Accessibility links

Баспанасыз бір топ адам Астанада көпірді жауып наразылық танытпақ


Астанадағы Чехоев көшесіндегі төбесі опырылып түскен үйдің баспанасыз қалған тұрғындары 9-мамырда Есілдің екі жағасын жалғастыратын көпірді жауып тастамаққа бекініп отыр. Өздерінің басындағы жағдайға билік тарапынан көмек жоқтығын айтқан тұрғындар, осылайша өз наразылығын білдірмекші.

Жасы 60-тағы Гүлбану Үсенова қант диабеті, яғни, сусамыр дертімен ауырады. Денсаулығына байланысты ол - екінші топтағы мүгедек. Бұған дейін Орбита шағын ауданындағы баласының үйі өртеніп кеткен соң, Гүлбану Астанадағы Чехоев көшесіндегі екіқабатты үйде тұратын қызының пәтерін сағалап келген екен. Алайда, «Құдай бір айналдырғанды – шыр айналдырады» демекші, көп ұзамай Гүлбануға ол үйден де кетуге тура келген.

- Бұл үйдің кіре берісі опырылып түскеннен кейін, енді қайда барарымды білмей отырған жайым бар, - дейді кейуана.

Астана қаласындағы Чехоев көшесіндегі екі қабатты 28 пәтерлі үйдің кіре берісі көкектің 17-інде опырылып түсіп, сол үйдегі 115 тұрғынның бірнеше күн бойына таныс-туғандарын сағалап, 20 бала мектептің спорт залын паналағаны жайлы «Азаттық» радиосы хабарлаған болатын. Қазір құлаған үйдің 115 тұрғынының 20-сы Астанадағы №12-ші мектептің спорт залына орналастырылған. Мамыр айының осы мектептің спорт залына барғанымызда, балалар сабақта болып шықты. Мұнда отырған жас балалы келіншек өзін Ләйлә Бейісова деп таныстырды.

Әлгі оқиға болған күні қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма бастығы Марат Балмағамбетов пен Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Қабылдин құлаған үйдің тұрғындарымен кездесіп, сөйлескенімен, екі жақ тоқетер келісімге келе алмаған болатын. Содан бері баспанасыз қалған тұрғындар мен әкімшілік айтысып келе жатқан көрінеді. Қала әкімдігі тарапынан көмек болмағанын айтып, тұрғындар құрған бастамашы топ қала әкімі Өмірзақ Шүкеевтің және Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына шағым хат түсіріпті.

Бастамашыл топтың мүшесі Алтынай Әубәкірова көкектің 17-сінен бері қала әкімдігінен еш көмек болған жоқ дейді. Ал қаладағы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Қабылдиннің айтуынша, Астана бойынша ескі көп қабатты үйлерді бұзып, орнына жаңа ғимараттар тұрғызу жөніндегі қалалық бағдарламаға осындай ескі 26 үй еніп отыр екен.

- Әзірге тек жөндеу жұмыстарын атқара аламыз, - деді әкім орынбасары Қабылдин мырза.

Бұған тұрғындардың келіспейтіндігі көкектің 18-індегі кездесуде белгілі болған. Олар қала әкімдігінен өздеріне баспана табуды сұрап отыр. Ол талаптары орындалмайтын болса, тұрғындар мамырдың 9-ы күні наразылық ретінде, Астанадағы Есіл өзенінің екі жағасын жалғастырып тұрған көпірге шығып, жауып тастайтындықтарын мәлімдеді.

Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Қабылдин тұрғындардың ондай қадамға баруы заңсыздық деп есептейді. Сарыарқа ауданы әкімдігі баспанасыз қалған тұрғындардың талабы бойынша олардың барлығын пәтермен қамтамасыз етуге әзірге мүмкіндік жоқ екендігін айтып отыр. Шенеуніктер оларға тиісті құжаттар тапсырып, тұрғын үй кезегіне тұруға кеңес береді. Ал бастамашыл топтың мүшесі Гүлбану Үсенова қазірде өзінің келіні де, ұлы да мүгедек екенін, қалалық тұрғын үй департаментінде пәтер алу кезегінде бұдан үш жыл бұрын 1850-ші болып тұрса, сонан бері өткен уқаыт ішінде ол кезегі 1620-ға дейін ғана жылжығанын айтады.
XS
SM
MD
LG