Accessibility links

Баспасөзге шолу. 29 сәуір 2005 жыл


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ІV Еуразиялық медиа-форумда бастан аяқ мемлекеттік тілде сөйлегенін кейбір қазақ тілді басылымдар үлкен жетістік ретінде бағалапты. Ал, оппозициялық басылымдар президенттің форумда демократия туралы айтқан сөздері мен жасап жатқан ісінің арасында алшақтық барын атап өтіпті.

“Ана тілі” газетінің бірінші бетінде “Қазақшаны Елбасынан үйреніңіздер министр мырзалар” деген тақырыппен Қазақстан Республикасы президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ІV Еуразиялық медиа-форумда сөйлеген сөзі беріліпті. Мемлекет басшысы сөзінің алдында берілген қысқаша түсініктемеде Нұрсұлтан Назарбаевтың ІV Еуразиялық медиа-форумда бастан аяқ мемлекеттік тілде сөйлегендігі және бұл оқиғаға қазақ журналистерінің айрықша қуанғандығы баяндалыпты.

“Түркістан” басылымында жарық көрген Гүлбиғаш Омарованың мақаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұған дейін де Парламент палаталарының бірлескен отырысында, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы басқосуында, мемлекеттік тілде сөйлегендігі мысалға келтіріліпті. Алайда, мақала авторы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жолы мемлекеттік тілде сөйлеуінің жөні бөлек болды деп есептейді.

Оның себебін мақала авторы Еуразиялық медиа-форум – ең алдымен әлемнің көптеген мемлекеті 400-дей делегатын жіберген халықаралық жиын екендігімен түсіндіріпті. Газет тілшісінің хабарлауынша, халықаралық жиында Мемлекет басшысының ана тілінде сөз сөйлеуін әбес көрген қонақтар болмаған. Олар мұны осылай болуы тиіс деп қабылдаған.

“Республика. Деловое обозрение” апталығында жарық көрген Мұхаметжан Әділовтың мақаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық медиа-форумда сөйлеген сөзі сынға алыныпты. Автор өз мақаласында Мемлекет басшысының Еуразиялық медиа-форумда сөйлеген сөзінің аудармасын оқып шыққаннан кейін, Нұрсұлтан Назарбаевтың демократия туралы айтқан сөздері мен жасап жатқан ісінің арасында едәуір алшақтықтың бар екені туралы ой-пікірін білдіріпті.

Мақала авторы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет басшысы қызметіне келгенге дейінгі тарихына және Қазақстан Президентінің демократиялық институттарды өзінің көздеген мақсатына жету жолында тиімді пайдалана білгендігіне тоқтала келіп, “Қазақстанның демократиялық таңдауы” құрылған кезден бастап, демократияның өзі мен отбасы үшін қатерлі қаруға айналып бара жатқанын сезініп, өзгеше ойлайтындарды қудалау жолын таңдап алды деген қорытынды жасапты.

“Жұма таймс/Дата недели” апталығында жарық көрген Виктор Харламовтың талдау мақаласында алдағы өтетін президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевқа қауіптің оппозициядан емес, өз отбасындағылардан көбірек болуы мүмкін екендігі айтылыпты. Автор өз мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев отбасының Қазақстанның барлық байлығын иеленіп отырғаны туралы өз ойын білдіріп, президенттің екі күйеу баласының, атап айтқанда Тимұр Құлыбаев пен Рахат Әлиевтің билікке келу ниеті бар екеніне өз тұрғысынан дәлелдер келтіріп, мұның ақырының алдағы уақытта үлкен дау-дамайға ұласып кетуі мүмкін екені туралы жорамал жасапты.

“Сөз” басылымында жарық көрген Сергей Керннің мақаласында “Политон” клубында пікірталастың өткендігі және оған Қазақстан Президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың қатысқандығы хабарланыпты. Ертісбаевтың айтуынша, егер де оппозиция адамдарды алаңға алып шықса, онда ресми билік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында оларға қарсы күш қолдану құқығына ие болады. Е.Ертісбаев мырзаның пікірінше, мұндай жағдайда ресми билікті ешкім де күш қолдандың деп айыптай алмайды.

“Central Asia Monitor” басылымына берген сұхбатында саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы алдағы президент сайлауының ешқандай бұрмалаусыз өтуінің Нұрсұлтан Назарбаев үшін де аса маңызды екендігіне айрықша тоқталыпты.

“Алма-Ата инфо” басылымында журналист Владимир Воеводтың оппозицияның не себептен мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөз жүргізе алмай отырғанына байланысты талдау мақаласы жарық көріпті.

Ал, “Свобода слова” басылымында Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдиннің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдаған ашық хаты жаряланыпты. Өз хатында С.Әбділдин президент Н.Назарбаевқа он бес жыл елдің басшысы қызметінде отырған мерзімнің аз уақыт емес екеніне тоқталып, бүгінгі уақытта Қазақстанда білімді, талантты саясаткерлердің пайда болғанын айтып, оның тағы да президент сайлауына түсуі үлкен теке-тіреске әкеліп соқтыруы мүмкін екенін тілге тиек етіпті.
XS
SM
MD
LG