Accessibility links

«Заңсыз сотталғандар» президенттен әділеттілік күтеді


Өздерін «Заңсыз сотталғандар» деп атайтындар тобы соттардың әділетсіздігіне, заң органдары жағынан көрсетілген қысымға наразылығын айтып, президент Назарбаевқа тапсырған шағымға жауап күтеді.

Өздерін «Заңсыз сотталғандар» деп атайтындар тобының жетекшісі Валерий Карпусевичтің айтуынша, топ мүшелері бір жылдың ішінде 34-тен 48-ге жеткен. Оларға соғыс ардагерлері де қосылыпты.

Негізінен олар соттардың әділетсіздігіне, құжаттардың жасанды түрде өзгеруіне, құқық қорғау органдары жағынан көрсетілген қысымға наразы. Топтың бір мүшесі 1-мамыр мерекесін тойлау кезінде күзетшілерден сытылып өтіп, арыз-шағымдарын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына тигізіп үлгеріпті. Содан бері мемлекет басшысынан жауап күтіп жүрген көрінеді.

Бүгін «Заңсыз сотталғандар» тобына соғыс ардагері Рудный қаласының тұрғыны Мария Алексеюк қосылды. Оның айтуынша, билік оған орден бермей отыр. Соның кесірінен ол көптеген жеңілдіктерге қол жеткізе алмай келеді.

Шағымданушының сөзіне сүйенсек, наразылық білдіре бастағалы оның өмірінде өзгерістер бола бастады. Ардагер Мария Алексеюктің айтуынша, жергілікті коммуналды қызметтер аяқ астынан оның пәтерін газдан және электр қуатынан ағытып тастаған.

Осы оқиғалардың барлығын шағымданушы өзінің наразылықтарымен байланыстырып отыр. Ал, Қазақстан президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Жабайхан Әбділдинің айтуынша, сот шешіміне қанағаттанбайтындар ішінде айтқандарынан қайтпайтындар көп:

- 10 жыл бойы жүргендер бар. Тисе терекке, тимесе бұтаққа деп, жаза береді. Сот әділ шешім шығарған десекте.

Өзін осы топтың үйлестірушісі деп таныстырған Валерий Карпусевичтің мәліметінше, олардың қолдарында барлық деңгейдегі прокуратура жұмыскерлерінің және көптеген басқа да мекеме шенеуніктерінің кәсіби төмендігін дәлелдейтін құжаттары бар. Бас прокуратураның баспасөз хатшысы Сәулебек Жәмкеновтың айтуынша, аталмыш топ мүшелеріне жауап берілген.

- Біз оларға жауап бергенбіз.

Шағымданушылар прокуратура, ішкі істер министрлігі және басқа да органдарға сенімі таусылған соң, тек президенттен үміт күтіп отыр. 1 мамырда мереке тойланып жатқан кезде «Заңсыз сотталғандар» тобының бір өкілі президенттің күзет қызметін айналып өтіп, Нұрсұлтан Назарбаевқа шағымдарын беріп үлгірген дейді осы топтың мүшесі Айман Тоқаева:

- Әр облыстан жиналғандар прокуратура, президент әкімшілігі тексерулерінен өтседе олардан заңды түрде нәтиже ала алмай отыр. Заңсыздық туралы құжаттарымыз болсада, олар көздерін жұмып, жүргізіп қойды. Енді, жауапты Назарбаевтан күтеміз.

Шағымданушылардың сот шешімдеріне қанағаттанбай отырған істері әр түрлі. Олардың бір тобы Астанадағы құрылыс компаниясының шешіміне наразы. Құрылыс компаниясына берілген аумақтың ортасында қалған 8 адамнан тұратын жанұя мүшелері біздің үйді қирататын болса, орнына Астанадан пәтер алуға жететін қаражат беріңдер деген талап қойған. Қазақстан президенті жанындағы Адам құқытары жөніндегі комиссия төрағасы Жабайхан Әбділдинің айтуынша, комиссия тек құзырлы органдарға нұсқау беруге құқылы:

- Өздеріміз тексеруге құқымыз жоқ. Біз тексеріңдер деп айта аламыз.

«Заңсыз сотталғандар» тобының мүшесі Айман Тоқаеваның айтуынша, енді олар тек президенттен жауап күтіп отыр:

- Бірнеше жыл бойы біздің тағдырымыз заң бойынша шешілмей келе жатыр. Президенттен сұрайтынымыз бізден бірнеше адамды қабылдап, мәселемізді шешіп берсе екен деген ойдамыз.

Бас прокуратураның баспасөз хатшысы Сәулебек Жәмкеновтың айтуынша, сот шешімін бұзуға болады, бірақ, оған негіз керек.

- Дұрыс емес шешім болса, оған арыз жазылады, сот шешімі бұзылады. Бірақ, көбінесе күмәнды сауалдар береді. Әрине, сот шешіміне бір жақ разы болады, ал, разы болмаған жақ арыз жазады.

«Заңсыз сотталғандар» тобының мүшесі Айман Тоқаева «шағым айта бастағалы бізді аңдитындар көбейген және оған құжаттардың сыртында, сөзімізді айғақтайтын дыбыс және бейне таспаларымыз бар» дейді.
XS
SM
MD
LG