Accessibility links

Құрылыс компаниялары үкіметтен кейбір қателіктерді жөндеуін сұрайды


Оңтүстік Қазақстан облысындағы бірқатар құрылыс компаниялары үкімет басшысы Даниал Ахметовке хат жолдап, құрылыс саласында қалыптасып отырған келеңсіздіктерді жоюды сұрап отыр.

Хат авторлары Қазақстанда құрылыс материалдарының негізсіз қымбаттатылып сатылатындығына, мердігерлер арасында тендерлердің дұрыс өткізілмейтіндігіне, сондай-ақ, Астана, Алматы және Қызылорда қалаларындағы нысандардың республиканың басқа жерлерінде салынып жатқан тура сондай құрылыстарға қарағанда екі-үш есе қымбатқа түсетіндігіне түсінбестік білдіреді.

Бірінші кезекте құрылысшылар тендерлердің тым кеш өткізілетіндігін алға тартады. Байқауларды қазіргідей көктемде не жазда емес, өтіп бара жатқан жылдың соңында өткізу керек, дейді олар. Екіншіден, байқауларға не кеңсесі, не техникалық қоры жоқ ұйымдар қатысып, кейде тіпті жеңіп шығады. Әлбетте, олар арзан баға ұсынады, бірақ, олар сападан кепілдік бере ме екен, дейді «Түркістанюгстрой» кәсіпорнының директоры Эйлер Сулейманов.

Ал, сенатор Уалихан Қайсаровтың айтуынша, ең төмеңгі баға ұсынған құрылыс кәсіпорыны тендер өткізіп отырған комиссия мүшелерімен әрдайым келісіп алуына болады, сондықтан, мемлекеттік сатып алу туралы заңды өзгерту керек дейді ол:

- Мәжілістен келгенде осы заңда баға ұсынысы деген бапты алып тастағанбыз. Бірақ, мәжілістегілер бізбен келіспеді. Ал, баға қалғансоң автоматты түрде сапасы екінші кезекке қалады, ал бірінші орында баға болады.

Құрылысшылардың пікірінше, құрылыс істері жөніндегі комитет құрылыс материалдарына қатысты нормативтік құжаттар дайындау барысында олқылықтар жіберген. Өйткені, ондағы бағалар базардағы бағадан 2-3 есе төмен. Мысалы, 75-100 маркалы кірпіштің базардағы құны 12 теңге, ал нормативті құжаттарда оның бағасы 4-9 теңге деп көрсетіледі. Арматура тоннасы үшін сатушылар 80-100 мың талап етсе, құжат бойынша оған тек 39 мың теңге ескерілген, дейді Эйлер Сулейманов.

Құрылысшылардың пікірінше, осы проблемалардың кесірінен мердігерлер нысандарды бекітілген мерзімге дейін салып бітіріп үлгірмей жатады. Мысалы, қазір құрылыс нысандары басқа облыстардағыдан әлдеқайда көп салынатын Оңтүстік Қазақстан облысында Түркістан қаласындағы әлеуметтік маңызы бар туберкулез ауруханасы, перзентхана және мектеп құрылысы сақалды аталып кеткен. Егер, олқылықтар шешілсе, пәтер бағалары сәл қымбаттауы мүмкін бірақ, есесіне сапасы жақсарады дейді құрылысшылар. Ал, Құрылыс істері жөніндегі комитет төрағасының бірінші орынбасары Владимир Чирковтың айтуынша, комитет бұл бағаларды жергілікті статистика департаменттерінен алады.

Ал, парламент депутаты Уалихан Қайсаровтың айтуынша, мердігерлер құрылыс материалдарын тікелей зауыттан арзанға алып, қымбат бағаға алдық деуі мүмкін. Екіншіден, олар экологиялық таза материал дегенімен шын мәнісінде басқа кірпіштерді қолдануы мүмкін. Бірақ, оны үй салынып біткен кезде, құбырлар жерге көміліп, кірпіштертің сырты қапталған кезде дәлелдеу мүмкін емес дейді депутат:

- Өткенде өзім әдейі сырттан байқаушы ретінде тендерге қатысқам. Ал, негізі тендерлер жемқорлық арқасында өтіп жатыр. Тендерге бөлінген ақшаға әкімдер, комиссия мүшелері автоматты түрде оған 7-10 пайыз «шапка» қойып, фирмамен келісіп алады.

Оңтүстік Қазақстан облысының бірнеше құрылыс компаниясының басшылары егерде осы олқылықтар шешілмесе, облыстағы әлеуметтік маңызы бар басқада құрылыс нысандары дер кезінде аяқталмай қалуы мүмкін деп отыр. Құрылыс істері жөніндегі комитет төрағасының бірінші орынбасары Владимир Чирковтың айтуынша, тендерлерге көп жағдайда белгілі бір нысанға тапсырыс берген мекеме жауап береді.

Оңтүстік Қазақстан облысында 3 миллионға жуық адам тұрады. Бұл облыста дәстүрдегідей көп балалы отбастары мол, оның сыртында Қазақстанның жылы аймағына жиі жіберілетін оралмандар саны да көбейіп келеді. Сондықтан, тұрғындары ең көп облыста құрылыс қарқыны өсіп келеді, дейді құрылысшылар.

Соңғы кезде, осы құрылыстың арқасында облыстағы кірпіш, пластик терезелері мен баспалдақ жасайтын зауыттар саны бірнеше есеге көбейген. Бірақ, осындай жағымды жаңалықтардың көбеюіне кесірін тигізіп тұрған кедергілер бар дейді облыстағы құрылыс компания басшылары.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG