Accessibility links

АҚШ қауіпсіздік мақсатында жүргізуші куәлігі туралы жаңа заң қабылдады


Өткен аптада АҚШ парламентінің өкілдер палатасы қолданыстағы заңға автокөлік жүргізушілер куәлігі бойынша қатаң деуге келетін бірқатар жаңа ережелер енгізді. Олар штаттардағы заңдардың пәрменді болуы үшін қажет екен.

2001 жылы қыркүйектің 11-інде АҚШ-та болған лаңкестік шабуылдар кезінде ұшақ алып қашушылар ұшаққа отырар кезде өздерінің көлік жүргізушісі деген құжаттарын пайдаланыпты. Оның үстіне виза мерзімі өтіп кеткен екен.

Енді, АҚШ парламенті қабылдаған жаңа заң нәтижесінде, АҚШ-та жаңа ұлттық жеке куәлік енгізу жөнінде алғашқы әрекеттер жасалып жатыр. Бұл мемлекеттік қауіпсіздік үшін қажет делініп отыр.

Республикашыл конгрессмен Сенсенбреннер жаңа куәлік жөніндегі заңды қолдайды. Оның айтуынша, жүргізуші куәлігіне федералдық норма қосу - ертеден-ақ келе жатқан қажеттілік шындықты мойындау болады.

- Барлығымыздың жүргізуші куәлігін пайдалануымыз оның заңды құжат екендігін көрсетеді. Ал мына заңда штаттар ол куәлікті кімге беремін десе де құқылы, өз еркінде. Ал егер ол куәліктер федералдық деңгейде қолданатын болса, онда ол кейбір талапқа жауап бере алуы керек, - дейді сенатор Сенсенбреннер.

Алдымен үміткер өзінің АҚШ азаматы екендігін заңды құжаттармен көрсете білуі керек. Ал уақытша тұрған азаматтардың куәліктері виза мерзімі бітісімен заңсыз болып қалады.

Вашингтондағы жекеше саяси зерттеу орталығы, Херитидж Фаундейшннан талдаушы Трент Енгландтың пікірінше, бұл жаңа ереже азаматтардың қауіпсіздігіне ықпал жасау мақсатында енгізілмек. Оның айтуынша, жүргізуші куәлігін берерде барлық штаттардағы ахуал бірдей біркелкі емес екен. Сондықтан, федералдық талап нормасын еңгізу - дұрыс жол дейді Енгланд.

- Егер федералдық үкімет федералдық мақсат үшін қажет десе сондай норма талаптарына жауап беретін куәліктерді ғана мойындайды. Ал егер бірер штат әл-Қайда мүшесіне жүргізуші куәлігін берер болса, онда, әрине, үлкен мәселе туындайды, - дейді вашингтондық талдаушы.

Енгланд орталық үкіметтің азаматтарды бақылау мақсатындағы бұл шарасын қолдайды. Ал нағыз күәлік қауіпсіздікті күшейтуде бірыңғай нормаларды еңгізуге мүмкіндік берген болар еді дейді талдаушы.

Барлық азаматтарға бірдей стандартты заңға қарсыластар да табылады. Огайо мемлекеттік университетінен заң профессоры Петер Свайаның пікірінше, бұл заң бойынша АҚШ-тық барлық азаматтар жаңа ұлттық жеке куәлікті алып жүруі қажет болады. Ал жалпы американдықтар артықша құжат, қағаз алып жүруге онша құштар емес. Ондайды жек көреді.

- Жалпы әдет бойынша, Америкаға келетіндер жаңа өмірді бастап, еркін болуды қалайды. Бұл американдық арманның негізгі бір бөлігі. Еуропада болғанда көшеге жүгіруге шыққанда да паспорт алып жүру қажет бола ма, соны түсінбеймін. Ал Америкада ондай емес. Көлікке отырғанда ғана жүргізуші куәлігі талап етіледі. Ал өзге жағдайларда сізден әдетте ешқандай куәлік сұрамайды, - дейді профессор.

Свайаның пікірінше, жүргізуші құжатын федералдық нормаға сәйкестендіру, біріншіден, азаматтардың жеке тіршілік-өмірін бақылауға мүмкіндік береді. Екіншіден, ол құжатты ұры-қарылар өз қара мақсаттарына пайдаланып кетуі мүмкін.

Енді осы аптада, бұл куәлік жөніндегі жаңа заң АҚШ Сенатының мақұлдауынан өтуі қажет. Содан кейін ғана, президент Буш қол қойса, ол заң күшіне енбек.
XS
SM
MD
LG