Accessibility links

Оңтүстік Азияда қыз-келіншектер жиі зәбір-жапа шегеді


Гендерлік зорлық-зомбылық әлемнің барлық аймақтарында болып тұрады. Дегенмен Оңтүстік Азияның кейбір консервативтік қоғамдары осы уақытқа дейін тіпті бұл мәселеге проблема ретінде қарамайды екен. Сарапшылар Оңтүстік Азиядағы әйелдердің жағдайы алаңдаушылық туғызуда дейді.

Жақында 26-жасар келіншек Шефали Бегум бір көзін сатамын деп, Бангладештің бір жергілікті газетіне жарнама беріпті. Күйеуі тастап кеткен Шефали 2,5 жасар қызын асырау үшін осындай шешімге келіпті. Шефали “Рейтерс” агенттігіне берген сұхбатында:

- Маған көп ақшаның керегі жоқ, қызым мен өзімді бақсам болды. Мен бірнеше рет жұмыс іздеп көрдім, бірақ қызым кішкентай болғандықтан, ешкім маған жұмыс бермеді. Лажым болмай, қайыршылыққа да бардым. Бірақ жас болғаным үшін, адамдар маған бір тиін берген жоқ.

Оңтүстік Азияда Шефалиге ұқсаған миллиондаған келіншек зорлық-зомбылық көріп жатыр.

Ауғанстанның жаңа конституциясында ер адамдар мен әйел адамдардың тепе-теңдігі туралы жазылған. Бірақ іс жүзінде әйелдерге әлі де дискриминация жасалуда. Мысалы, мамырдың басында Бағлан провинциясының солтүстігінде бір көшенің шетінде 3 Ауған әйелдің мәйіттері табылған екен. Оларды зорлап-өлтірген адамдар басқа қыз-келіншектер көмек ұйымдарында жұмыс істемесін деп, қорқытып жазбахат қалдырып кетіпті.

Үндістанда құқық қорғаушылар мамырдың 4-нде мына бір сот шешіміне наразылық білдіріпті. Бір кісі қызды зорлағаны үшін сот “енді сол қызға үйленесін” деп шешім шығарыпты. Бірақ қыз жаңағы кісімен тұрмыс құрудан бас тартқан соң, сот зорлық-зомбылық көрсеткен ер адамға өмірлік түрме жазасын шығарған екен.

Пәкістанда да жақында 17-жасар қыз, егер үкімет оған зорлық-зомбылық көрсеткен кісілерден қорғамаса, онда “өзімді-өзім өлтіремін” депті. Пәкістан премьер-министрінің қыз-келіншектер мәселелері бойынша кеңесшісі Нилуфар Бахтиярдың айтуынша, Исламабад өзінің Қылмыстық кодексіндегі зорлық-зомбылық мәселелері бойынша баптарын қайта қарап шығуы тиіс.

Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету, соңынан оларды өлтіру – осындай оқиғалар Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыста жиі кездеседі. Құқық қорғаушылардың мәліметіне қарағанда, Пәкістанның өзінде ғана өткен жылдың алғашқы 9 айында 400-ден астам қыз-келіншек зорлап өлтірілген. Көп жағдайларда айыпталушылар ақталып шыққан немесе оларға жеңіл жаза шығарылған дейді құқық қорғаушылар.

БҰҰ-ның әйелдер мәселелері бойынша бұрынғы баяндаушысы Радика Кумарасуомидің атап көрсетуінше, заңдарды өзгерту оңай, бірақ әйелдерге деген көзқарасты өзгерту басқа мәселе.

- Қазір заңдар, бағдарламалар және стандарттар шығарылып жатыр. Бірақ бұлардың бәрі іс жүзінде аспай жатыр, - дейді Радика.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG