Accessibility links

Қазақстандағы жалғыз ұшқыш әйел Тоты Әмірова «Эйр Астана» компаниясын сотқа берді


Тәуелсіз мемлекеттер достастығындағы «Боинг-737» ұшағының жаңа заманғы жалғыз ұшқыш әйел Тоты Әмірова Қазақстандағы әуе тасымалы нарығында монополист аталып жүрген «Эйр Астана» компаниясынмен соттасып жатыр.

Ауе компанияларында 18 жыл жұмыс істеген Тоты Әмірованың екі жоғары білімі бар. Бірақ, Мәскеудегі сапардан оралған Тоты Қазақстанға келгенде өзінің жұмыссыз қалғандығын біледі.

- «Эйр Астана» компаниясының кадр бөлімінің бастығы маған телефон шалып: "сен жұмыстан шықтың, енді бұйрыққа қол қоюың керек" деген.

Ұшқыш Тоты Әмірованың айтуынша, оны "коммерциялық құпияны" таратты деп жұмыстан шығарған.

- Бірақ, мен ешқандай да құпия мәліметті білмеймін. Мен тек компанияда болып жатқан жағдай туралы президентке хат жаздым, - дейді ұшқыш.

Тоты Әмірованың айтуынша, компания өткен жылы 10-шақты қазақстандық инженерлерді жұмыстан шығарған екен.

- Ондағы мақсат - қазақстандық мамандарды қысқартып, шетелдік мамандарды алу, - дейді Тоты Әмірова. - Басында, компания жасалғанда біздің ұшқыштар мен инженерлер компанияны тұрғызғанбыз. Енді, керек жоқ болып қалыппыз. Енді, «Эйр Астана» бүкіл әлемге жарнама беріпті, шет ел азаматтарын алып келу үшін.

«Эйр Астана» компаниясының кадр бөлімінің бастығы Ақмарал Қанатбаеваның айтуынша, кәсіпорында жұмыс істейтін мамандардың барлығыда қазақстандықтар.

Бұл дау дамай бұдан бұрын басталған болатын ол кезде көлік және коммуникация министрі Қажымұрат Нағманов парламент депуттары алдында «Эйр Астана» жұмысы туралы түсініктеме берген болатын. Сол отырыста мәжіліс депутаты Амалбек Тшанов «Эйр Астана» компаниясының ұшақтарындағы жол серіктерінің қазақ тілінде ақпарат бермегендігін заңсыз, деп санап, өзімен болған жағдайды айтып берді:

- Сол кезде түріктің қыздары-стюардессалар не түрік, не ағылшын тілінде сөйлейді. Біз олардың алдында білмегеніміз үшін кінәлі болып отырмыз. Неге мен өз елімде отырып ағылшын тілін білмегенім үшін шамдануым керек? Олар бізге күлкімен қарайды, Африкадағы жабайы елдің адамдарына қарағандай.

«Эйр Астана» компаниясының кадр бөлімінің бастығы Ақмарал Қанатбаеваның айтуынша, кәсіпорында жұмыс істейтін мамандарға міндетті түрде қазақ тілін білу керек деген талап қойылады. Ұшқыш Тоты Әмірованың айтуынша, «Эйр Астана» компаниясын осы кәсіпорынның бұрынғы жұмыскерлері, яғни, Қазақстан мамандары құрған.

- Біз компания қызметкерлерін оқытып, келісім шарттар жасап, барлық технологиялық тізбекті құрдық, - дейді Тоты Әмірова. - Ал, компанияның қазіргі президенті Ллойд Пакстон кәсіпорынға бірінші рейсті ұшырар алдында келді.

Ұшқыш Тоты Әмірованың айтуынша, бір жыл жұмыс істегеннен кейін Ллойд Пакстон Қазақстанға «Боинг-757» ұшақтары келеді және онда өз экипаждары болады деген. Көлік және коммуникация министрі Қажымұрат Нағмановтың айтуынша, бұл ұшақта жұмыс істейтін шет елдік мамандардың Қазақстандағы жұмысы уақытша болмақ:

- Түркиядан бір ұшақ алдық, арнайы лизинг бойынша. Ол ұшақпен ұшқыштарыда басқа қызметкерлері де бірге келеді. Алматымен екі ортада ұшақтар жетпей жатқан соң алдық. Оны жаңа үш ұшақ келгенсоң қайтарып береміз.

Ұшқыш Тоты Әмірованың айтуынша, мемлекеттік және ресми тілді кез келген ұшақта жұмыс істейтін мамандар білуі шарт:

- Біз білмейміз ғой не болуы мүмкін әуеде ұшып келе жатқанымызда. Біз әр нәрсеге дайын болуымыз керек. Тіл білмей біздің жолаушылармызға не деп түсіндіреді. Қайда бару керек, отыру керек пе, қозғалмау керек пе, не істеу керек екендігін не орысша не қазақша түсіндіру керек.

- Қазір мен сотқа дайындалып жатырмын. Бұрын ешқашан соттасқан емеспін. Енді, қазақстандық соттардың қаншалықты әділ екендігін білемін,- дейді Тоты Әмірова.
XS
SM
MD
LG