Accessibility links

Парламент "бюджет табысын жасырды" деп үкіметтен күдіктенеді


Сәуірдің 15 күні бюджетке өзгерістер енгізу мәселесі парламент комитеттерінде қарала бастады. Депутаттар үкімет қаржыны жасырып қалды деген күдік айтып отыр.

Бюджет шығысы туралы мәлімет беруге парламентке экономика минстрлігінің бірнеше адамы келді. Тек министрдің өзі болған жоқ. Экономистер жолдауда ескерілген шығынды қорғау үшін келгендерін жасырмайды. Ол 120 миллиард теңге немесе орта есеппен 900 миллион доллар. Депутаттар осы қаржының қайдан шыққанын білуге дәмелі.

Экономика министрлігі өкілдерінің мәліметінше, бюджет шығысы бюджет табысымен пара пар. Ал, 120 миллиард теңгені министрлік мұнай саласындағы салықты ұлғайту және қара алтынның әлімдік бағасының өсунің арқасында табамыз деп отыр. Депутат Алшымбаев жеңіс мерекесі қарсаңында әлеуметтік салаға ескерілген осынша шығысқа неліктен соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері енбей қалды, деген сұрақ қойды. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің орынбасары Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бұл адамдар жолдауда жазылмаған:

- Ол тапсырмалардың арасында соғыс ардагерлеріне, тылдағы жұмыс істеген адамдар жөнінде ештеңе айтылған жоқ.

Депутаттар бұл жауапқа қанағаттанбай министрлікке тағы да сұрақтар жаудырды. Неліктен, министрлік миниралды байлықтардың табысын жасырып отыр, деген сұрақ қойылды. Және неліктен, бюджетте мұнай барелінің бағасы 42 доллар болып белгіленген? Әлемдік базарда бұл баға 50 доллардан асып кеткен, дейді Парламент мәжілісінің депутаты Тито Сыздықов:

- Мұнай бағасын кім дәлелдеп отыр. Қазір 58 доллар. Күннен күнге қымбаттап келеді. Сіздер жылдың аяғына дейін 42 доллар болады деп отырсыздар.

Экономика министрінің орынбасары Бақыт Сұлтановтың айтуынша, мұнайдың бағасын нақты белгілеу мүмкін емес. Бірақ, Қазақстан бюджетінің едәуір бөлігін мұнайдан түскен табыс құрайтындықтан оны көрсету шарт:

- Сұраныс үлкен Қытаймен Үндістанда. Бірақ, нақты болжамды ешкім жасай алмайды.

Парламент мәжілісінің депутаты Ермек Абасовтың айтуынша, металл бағалары да өсіп келеді. Бірақ, бюджетте табыстың қаншалықты өскені нақты көрсетілмеген.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің орынбасары Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бюджетте бұл сұраққа да жауап бар:

- Оның бәрі ескерілген макроэкономикалық көрсеткіштерде.

Осылайша, бюджетке өзгерістер енгізген адамдар президенттік жолдауға қажет ақшадан басқа қаражат жоқ, деп сендіруге тырысты. Бірақ, депутаттар мұндай қаржы бар деп отыр. Парламент мәжілісінің депутаты Шаймерден Оразалиновтың айтуынша, мемлекеттік аппарат мүшелерінің саны ұлғайтылған екен. Сонда ардагерлерге ақша табылмай, штатты ұлғайтуға ақша табылған. Экономика министрінің орынбасары Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бұл халықаралық ұйымдармен жұмыс істеу үшін қажет болды:

- Екі администраторға қосымша ақша берілді. Ол сайлау комиссиясының сараптама бөлімі-5 адам. Екінші, мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттігіне.

Парламент мәжілісінің депутаты Владимир Нехорошевтің айтуынша, президент жолдауындағы шараларға қажет ақша басқа шараладан алынған.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің орынбасары Бақыт Сұлтанов қалған сұрақтар алдағы комитет отырыстарында талқыланатындығын айтты. Сөз соңында министрлік өкілдері депуттарды осы мәселені тезірек қарастыруды сұрады.

Кем дегенде бір ай ішінде бюджет кодексіне өзгерістер енгізілуге тиіс дейді олар. 13 мамырда өзгерген құжат президенттің столына түсуі шарт. Экономика министрлігі өкілдерінің айтуынша, жүз мыңдаған адамның тағдыры мен президенттің абыройы осы құжатқа байланысты болмақ.
XS
SM
MD
LG