Accessibility links

Таразда студенттердің республикалық слеты өтті


Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері республиканың барлық өңірлерінен жиналған студенттер алғаш рет бас қосқан жиынға мемлекеттік және жекеменшік оқу орындарының 300-ден аса студенттері қатысты.

Екі күннен бері Тараз қаласында Қазақстан студенттерінің республикалық слеты өткізілді. Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Жанар Үсіпбекова слет барысында студенттердің әлеуметтік мәселелеріне баса назар аудару жоспарланғанын айтады. Сонымен қоса, Білім және ғылым министрлігі студенттерді жазғы демалыс кезінде еңбекке тарту мәселесіне де көңіл бөліп отыр, - дейді Жанар Үсіпбекова.

- Біріншіден, студенттердің әлеуметтік жағдайы мен қоғамдағы ролі туралы сөз болды.

Жанар Үсіпбекова слет барысында Қазақстанның барлық қалаларынан жиналған 300-ден астам студенттің өз ойларын айтып, пікірлерін ортаға салуға мүмкіндік туғандығын айтады. Еуразия ұлттық университетінің 4-ші курс студенті Әйгерім қазіргі кезде студенттер үшін баспана мәселесінің 1-ші кезекте тұрғандығын айтып отыр.

- Астанада пәтер мәселесі өте қиын. Үйдің 1 шаршы метрінің құны 600-800 доллар тұрады. Жатақхананың өзі 15 мың АҚШ долларына жетеді. Бұны менің ойымша масқара деп айтуға болады.

Ал Шынар есімді студент қала ішінде жол жүру билеттері бағасының тым қымбат екендігін алға тартады. Ол «Студенттердің жұмыс істеуіне де мүмкіншілік қарастырылмаған», - дейді.

- Жолда жүру мәселесі бірнеше рет көтерілген болатын. Алайда, әлі күнге дейін шешімін таппай келеді.

Студенттердің слеты өткізілген Тараз қаласында бұл мәселе дұрыс жолға қойылған екен. Тараз мемлекеттік университетінің проректоры Ілесхан Әмірбекұлының айтуынша, студенттердің бастама көтеруіне байланысты қалалық әкімшілік жолда жүру билеттерінің бағасын төмендеткен.

- Бізде жалпы көлікте жүру бағасы 20 теңге болатын. Енді бүкіл халыққа 15 теңге болды да, студенттерге 10, оқушыларға 5 теңгеден болды.

Енді студенттердің қалааралық жолда жүру мәселесі шешімін табатын болды. Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Жанар Үсіпбекова министрліктің республикалық бюджеттік комиссияға ұсыныс жасап отырғандығын айтады.

- Жылына 2 рет студентке жеңілдік беру мәселесі қарастырылып отыр.

Сондай-ақ, Жанар Үсіпбекованың айтуынша, слет барысында Қазақстан студенттері Альянсының тұсаукесері өтіп, оның басшылығына Еуразия Ұлттық университетінің 4-ші курс студенті Данат Жумин сайланған. «Студенттер альянсы жастардың әлеуметтік мәселесімен қоса, барлық Қазақстан студенттерінің басын біріктіру мәселесімен де айналысатын болады», - дейді Тараз мемлекеттік университетінің проректоры Ілесхан Әмірбекұлы.

- Ең бастысы студентті жан-жақты қорғау, сапалы білім алуына жағдай жасау, саяси іске жұмылдыру, жалпы жастардың басын біріктіру.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне қарағанда, жыл сайын студенттер слетын республиканың әр аймағында өткізіп тұру дәстүрге айналмақ.
XS
SM
MD
LG