Accessibility links

Баспасөзге шолу. 4 мамыр 2005 жыл


Мамырдың 4-күнгі қазақстандық бірқатар басылымдардың тақырыбы – Алматыдағы жоғары оқу орындарының біріндегі парақорлық оқиғасына арналыпты. Сондай-ақ, басылымдарда студент жастардың жазғы демалысы да назарға алыныпты.

Қазақстанда күн сайын шығатын «Айқын» республикалық қоғамдық газетінің мамырдың 4-і күнгі санында газет тілшісі Жомарт Молдахметұлының «Ақшаға құныққан ректор диплом сатып, қолға түсті» деген мақаласын жариялапты. Газет тілшісінің жазуынша, мамырдың 3-і күні Алматы облыстық ішкі істер бас басқармасының ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлері Алматы Экономика және бизнес академиясының ректоры мен есепшісін жоғарғы оқу орнының дипломын саудалап, бір азаматтан 2000 АҚШ долларын алып жатқан кезде ұстап, қолға түсірген.

Жоғарғы оқу орнын бітірді деген диплом өте қажет болған Қарасай ауданының тұрғыны осы университетті таңдайды. Алайда, диплом үшін 1500 АҚШ долларын бермек болған одан әкелі-балалы ректор мен есепші, дипломның бағасы 2000 доллар екендігін айтқаны жазылған. Бұдан соң осы мәселеге полиция қызметкерлері араласып, ақыры әкелі-балалы ректор мен есепші ұсталып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалатын болды деп жазады газет тілшісі өз мақаласында.

Осы мәселені Қазақстанда орыс тілінде жарық көретін «Экспресс-К» газеті де өзінің мамырдың 4-і күнгі санында қамтыпты. Газет тілшісі Веролина Кинтоптың жазуынша «өтірік» диплом сатпақшы болып, заң қызметкерлері назарына ілініп, қолға түскен әкелі-балалы екеу, яғни Алматы экономика және бизнес академиясының ректоры мен есепшісі таяу уақытта заң алдында жауап бермек.

Алайда, егер тергеу жұмыстары барысында олардың бұрын да осындай университет дипломын саудалау жұмысымен айналысқандары анықталса, онда 1500 долларды азсынған әкелі-балалы екеудің жағдайы тіпті қиындай түспек.

Мамырдың 4-і күні жарыққа шыққан «Аргументы и Факты» апталығы өзінің Қазақстанға арналған қосымшасында Қазақстанның түрлі жоғарғы оқу орындарында оқитын студент жастардың жазғы демалыстарындағы бос уақыттарында қалай жұмыс істеп, табыс табуға болатындығы туралы әңгіме қозғапты. Газет парақшасында жазылғанындай, студент жастарға үкімет ұсынып отырған бағдарлама бойынша, егер олар қаланы көгалдандыру жұмысына қамтылса, онда алатын айлық жалақысы 6-8 мың арасында болатындығы айтылған.

Студент жастар үшін ең дұрысы, ең табысы молы - ол құрылыста жұмыс істеу деп жазады газет қосымшасы. Өткен жылы түрлі нысандар салу жұмыстарында жұмыс істеген студенттер 40-50 мың теңге аралығында айлық жалақы алған деп жазады «Аргументы и Факты» апталығы өзінің Қазақстанға арналған қосымша парақшасында.

«Егемен Қазақстан» және «Казахстанская Правда» газеттері сәрсенбілік сандарында Қазақстанда 1-Мамыр мерекесін қалай тойлап өткізгені туралы, сондай-ақ, «Ұлы Жеңіске-60 жыл» тақырыбында майдангер қарттармен сұқбаттар және олар туралы көлемді мақалалар жариялапты.
XS
SM
MD
LG