Accessibility links

Парламент «Сайлау туралы» заңға түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады


Қазақстанда сайлау алдындағы үгіт жұмысы аяқталған сәттен бастап сайлаудың нәтижесі ресми түрде жарияланғанға дейін шеру-митингтер өткізуге тиым салынады. Көкектің 8-і күні Қазақстан парламенті «Сайлау туралы» заңға осындай мазмұндағы өзгерістер енгізетін заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Әділет министрі Оңалсын Жұмабеков үкімет дайындаған заң жобасында айтылған мәселелердің барлығының депутаттар тарапынын қолдау тапқанына риза екенін айтады. Министр заң жобасындағы шерулерге қатысты норма тек редакциялық өзгерістерге ғана ұшырады деп отыр.

Алайда, сенат депутаты Зәуреш Батталова сайлау туралы заңға мұндай мазмұндағы түзетуді енгізуге болмайды деген пікірінен таймады. Депутат жергілікті жерде жақсы етіп жасаймыз деседі, бірақ ол басқаша шығып жатады. Яғни, шаш ал десе, бас алатынын білеміз дейді. Ал мәжіліс депутаты Шәймерден Оразалинов әлгіндей шерулерге тиым салуға қатысты норманы сайлау заңына енгізуді жөн деп біледі.

- Өйткені, шерулерде ешқандай ымыраға келу мүмкін емесін білеміз. Ал әлгіндей шектеу өте қысқа мерзімге беріледі, - деп түсіндіреді өз ойын депутат Оразалинов.

Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджановтың пікірінше, он күн уақыт азаматтардың митинг-шерулерге деген құқығын шектемейді. Дегенмен, әділет министрі Оңалсын Жұмабеков депутаттармен көптеген мәселелерде өзара келісімге келгендерін атады.

Ал депутаттар арасында пікірталас тудырған мәселе - депутаттыққа кандидаттың мемлекеттік тілді білуі жайында анықтама тапсыруына қатысты болды. Алайда, бұл ұсыныс бірлескен келісім комиссиясында, депутаттар корпусы тарапынан да қолдау таппады. Ұсыныс авторларының бірі Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы заң жобасын одан әрі талқылауға қатысудан бас тартып, залдан шығып кетті.

Депутат Айталы өздері ұсынған ереже көптеген елдер тәжірибесінде бар дегенді айтады. Алайда, бұл мәселеге байланысты парламент сенатының депутаты Бексұлтан Тұтқышев мемлекеттік тілді білуге қатысты анықтаманы сатып алуға болады, тіл мәселесін көтергенде мұндай әңгімені қою керек деген пікірін білдірді.

Аталған ұсыныс авторларының бірі Мұхтар Шаханов «біз бар болғаны ұлты қазақ азаматтар мемлекеттік тілді меңгергені жөнінде аймақтық сайлау комиссиясының анықтамасын ұсынуы тиіс деген бап енгізіп отырмыз. Басқа ұлттардың құқығына қол салып отырған жоқпыз» деп отыр. Ал оның әріптесі депутат Тито Сыздықовтың бұл ұсыныспен келіскісі жоқ. Оның пікірінше, бұл - Конституцияға, «Тіл туралы» заңға қайшы.

Сөйтіп, депутаттардың пікірталасын тудырған мемлекеттік тілге қатысты ұсыныс қабылданбады. Сенат депутаты Уәлихан Қайсаровтың мемлекеттік тілді төмен деңгейде білу туралы тест тапсыру жөніндегі ұсынысы да парламенттегі көпшілік тарапынан қолдау таппады. Заң жобасы енді президенттің қарауына жолданады.
XS
SM
MD
LG