде жалған құжаттар пайдаланылғаны анықталған. Депутатқа берген жауабында Қазақстанның қаржы және экономикалық қылмыстарға қарсы күрес агенттігінің төрағасы Сарыбай Қалмырзаев «ВКТЭК» фирмасының басшысына іздеу жарияланғанын, ол құрықталса, одан прокуратура мен соттардың коррупцияға қатыстылығы сұралатындығын жазған көрінеді.

Сонымен, «Ертіс-транс» кәсіпорнының заңгері Виктория Голенко, көкектің 8-інен бастап аштық жариялаған өскемендік 15 жұмысшы айтылған талаптары орындалып, әділеттілік қалпына келетіндігіне көздері жетсе ғана аштықты тоқтататуға бекініп отырғанын айтады.
XS
SM
MD
LG