Accessibility links

Астанада мыңдаған қырғыз азаматтары сауда жасайды


Қазіргі уақытта Астананың орталық базарында сауда жасайтындардың басым көпшілігі Қырғыз Республикасының азаматтары. Олардың көбі жастар.

Ресми емес мәліметтерге қарағанда Астана базарларында шамамен он мыңға жуық қырғыз азаматтары сауда жасайды. Олардың бірқатарын сөзге тартқан Азаттық радиосына қырғыз жастары Қырғыз Республикасындағы жағдай тұрақталса, жастарға жұмыс табылса өз Отандарына оралуға бейілді екендіктерін білдірді. Астанадағы орталық базарда төрт жылдан бері сауда жасап жүрген Кәміл Сатыбалдиев:

- Қазақстан мен Қырғызстан - бауырлас ел. Сондықтан екі елдің тығыз ынтымақтастықта болуын қалаймыз, - дейді.

Қырғызстандық Азамат Қуаталиев Ош қаласындағы Технологиялық институтында салық мамандығы бойынша сырттай оқиды екен. Ол Қазақстандағы салық заңдары шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы деп санайды. Қырғызстанда да сондай жағдай қалыптасса екен деп тілейді Азамат.

Бішкектен келген Әзиза есімді келіншектің отбасында үш баласы бар екен. Қазір олардың үшеуі де Бішкекте, екеуі студент, біреуі орта мектептің оқушысы. Соларды оқыту үшін Әзизаның Астанада сауда жасап жүргеніне бірнеше жыл болыпты.

Ол Қырғыз Республикасы президентінің міндетін атқарушы Құрманбек Бәкиев пен сыртқы істер министрінің міндетін уақытша атқарушы Роза Отынбаеваның Қазақстанға сапарлары екі ел арасындағы қарым-қатынасты жандандыра түсуге сеп болады деп ойлайтынын білдірді.

- Қырғызстанда студентті оқытудан орта мектеп оқушысының шығыны көп. Қазақстан мен Қырғызстан келешекте оқу-білім, рухани-мәдени салаларда да тығыз байланыс орнатса, - дейді Әзиза.

Ош қаласындағы Технология институтының электр энергиясы факультетінің сыртқы бөлімінің студенті Нұрлан Сәпиев қазір Бішкекте сауда жүре бастағаны айтады. Жан-жақтан, әсіресе, көршілес Қазақстаннан жеңілдетілген салық жүйесі бойынша инвестиция тартылса, Қырғызстандағы жағдай біршама оңала түсер еді деген пікір білдірді Нұрлан.

Ал Астанаға Қырғызстанның Жалалабад облысы, Шалқар ауданынан келген Айгүл Төребекова мектепті былтыр бітіріпті. Айгүл ақылы оқуға қаражаты жетпеген соң, жоғарғы оқу орнынан 1-ші курстан соң шығып кеткен екен. Әйткенмен бойжеткен Қырғызстандағы әлеуметтік ахуал жақсарса, оқуын жалғастырмақ ниетте.

Мемлекет асып сауда жасап жүрген қырғыз жастары Отандары тезірек еңсесін көтерсе екен дейді ол. Олар биылғы наурызда биліктің ауысуы Қырғызстанның саяси-экономикалық болашағына жаңаша жол ашты деп есептейді.
XS
SM
MD
LG