Accessibility links

Сталин жер аударған халықтар


Аяқталғанына биыл 60 жыл толған ІІ дүниежүзілік соғыс уақытында болған қайғылы оқиғалардың бірі – жүздеген мың совет азаматын Сібір мен Қиыр Шығысқа және Орта Азияға күштеп жер аудару еді. 1944 жылы күштеп жер аударылған халықтардың кейбірі осы күнге дейін жапа шегіп отыр.

ІІ дүниежүзілік соғыс аяқталғанда Клара Бараташвили әлі дүниеге келген жоқ еді. Алайда осы күні 50-ге келген бұл әйел өзінің әкесі Латиф Шахтың, 1944 жылдың 15 қарашасында, өзі мен халқының басына қандай қайғы-қасырет түскенін 4 баласына әңгімелеп отыруды әдетке айналдырғанын ешқашан ұмыта алмайды.

- Таңғы сағат 4-те халық, әрине, бірауыз сөз уәж айтылмай, аяғынан тік тұрғызылды. Оларды түні бойы егін жиналатын алқапта, шөмелелердің маңында ешқайда жібермей таңғы сағат 4-ке дейін ұстап тұрды. Одан кейін НКВД-ның жендеттері қаптап келіп, халықты вагондарға тиіп, қолдарына мейлінше аз жүк алуға ғана рұқсат етті. Менің әкем көбірек кітаптары мен қолжазбаларын алып шығыпты. Жалпы, әкем соңғы сәтке дейін коммунистік уағыздамаға, коммунистік бауырластыққа жан-дүниесімен сеніп келді. Бір сөзбен айтқанда, ол жан-тәнімен берілген коммунист болатын, коммунизмге Құдайындай табынатын. Міне осы әкем жолға өзі ең құнды деп есептеген Сталиннің еңбектерін және сол сияқты басқа да кітаптарын алып шықты, - дейді Клара Бараташвили.

Дегенмен де, ол бірнеше апта бұрын Грузияның месхет халқын түгел Өзбекстанға жер аударуға нұсқау беріп, Латиф Шах Бараташвилиді тағдыр тәлкегіне салған советтік көсем болатын. Иосиф Сталиннің қайтыс болуынан 3 жыл өткен соң - 1956 жылы Грузияға қысқа сапарға барып қайтқаннан басқа Латиф Шах туған еліне аяқ басып көрген емес. Ол 1984 жылы Советтік Әзірбайжанда дүниеден өтті.

Сталиннің 100 мыңнан асатын месхет халқын жер аударған себебін ешкім білмейді. Кейбір тарихшы көрші Түркиямен арада соғыс басталып кете ме деп сескенген Сталин Оңтүстік Грузияны мұсылмандардан тазартуды ойластырды дегенді алға тартады. Өзге тарихшылардың пікірінше, совет көсемі алдыңғы айларда күштеп жер аударылған өзге халықтармен бірге месхеттерден де өзінің билігіне онша мойынсұнбайды ғой деп күдіктенген көрінеді.

Ресми советтік тарихнама жер аударылған халықтарды Қырым мен Қапқаз неміс фашистерінің басқыншылығында болған 1941-1942 жылдардың барысында олармен “ауыз жаласты” деп айыптап, жер аудару саясатын ақтап шықты. Совет армиясы 1943 жылы Каспий мен Қара теңіз жағалауын азат еткеннен кейін, шамамен 1.5 млн. халық күштеп туған жерінен қуылды.

Сталиннің құпия қызметі – НКВД – Қырым татарлары, чешен, ингуш, қарашай, қалмақ, бұлғар, грек, армян, күрд, месхет және басқа да кіші-гірім халықтарды Сібір мен Орта Азияға айдады. Фашистік Германиямен соғыстың алғашқы кезеңінде немістер мен поляктар, латыштар мен литвандар, эстондар мен финдер Совет Одағының батыс және орталық аудандарынан қуылды.

Клара Бараташвили Өзбекстанға қуылып келген әкесінің алғашқы айларын қалай өткізгенін есінде сақтапты.

- Бұл қыс өте ауыр, өте суық болды, аштықтан, басқадан көп адам малдай қырылып қалды. Жұрт не істерін білмеді. Отбасыларында негізінен ер кісі болмады. Жалпы, халық неше түрлі жағдайдан өліп жатты. Туыстарым маған көп мысал айтып беретін, соның бірі – жаңа ғана дүниеге келген сәбилер аштықтан қыршын кетіп жатты. Өйткені, аналары аштан өліп, сәбиді емізетін ешкім болмады. Міне осындай жайттардан көп адам қырылды, - деп еске алады Клара Бараташвили.

Советтік ер адамдардың барлығы дерлік армияға шақырылуына байланысты, жер аударылғандардың басым көпшілігін әйелдер мен балалар және қарттар құрады. Армиядан қайтқан ерлер дереу тұтқындалып, кейін олар да қуылды.

Мұстафа Жаймилиев - Қырым татарлары Мәжілісінің төрағасы. Сәби кезінде жер аударылып, туған халқының мүддесін қорғаймын деп 15 жыл совет түрмелерінде отырып шыққан осы қарт диссидент “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында соғысқа дейінгі Қырым татарларының тең жартысына жуығы 1944-45 жылдары малдай қырылған болса, тағы бір бөлігі – күштеп жер аударылған кезінде жолда немесе қоныс тепкен жат жерде құрбан болды деп мәлімдейді.

- Біздің есепке алатынымыз: 380 мыңдай Қырым татары жер аударылды. Оған қоса 50 мыңдай татар майданға аттандырылып, олардың көбісі соғыста қаза болып, қалғандары да майданнан жер аударылды. Міне осыны есептегенде, орта есеппен 150-170 мың татар құрбан болды… - деді Мұстафа Жаймилиев.

“Сталинизм” дәуірінен кейінгі 1956 жылы жер аударылған халықтар “кір жуып, кіндік кескен” жеріне қайта оралуға мүмкіндік алды. Бірақ туған жерінде бұрынғы дүние-мүлкі мен үй-баспанасында өзге ұлт өкілдерінің тұрып жатқанына көзі жетті. Совет үкіметі жаппай жер аудару саясатын бүкіл Солтүстік Қапқаздың әкімшілік шекарасын өз білгенінше қайта қарау үшін пайдаланды.

Сталин өлгеннен кейін бұл өзгерістер жартылай қалпы келтірілгенімен де, өзгерген әкімшілік шекара 1992 жылғы ингуштар мен осетиндердің қақтығысы тәрізді ұлтаралық араздық туғызып, ақыр соңында Совет Одағының құлауына жеткізді. Сталиннің өлімінен кейін де ұзақ жылдар бойы қудалау көргендердің ішінде Қырым татарлары мен месхеттер де болды.
XS
SM
MD
LG