Accessibility links

Астанада бір күнде үш жерде наразылық жиындары өтті


Мамырдың 11-і күні Астанадағы Слободка шағын ауданының тұрғындары қалалық әкімшіліктің алдына жиналып, жаңа құрылыстар салу үшін құлатылған үйлеріне толыққанды өтемақы талап етті. Ал тағы бірнеше адам Астанадағы президент сарайының алдына және жиырма шақты адам Бас прократураның алдына шыққан.

Мамырдың 11-інде Астанадағы Слободка шағын ауданының қырық шақты тұрғыны Астана қаласы әкімдігінің алдында жаңа құрылыстар салу үшін құлатылған үйлеріне толыққанды өтемақы талап етті. Наразылық акциясын өткізушілердің алдына шыққан қала әкімі Өмірзақ Шүкеев бірден Слободкаға аттанып, жағдаймен сол жерде танысты. Ал қала әкімінің орынбасары Асылжан Мамытбеков тұрғындармен шұғыл жиналыс өткізді.

Ирина есімді шағымданушы әйелдің айтуынша, екі қабатты әсем үйінің әр шаршы метрін қалалық коммуналдық шаруашылық кәсіпорыны 35 мың теңге деп бағалаған. Әкімнің орынбасары мұндай баға болуы мүмкін емес дейді. Слободка тұрғыны Александр Чеклимов үш ай бұрын қаза тапқан. Ал Сарыарқа аудандық соты марқұмның үйді тез босатуын талап етіп, сырттай шешім шығарған екен. Қазақстан заңы бойынша қайтыс болған адамның заңды мұрагерінің құқығы қаза болғаннан кейін алты айдан соң күшіне енеді.

- Оның өліп қалғанын сот қайдан білсін, - дейді Астана қаласы әкімінің орынбасары Асылжан Мамытбеков.

Слободка шағын ауданындағы бес жүздей үйдің қазір 350-ін тұрғын үй салушы құрылыс компаниялары сатып алып, ондағы ескі үйлерді бұзған. 150 үйдің иесімен келіссөздер жүргізіліп жатыр екен. Соның бірі Жанат Қапеновтың айтуынша, өзі тиісті құжаттарын рәсімдеп жүрген кезінде оның үйін сот орындаушылары бұзып әкеткен көрінеді.

Астана қалалық сот әкімшілігі төрағасының орынбасары Асқар Естібаев болса, мамырдың 7-сінде сот орындаушылары өздеріне берілген тапсырманы орындағандықтарын айтады. Бірақ сол кезде үй иесі болмаған дейді ол.

- Соған байланысты пәтер иесі Жанат Қапенов сот орындаушыларының заңсыз әрекеті жөнінде сотқа шағымдануға құқылы, - деді сот өкілі А.Естібаев.

Бұл мәселенің мән-жайына қаныққан Астана қаласы әкімінің орынбасары Асылжан Мамытбеков:

- Бес жүз үйдің қалған жиырмасының иелері келіспеді екен деп Астананың бас жоспарын тоқтататып қоя алмаймыз. Қалған адамдар қалада жоқ үйдің бағасын сұрап отыр. Әр шаршы метрге 1200 доллардан 2300 долларға дейін сұрап отырғандар бар, - дейді.

Астана қалалық сот әкімшілігі төрағасының орынбасары Асқар Естібаев болса, осы қарсылық акциясына шығушылармен келсісөз және сот үрдістері аяқталғанға дейін олардың пәтерін бұзбайтындықтарын мәлімдеді. Сарапшы, заңгер Жақсылық Ерғалиевтің айтуынша, қала әкімдігі мен тұрғындардың бұл мәселеге қатысты осыған дейін өткен басқосуында жердің нақты бағасын анықтау мәселесі назардан тыс қалған.

Өйткені, қалалық коммуналдық кәсіпорны мамандары әр шаршы метрдің құнын 1950-2300 теңге көлемінде бағаласа, ал сауда өнеркәсіп палатасының мамандары әр шаршы метрдің құнын 65 доллардан бағалап отырған көрінеді. Осы жөнінде екіұдай пікір көп.

Қала әкімінің орынбасары Асылжан Мамытбеков мәселені тұрғындардың қалалық әкімшіліктің алдына шықпай-ақ шешуге болатын еді деген пікірде. Бір айта кетерлігі, қалалық әкімшілік алдында болған наразылық жиынымен бір уақытта бір топ адам мамырдың 11-күні Астанадағы Қазақстанның бас прокуратурасы ғимараты алдына, тағы бірнеше адам Есілдің сол жағалауындағы Қазақстан президентінің резиденциясы алдында бой көрсетіп, аталған мемлекеттік орындардан өздерінің құқығын қорғауға араласуын талап еткен.

Бас прокуратураның алдына шыққан 20 әйел Қазақ экономикалық университеті жатақханасының жеке меншікке өтуіне наразылық білдірсе, Президент сарайы алдына шыққан 5 адам өздерін Президенттің қабылдауын талап еткен. Олар өздерінің үстінен қозғалған сот ісіне Президентті араластырып, әділдікке жетпек болған.
XS
SM
MD
LG