Accessibility links

Кәсіпкерлер Алматы облысының әкімі Шалбай Құлмахановтың қызметінен кетуін талап етті


Алматы облысының бір топ кәсіпкері облыс әкімі Шалбай Құлмахановты қызметінен алуды сұрап Қазақстан президентінің атына үндеу жариялады. Олар Шалбай Құлмахановтың осы қызметке келгелі кәсіпкерлердің иелігіндегі жерлерді, шаруа қожалықтарын заңсыз тартып алып, өзінің туған-туыстарына, таныстарына үлестіріп берді деп кінә тағады.

Алматы облысының Ауған соғысы ардагерлері ұйымы басқармасының төрағасы Шорлақ Ильясұлы Талдықорған облысы тарағаннан кейін, 1996 жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашып, Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағын жекешелендіріп алады. Ол 2001 жылы инвестор тауып, саябаққа аквопарк салғызбақшы болады. Алайда, оған Алматы облысының әкімі Шалбай Құлмаханов бүгінгі күнге дейін рұқсат бермей келеді дейді Шорлақ Ильясұлы:

- Алдымен саябаққа хаюанаттар бағын салғызбақшы болдым. Бірақ, облыс әкімшілігі рұқсат бермеді. Одан кейін аквопарк салу туралы жоспар болды. Оған да рұқсат етпеді. Бізде көркемдік кеңес деген бар, оның төрағасы Шалбай Құлмаханов.

Талдықорған қаласының тұрғыны, кәсіпкер Шорлақ Ильясұлы Азаттық радиосына берген сұхбатында Алматы облысының әкімі Шалбай Құлмаханов бизнес саласында өзіне бәсеке болуын қаламайды дейді. Ал 61 жастағы көп балалы ана Нұргүл Бекешова 1997 жылы мемлекеттен 11 гектар жерді 99 жылға жалға алады. Ол бұл жерге алма ағаштарын отырғызып, алма өсірумен шұғылданады. Алайда, 2003 жылы соттың шешімімен облыс әкімі ол жерді алып алғанын айтады.

- Талдықорғандағы экономикалық сот бір күнде шақырып алды да, жерімді тартып алды. Негізгі таққан айыптары - өзен басталған жерден 20 метр қалдыру керек дейді. Ал ол жерді маған әкімішілік беріп отыр. Менің жазығым қанша?! - дейді көп балалы ана.

Нұргүл Бекешова бүгінде ол жер облыс әкімі Шалбай Құлмахановтың демалатын саяжайына айналған деп отыр. Азаттық радиосы жоғарыдағы кәсіпкерлердің көтерген мәселелеріне қатысты Алматы облысының әкімі Шалбай Құлмахановтың баспасөз хатшысы Атсәлім Сәлімұлынан мән-жайды түсіндіріп беруді сұраған еді, ол:

- Кәсіпкерлердің көтеріп отырған мәселесі заңға қайшы келеді, олар эмоцияға беріліп айтып жатыр. Біз өзіміз баспасөз мәслихатын өткізейін деп жатырмыз. Сонда барлығын түсіндіріп айтамыз, - деп жауап берді.

Алматы облысынан сайланған мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов президентке үндеу жолдаған кәсіпкерлердің сөзін қолдап отыр:

- Бірінші күннен бастап Шалбай Құлмаханов Алматы облысын өзінің жекеменшігіне айналдыруға кірісті. Не заң жоқ, бақылау жоқ, халықты менсінбейді. Алматыдағы базарлардың жартысы да Шалбай Құлмахановтікі, - дейді Серік Әбдірахманов.

Мәжіліске Алматы облысынан сайланған тағы бір депутат Ерасыл Әбілқасымов болса «бүгінде әкімдер президенттің орта және шағын кәсіптің дамуына мүмкіндік жасау керек деген сөздерін керісінше қолданып отыр» дегенді айтады.

Шалбай Құлмаханов Алматы облысын 2001 жылдың мамыр айынан бастап басқарып келеді.
XS
SM
MD
LG