Accessibility links

Өзбекстанда жүздеген адам наразылық білдірді


Өзбекстанның Әндіжан қаласында жүздеген адам заңсыз Исламшыл тобына мүше болған деген күдікпен тұтқынға алынған 23 адамның сотына байланысты өз қарсылықтарын білдіріп, көшеге шықты.

Сейсенбі күні өткен бұл шара - аймақтағы ең үлкен бейбіт наразылық акция дейді бақылаушылар. Хабарларға қарағанда, 23 адамға тағылған айыптар күмәнді. Үкімет оларды қаупсіздікті бұзды деп айыптаса, ал олардың қолдаушылары болса бұл айыптардың саяси және экономикалық астары бар дейді.

Сотталып жатқан 23 адамның бәріне Өзбекстанда заңсыз деп саналатын Исламшыл Хизб ут-Тахрир партиясынан бөлініп кеткен “Акрамия” тобына мүше болған деген айыптар тағылған. Олар, сондай-ақ, олар үкіметті құлатуды және діни әкстремизмді алға тартуды көздеді деген айыптармен сотталып отыр.

Сейсенбі күні Өзбекстанның шығысындағы Әндіжан қаласында сот басталысымен, сотталушылардың жүздеген қолдаушысы наразылық білдіріп, сот ғимаратының жанында жиналды. Наразылық танытушылар өздерімен бірге тамағын, суын және орындықтарын алып келген. Полиция қызметкерлері бұл қарсылық шара туралы білген, бірақ оған араласпаған.

Әндіжандағы құқық қорғаушы Лутфулла Шамсиддинов Азаттық радиосына берген сұхбатында наразылық акциясы бейбіт түрде өтті деді.

- 23 сотталушының туыстары, көршілері, достары және әріптестері сот ғимаратының жанында жиналып, қарап тұрды, - дейді Шамсиддинов.

Наразылық танытушылар, құқық қорғаушылар және айыпталушылардың атап көрсетуінше, оларға тағылған айыптар негізсіз. Олар 23 айыпталушының көбі бұдан бұрын Акрамия тобы туралы ешнәрсе білмеген дейді. Бізді қинап, аталған топқа мүше болдық деуге мәжбүр етті дейді айыпталушылар. Солардың бірі Мадамин Бобомирзаев:

- Олар маған куә ретінде қол қой деп құжат берді. Мен бірінші ол қағазды оқып шығуым керек дедім, бірақ оны оқытқызған жоқ. Олар мені тепкіледі, ұрды, қинады, кейін мен қол қоюға мәжбүр болдым. Сот басталар кезде ғана мен құжаттарды оқыдым. Мен сонда ғана “Акрамия” мен маған тағылған айыптар туралы құжатқа қол қойғызғанын түсіндім, - дейді.

Өзбекстандағы тәуелсіз құқық қорғау ұйымының төрағасы Талиб Яқубовтың пікірінше, Өзбекстанда ешқандай “Акрамия” ұйымы жоқ. Азаттық радиосына берген сұхбатында Яқубов үкіметтегілер Исламшыл экстремизмге қатысы бар деген айыптарды сылтауратып, өзгеше ойлайтындарды жоюға әрекет жасайды деді.

- Олар енді Акрамия дегенді тауып алды. Өзбекстанда Акрамия дегеннің өзі жоқ. Бұдан бұрын Уаххаби дегенді айтушы еді, кейін Хизб ут-Тахрир туралы сөз болды, одан кейін Жамоати Таблиғ ұйымына мүше болған деген айыптармен бірнеше адамды түрмеге отырғызды. Ал енді Акрамияны ойлап тапты. Олар тағы да жаңа атты табатына сенімдімін. Міне қазір Өзбекстанда осындай жағдай қалыптасқан, - дейді Яқубов.

Дегенмен, құқық қорғаушылардың айтуынша, Әндіжандағы оқиғалардың саяси ғана емес сондай-ақ экономикалық астары болуы мүмкін. Құқық қорғаушы Шамсуддиновтің мәліметіне қарағанда, сотталып жатқандардың бәрі кәсіпкерлер екен. Олар қайырымдылық қорын ашқан.

- Сотталып жатқан 23 адамды экстремистер немесе Акрамияның мүшелері деп атау дұрыс емес. Олар кәсіпкерлер. Сонымен қатар, олар мұсылмандық парызын орындап, намаз оқиды. Олардың жақсы қасиеттері көп. Олар заңды түрде мектептерге, жетім-балалар үйіне, бақшаларға қайрымдылық ретінде 20-мың доллар ақша өткізген, - дейді Шамсутдинов.

Айыпталушылардың бірі – Мамуржон Құрбановтың айтуынша, сотталып жатқандардың мүліктері тәркіленген. Осы оқиғаға орай, Өзбекстанның ресми діни өкілдері түсініктеме беруге бас тартты, бірақ Өзбекстанда “Акрамия” ұйымына мүше болу заңсыз деді.
XS
SM
MD
LG