Accessibility links

Қазақстанда жаңадан 8 инвестициялық жоба басталады


Қазақстанда жалпы құны 200 миллион долларға бағаланған 8 инвестициялық жоба басталады. Бұл туралы Қазақстанның Даму банкісінің президенті Қамбар Шалғымбаев үкімет басшысы Даниал Ахметовтің қабылдауында болғанда хабарлады.

Қазақста даму банкінің қаржысы жоғары технологиялық, инфрақұрылымдық, кластерлік жобалар мен құрылыс индустриясы жобаларына жұмсалады. Оның сыртында банк қаражатын сыртқы базарға шығару көзделген.

Банк 2006 жылға дейін елде ағаш, химия, пластик, электр жабдықтарын шығаратын кәсіпорындарды дамытуды жоспарлап отыр. Бастысы аталмыш банк жұмысы пайда табуды емес, елдегі өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған, дейді банк басшылығы. Ал, экономист Валентин Макалкиннің айтуынша, Қазақстан өз елінде темір металлы және одан бұйымдар шығаратын мүмкіншіліктерінің барлығына қарамастан, құрылысқа қажет темір заттарды Қытайдан енгізеді.

- Сондықтан, кластерлерге метталургия саласында қосу қажет, - дейді ол.

Үкімет басшысы банк несие бөліп отырған жоғары технологиялық, инфрақұрылымдық, кластерлік жобалар мен құрылыс индустриясы жобаларының мәнін атап, толықтай алғанда банкінің 50 пайыздық қатысуымен, 1 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі жобаны биылғы жылдың аяғына дейін жүргізу туралы банкінің жоспарын мақұлдады. Ал, экономист Уалихан Қайсаровтың айтуынша, банк таңдаған салларға қосымша екі сала қажет:

- Ауыл шаруашылық саласында өніммен не істерін білмей отыр. Ауылда май, сүт қабылдайтын орындар жоқ. Сосын мына жеңіл өнеркәсіп өнімдері Қытай, Ресей, Еуропа, Түркиядан келіп отыр.

Экономист Атамұрат Шаменнің айтуынша, банк ауыл шаруашылығына көбірек көңіл бөліп, ол қаржыны көктемде салғаны жөн:

- Мемлекет өз ақшасын көктемде беріп қою керек. Астық сатып алуға жасаған механизм сияқты. Осы жасалмай отыр.

Қазақстанның Даму банкісінің президенті Қамбар Шалғымбаевтің айтуынша, банк ауыл шаруашылығы саласында жүгері, соя, және жемістерді өңдеу кәсіпорындарын қаржыландырып келеді. Сондықтан, жоғарыда пікірлерін білдірген экономистер қателеседі, дейді ол.

Қазақстанның Даму банкісінің президенті Қамбар Шалғымбаев биылғы жылы банк сыртқы базарларға шығатынын хабарлады. Жуырда банк өз өкілділігін Орта Азия республикаларының бірінде және Мәскеуде ашады. Мақсат Қазақстан кәсіпорындарына қажет шикізатты елге тарту.

Бірақ, Шалғымбаев бұл жұмыстарды жүзеге асыруда белгілі бар қатер бар екендігін жасырмады. Жоспар бойынша шет елдерде қазақстандық банк қаражаты ауыл шаруашылық өнімдерді өңдеу салаларына салынады. Бірақ, нақты қанша қаражат шет елдерге шығатыны жайлы ақпарат әзірге берілмей отыр. Экономист Уалихан Қайсаровтың айтуынша, қаржыны шет елге шығарғаннан гөрі Қазақстанда кәсіпорындар ашқан тиімді:

- Сол ақшаны шет елдік компанияға емес, ұлттық компанияларға берсе жұмыс орындары, баспана, өнім және салық көбееді.

Қазақстанның Даму банкісінің президенті Қамбар Шалғымбаевтің айтуынша, біріншіден Қазақстан кәсіпкерлері республикаға сыймайтын болған. Бұл орынды құбылыс, дейді Шалғымбаев. Екіншіден, банк қолдап отырған шет елдегі кәсіпорындар Қазақстанға қажет шикізат шығарады. Үшіншіден, банк Қазақстанның транзиттік мүмкіншілктерін дамытуға қажет терминалдар мен айлақтарды қаржыландырып отыр, дейді Шалғымбаев.

Аталмыш банктың жарғылық капиталының 100 пайызы мемлекет меншігінде. Аталмыш қаржы институты ұлттық банк қадағалауынан босатылған. О баста банк тек шикізаттық емес салаларды қолдау үшін құрылған.

Өйткені, Қазақстанда шет елдерден келетін инвестициялардың көбісі негізінен мұнайгаз саласына кетіп жатқандығы белгілі, дейді экономистер. Банктің басты мақсаты ұзақ және қысқа уақытқа берілетін жеңілдіктері бар несиелер арқылы жеке меншік сектор және мемлекеттің инфрақұрылымын дамыту болып белгіленген.
XS
SM
MD
LG