Accessibility links

Ауғанстанда АҚШ-қа қарсы шерулер өтіп жатыр


Гуантанамода қасиетті Құран аяқасты етілді деген хабарларға байланысты Ауғанстанда антиамерикалық наразылық шерулері жалғасып жатыр.

Осы аптада Гуантанамо базасындағы тұтқындардан жауап алу кезінде мұсылмандардың қасиетті Құран кітабы арамдалып, аяқасты болды деген хабарлар тарағаннан кейін, Ауғанстанда Америкаға қарсы наразылықтар өріс алған еді. Жұма күні Ауғанстанның солтүстік-шығысында жалғасқан қарсылықтар кезінде кемінде үш адам өліп, 21 кісі жараланған.

Бейсенбіде АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс әскери тексерушілердің бұл істі зерттеп-тергеп жатқандығын, Құранды аяқасты етіп, қорлағандар анықталса, олар тиісті жазасын алады деп уәде еткен еді.

Ауғанстанның 10 провинциясында үш күннен бері болып жатқан Америкаға қарсы наразылық шерулерінде барлығы 10 адам опат болған. Жұма күнгі қарсылық қимылдары Бадахшам аймағында орын алды. Бадахшам губернаторының орынбасары Шамсолрахман Шамс шерушілер провинсия полициясына шабуыл жасады деп айтқан:

- Жұма намазынан кейін адамдар Бахарак ауданында шеру бастады. Қақтығыстар кезінде үш адам өліп, тағы 21 кісі жарақат алды. Намаздан кейін олар полицияға шабуылдады, сөйтіп үш полиция жараланды. Олардың арасында қаруланған адамдар болды.

Талибан жүйесі құлатылған үш жылдан бергі уақыттың ішінде алғаш рет Ауғанстанда осы аптада анти-американдық шерулер мен акциялар кең етек алды.

Ауғанстанның ішкі істер министрі Жалалабад қаласында басып-жаншылып, таратылған шерулерге қатысты тергеу-тексерулер жүргізіліп жатыр деп айтқан бейсенбі күні. Ауған билігі бұндай толқулардың қозғаушы күші- үкіметке қарсы кейбір топтар мен фундаменталист саяси партиялар, бұрынғы Талибан үкіметінің қалдықатры болуы мүмкін деп мәлімдеген.

Ауғанстанның адам хұқтары жөніндегі тәуелсіз комиссияның жетекшісі Жандад Спингардың жергілікті билік басындағылар мұндай наразылық шерулерін Ауғанстанның орталық үкіметіне және олардың американдық қолдаушыларына қарсы алдағы парламент сайлауы алдында өз мүдделеріне пайдаланып отыруы да мүмкін деген пікірін келтірген ''New-York times'' басылымы. Ауғанстанда парламент сайлауы қыркүйек айында өтуі тиіс.

АҚШ-ң Ауғанстандағы бұрынғы елшісі Залмай Халилзад бұл толқулардың сыртында Ауғанстанда тыныштық пен тұрақтылық орнауына қарсы адамдар тұрған болуы керек деген Азаттық радиосының Ауғанстан қызметіне берген интервьюінде:

- Ауғанстанда үлкен жиын болып, онда Ауғанстан өз аяғынан тұрып кеткенше, ұзақ уақытқа дейін Ауған мен АҚШ ынтымақтастығын қолдауға шақырылған болатын. Мұндағы жайт, тура осындай маңызды мәселе талқыланып жатқан уақытта Ауғанстан жаулары ел ішінде қиын проблемалар туғызып, адамдарды адамдарға қарсы пайдаланғысы келеді, - деп атап көрсеткен.

Бақылаушылар Ауғанстанда АҚШ күштерінің болуы да тұрғындар арасындағы көңіл-күйге әсер ететін жайлардың бірі дейді. Бұл күндері Европа сапарында жүрген Ауғанстан президенті Хамид Қарзай бейсенбіде Брюсселдегі баспасөз-мәслихатында бұл Гуантанамо туралы берілген хабарларға жүздеген студенттің танытқан наразылықтары, Ауғанстан қазір демократиялық ел, оның адамдары өз ойларын, келіспеушіліктерін еркін білдіре алады деген болатын.

Жұма күні өздерін "Қабул университеті студенттерінің қозғалысы" деп атаған ұйымның бір топ студенттері бұл оқиғалардан бойларын аулақ салып, Жалалабад пен Қабулдағы шерулер өз жеке саясаттарын жүзеге асырғысы келетіндердің ұйымдастырып отырған істері дегенді айтты. Қозғалыс мүшесі Мохаммед Ассиф Назара былай дейді:

- Қабулда болсын, Жалалабадта болсын өріс алған шерулерде студенттер құрал ретінде пайдаланылды. Құран тек қана ауған адамдарының және ауған студенттерінің қасиетті дүниесі емес, ол бүкіл мұсылман қауымына ортақ, бірақ олар бұл мәселені үнсіз қалдырды ғой. Бұның мәнісі - шеурлер Ауғанстан саясатымен байланысты, университет соның жемтігі болып отыр дегенге саяды.

Рейтер агенттігі жұма күні Ауғанстанның дінбасылары намазға жиналғандарды американдық тергеушілер Гуантанамо түрмесінде Құран кітабын қорлап, аяқасты етті деп күдіктелгенге қарсы акцияларды қолдауға, бірақ қақтығыстарға жол бермеуге, оны болдырмауға шақырды деп хабарлады. Ауғанстан ресми билігінің өкілдері ел ішінде орын алған соңғы оқиғаларға орай пікір білдіре қоймаған.

Қасиетті Құран кітабы арамдалды деген хабарларға байланысты наразылық қимылдары жұма күні басқа да елдерде де орын алды. Исламабадта шағын топ наразылық жиынына шыққан. Жаңалықтар агенттіктерінің хабарлауынша, Газа секторындағы босқындар лагерінде палестиндіктер де шерулер өткізген. Мұсылман тұрғындарының саны жағынан ең көп - Индонезия мешітінде де бейбіт шерулер болған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG