Accessibility links

Кейбір оралмандар қазақ азаматтығына жылдап қол жеткізе алмайды


Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударып Ақмола облысына арнайы квота бойынша жеткен оралмандардың бірқатары жылдап азаматтығын ала алмай жүр.

Осыдан бір жыл бұрын Ақмола облысына Өзбекстаннан көшіп келген оралман Нұрбай Елмұрат: «Алты ағайынымды Ақмолаға көшіріп әкеліп, облыс орталығы Көкшетауға барса,ондағы тиісті мекемелер азаматтық алуға қажетті құжаттарды да көрсетіп бере алмайтындығын айтады. Өзбекстаннан келген оралман, Ақмола облысы Целинограды ауданы Софиевка ауылының тұрғыны Нұрлан Құзманов:

- Тоғыз айдан бері төлқұжатымның жайын біле алмай Көкшетаумен екі ортада шаршадым, - дейді.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің төрағасы Жазбек Әбдиев болса, 2005 жылғы қаңтардың 1-інен бастап қолданысқа енгізілген «Көші-қон туралы» заңға енгізілген толықтырулар мен өзгертулер орындалуы тиіс. Онда Қазақстанға көшіп келген оралмандардың қай мәселесіне қай мекеменің нақты жауап беретіндігі тайға таңба басқандай айқын жазылған деп отыр.

Оралман Нұрбай Елмұрат Қазақстанның азаматы болмағандықтан сайлауға қатысу құқығы былай тұрсын, уақытша тіркеліммен ешқандай мекеме тұрақты жұмысқа алмайтындығын алға тартады.Оралман Нұрлан Құзманов төлқұжат алуды сонша қиындатпай ақ тарихи отанына аман-есен жеткен оралманның бұрын тұрған елінде пайдаланған төлқұжатын алып, орнына жаңадан Қазақстанның төлқұжатын бере қоюдың не қиындығы бар деп күйініш білдіреді.

Мәселенің мән-жайын бұрын Президентке тікелей бағынатын Көші-қон агенттігінің төрағасы қызметін көп жыл атқарған Алтыншаш Жағанова түсіндіріп бере алды. Алтыншаш Жағанованың айтуынша, өткен күзде Президенттің жарлығымен Ішкі істер министрлігіне қарасты көші-қон полициясы Әділет министрлігінің қарауына өтті. Оның көшуі қыруар уақыт алды. Көші-қон агенттігінің қызмет аясы шектеліп, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне бағынышты комитетке айналды.

- Құрылымды қайта жасақтау аз уақыт алмайды. Оның сыртында әй мынаған азаматтық неге бермейсіңдер дейтін шын жанашырлары жоқ.. Оған шенеуніктік кедергі қосылса, оралманға күткеннен басқа не амал қалады? - дейді.

Әділет министрлігіне қарасты көші-қон полициясының азаматтық істер жөніндегі басқарма бастығы Еркінбек Жиенбаев болса, оралмандардың барлығына ортақ заң бар. Сол заң негізінде белгіленген уақытында құжаттары түгелденсе азаматтықты тез алады, дейді. Қазақстанның көші-қон полициясының азаматтық істер басқармасының бастығы Еркінбек Жиенбаев сәуірдің 4-інде Қазақстан Президенті 8,5 мың оралманның Қазақстан азаматтығын алуы туралы жарлыққа қол қойғандығын айтады. Оның 227-сі ғана Ақмола облысының үлесіне кіреді екен.

Аталған азаматтар олардың қатарында болмай шықты. Еңбек министрлігінің көші-қон комитетінің төрағасы Жазбек Әбдиевтің айтуынша, биылғы жылы Қазақстанға 15 мың отбасын көшіріп әкелу жоспарланса, Ақмола облысына Өзбекстаннан 600 отбасын көшіріп әкелу көзделген.
XS
SM
MD
LG